Қазақстан Халық Кеңесінің міндеті қандай болмақ?

Қазақстан Халық Кеңесінің міндеті қандай болмақ?
Фото: Ақорда

2026 жылы қабылданған жаңа Конституцияда Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттің конституциялық құрылымындағы жаңа институт ретінде бекітілді. Ол Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде жұмыс істейді. Кеңестің негізгі міндеті – қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етіп, азаматтардың ұсыныстары мен қоғамдық бастамаларды мемлекеттік саясатпен байланыстыру.

Кеңес не үшін құрылады?

Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі жаңа Конституцияның 70-бабында айқындалған. Құжатқа сәйкес, Кеңес – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның құрамы Қазақстан азаматтарының арасынан қалыптастырылады, ал құрылу тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері арнайы конституциялық заңмен белгіленеді. 

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң 2026 жылғы 5 маусымда қабылданды және 1 шілдеден бастап күшіне енді. Құжат Кеңестің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, құрамын қалыптастыру тәртібін және жұмыс істеу қағидаларын нақтылайды. 

Ақорда мәліметінше, Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны іске асыруға консультативтік тұрғыдан қатысу арқылы Қазақстан халқының мүддесін білдіру. Яғни жаңа органның басты ерекшелігі – оның мемлекеттік биліктің жеке тармағы ретінде емес, қоғам мен мемлекет арасындағы диалог алаңы ретінде жұмыс істеуінде.

Ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлейді

Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі міндеттерінің бірі – елдің ішкі саясатының маңызды бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.

Бұл Кеңеске қоғамда көтерілген мәселелерді талқылап, олар бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныс беруге мүмкіндік береді. Осы арқылы азаматтардың пікірі мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне жеткізілетін тұрақты тетік қалыптастыру көзделіп отыр. 

Осы тұрғыдан алғанда, Кеңес қоғамдық пікірді жинақтап қана қоймай, оны нақты ұсыныстарға айналдыратын институт болуы тиіс.

Заң шығару процесіне қатысады

Қазақстан Халық Кеңесіне заңнамалық бастама құқығы да берілген. Бұл дегеніміз – Кеңес белгілі бір мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлеу және оларды Құрылтайдың қарауына енгізу бастамасын көтере алады. Мұндай мүмкіндік азаматтық қоғамның заң шығару процесіне қатысу тетіктерін кеңейтеді. 

Сонымен қатар Кеңес жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы. Бұл өкілеттік қоғамдық маңызы бар мәселелерді халықтың тікелей талқылауына шығару мүмкіндігін күшейтеді.

Қоғамдық талқылаулар мен бақылауға қатысады

Кеңес қызметінің тағы бір бағыты – қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауға қатысу.

Осы арқылы әлеуметтік, саяси және қоғамдық маңызы бар мәселелерді кеңінен талқылауға жағдай жасалады. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты күшейту де Кеңестің негізгі міндеттерінің бірі болмақ. 

Бұл ретте Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктері консультативтік және бастамашылық сипатта болады. Яғни Кеңес мемлекеттік органдардың орнына шешім қабылдамайды, керісінше мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ұсыныс береді және қоғамдық пікірді білдіреді.

Қазақстан Халық Кеңесі кімдерді біріктіреді?

Конституцияда Кеңес құрамы Қазақстан азаматтарының арасынан қалыптастырылатыны көрсетілген. 

Арнайы конституциялық заңда оның құрылымы мен мүшелерінің өкілеттіктері нақтыланған. Осы арқылы түрлі қоғамдық топтар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірін мемлекеттік деңгейдегі талқылауға жеткізу көзделеді.

Жаңа институттың маңызды міндеттерінің бірі – қоғамдағы әртүрлі пікірлерді ортақ мүдде төңірегінде тоғыстыру. Бұл әсіресе әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту тұрғысынан маңызды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырады

Қазақстан Халық Кеңесіне халықаралық маңызы бар бірқатар міндет те жүктеледі. Соның бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру және өткізу.

Бұл бағыт Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға бағытталған бастамаларын жалғастыруға мүмкіндік береді. (Ernur)

Жаңа институттың маңызы қандай?

Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жаңа Конституцияда белгіленген мемлекеттік басқару моделіндегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде қарастырылады.

Кеңестің негізгі миссиясы – қоғамдық бастамаларды мемлекеттік шешімдер мен заңнамалық ұсыныстарға айналдыруға мүмкіндік беретін тұрақты механизм қалыптастыру.

Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесі азаматтардың пікірін мемлекеттік саясатқа жеткізетін, ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлейтін, заң шығару процесіне бастамашылық жасайтын және қоғамдық диалогты дамытатын жоғары консультативтік орган ретінде жұмыс істемек.

Ең бастысы, Кеңестің тиімділігі оның заңда белгіленген өкілеттіктерін қаншалықты нәтижелі жүзеге асыра алатынына байланысты болады. Егер қоғамдық ұсыныстар нақты шешімдерге айналып, азаматтардың пікірі мемлекеттік саясатта ескерілсе, жаңа институт қоғам мен билік арасындағы байланыстың маңызды тетігіне айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз