Жаңалықтар

Қазақстан халқының 15% кедей санатында – депутат

Мұқтаж әр отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы қажет
Қазақстан халқының 15% кедей санатында – депутат
Фото: vk.com 05.12.2022 14:05 1295
Қазақстанда кедейлікті өлшеудің көпөлшемді моделін енгізіп, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда нақты қанша адам көмекке шынымен мұқтаж екенін анықтау қиын. Себебі статистика деректері әртүрлі.
 
"Біз әлі күнге дейін кедейлікті жеңе алмай келеміз. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан халқының 15%-і – кедей. Алайда ресми статистика азаматтардың 5,1%-інің табысы күнкөріс деңгейінен төмен екенін көрсетіп отыр. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасын таныстыру барысында өз тұрмысын "өте ауыр" деген отбасылардың үлесі 15 пайыз екенін айтады. Мұндай әртүрлі деректер мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді", - дейді Нұрманбетова мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Депутат кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан халықты әлеуметтік қолдау шараларының бірі атаулы әлеуметтік көмек екенін атап өтті. Алайда, Нұрманбетованың айтуынша, Әлеуметтік кодексте атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жолдары қатты өзгеріске ұшырамаған.
 
"Соңғы жылдары көптеген ел кедейлік деңгейін анықтаған кезде кедейліктің көпөлшемді моделін қолдануға тырысып жатыр. Яғни бұл адамдардың денсаулық сақтау, білім беру қызметтеріне қолжетімділігі, өз баспанасы мен тұрақты табысының болуы. Сол себепті еңбек министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіруді кедейліктің көпөлшемді моделін ескере отырып жалғастырғаны дұрыс деп санаймыз. Ең бастысы, көмекке мұқтаж әр отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы қажет", - деді депутат.
 
Бұл үшін әр отбасымен жеке жұмыс істеу керек. Цифрлық картаның деректері бойынша республикада мұндай 1,2 миллион отбасы бар, деп түйіндеді сөзін Нұрманбетова.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға