Жаңалықтар

Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша Орталық Азияда бірінші орында

Гендерлік теңдік индексі бойынша Қазақстан 146 мемлекеттің ішінде 80 орыннан 65 орынға көтерілді
Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша Орталық Азияда бірінші орында
Фото: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 17.11.2022 16:12 1880

Әлемде өзекті мәселелердің бірі – гендерлік теңдік тақырыбы. Бүгінде отбасылық зорлық-зомбылық пен әйел теңдігі және еркіндігі, баланың бақыты туралы мәселелер белсенді талқылануда.  

Елордада «Қазақстанның жаңа даму сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» бойынша гендерлік теңдік мәселесі, отбасындағы ана мен баланың рөлі жөніндегі халықаралық конференция өтуде. Онда халықаралық сарапшылар мен осы саланың мамандары бас қосты.  

«Биыл Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымының мүшелігіне қабылданғанына 30 жыл толды. Ұйымға кіргеннен бері  еліміз сенімді серіктес және отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті нығайту жөніндегі жаһандық және аймақтық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде өзін көрсетті. БҰҰ-ның Бас ассамблеясында да гендерлік теңдік пен отбасылық құндылық мәселесі белсенді көтеріледі және онда Қазақстанның да өзіндік атқарып жатқан рөлі мен қызметі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Биыл балаларға арналған жобалар мен орталықтардың жұмысы белсенділік танытты. Биылғы жылдан бастап 2030 жылға дейін Қазақстанда гендерлік теңдік тенденциясы бір жолға қою қызметі жүзеге асырылады. Отбасы саясаты бойынша арнайы орталықтар мен мекемелердің қызметі артады», – деді ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева.  

Қазақстан гендерлік теңдіктегі әйелдердің белсенділігі бойынша Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы ел. Бұл көрсеткішпен жылдар бойы күресіп жатқан елдер де бар.

«Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымына мүшесі болған күннен бастап бақытты отбасының негізін көбейту, әйел теңдігі, баланың еркіндігі жөнінде көптеген мәселелерді қозғап, оларды шешу үшін жұмыс істеді. Қоғамдағы гендерлік сауаттылықты арттыру үшін түрлі жобаларды жүзеге асырды. Осы орайда, Қазақстан 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекітті. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі отбасылық гендерлік жобаларын ашу  жұмыстары жүргізілуде. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің әйелдер құқығы оның ішіндегі әйелдердің теңдігі жөнінде бастамаларды жасады», – деді Швецариядағы БҰҰ бөлімшесінің директоры Татьяна Валовая. 

Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша Орталық Азияда бірінші орында

Конференцияда ҚР Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып кеткендей, Қазақстан соңғы 3 жылда демографиялық өсім бойынша рекорд орнатты. Осы жылдар ішінде 1,5 млн сәби дүние есігін ашқан.

«Бүгінде Қазақстанда демографиялық өсімнің қарқынды екенін байқап отырмыз. Биыл Дүниежүзілік экономикалық форумның статистикасына жүгінсек, гендерлік теңдік индексі бойынша Қазақстан 146 мемлекеттің ішінде 80 орыннан 65 орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орында, ТМД бойынша 4 орында. Қазақстан үшін бұл өте үлкен көрсеткіш», – деді «БҰҰ әйелдер» Қазақстандағы құрылымының өкілі Мария Доценко.

Осы айда БҰҰ әйелдер мен Ұлттық комиссия бірлесіп Қазақстанның барлық өңірінен 25 әйелге көшбасшылықты дамыту тренингтері өткізілді. Сонымен қатар, биылғы Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына 2 әйел кандидат қатысып жатыр. Келесі жылы да парламенттік сайлауға әйелдер белсенді қатысады. Билік басынан әйелдерді де жиі көретін боламыз. Бұл қоғамдағы әйелдердің рөлі артып келе жатқанын көрінісі екенін атап өтті.   

«25 қараша – Дүниежүзіндегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан сақтау күні. Бұл әлемнің көптеген елінде кездесетін өзекті мәселенің бірі. Сондықтан бұны бей-жай қалдырмай әйелдермен байланыса отырып, отбасындағы әйе бақытын дәріптеуде мамандар жұмыс істейді. БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде әлемде 1,3 миллиард адам сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған. Әрбір үшінші әйел өмірінде физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Көшеде, үйде, жұмыста немесе әлеуметтік желіде болсын кез келген адамға зорлық-зомбылық қаупі төнетін әлемге айналды. Гендерлік зорлық-зомбылықты тек бірлесіп жоюға болады. Сондықтан мен Қазақстан халқын зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеуге, зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсетуге және басына қиындық түссе, үндемей қалмай, ашық айтуға шақырамын», – деді «БҰҰ әйелдер» Қазақстандағы құрылымының өкілі Мария Доценко.

«БҰҰ-әйелдер» ұйымы Қазақстандағы гендерлік теңдікке және әйелдердің құқықтарын кеңейтуге қол жеткізуде ұлттық серіктестерге жан-жақты қолдау көрсетуде.

Қазіргі таңда БҰҰ гендерлік сауаттылық бойынша білім беру жұмыстарын бастады. бұл бірқатар мемлекеттерде ерте кезден қолға алынған.

Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша Орталық Азияда бірінші орында

2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдеріндегі (бұл тізімге Қазақстан да кіреді) зорлық-зомбылық және жарақаттану мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша 5-14 жас аралығындағы балалардың өлімінің үштен 3/1-не және 15-29 жас аралығындағы жастардың өліміне зорлық-зомбылық себепші болған. Бұл тым үлкен көрсеткіш. Сондықтан балаларды қорғау мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр.

«Қазақстанда 2021 жылы сыртқы себептерден 870 бала қайтыс болды. Егер есеп жүргізсек, күн сайын 3 қайғылы оқиғаның дерегі тіркеледі. Сондықтан балалармн мектеп пен балабақшадан бастап қауіпсіздік техникасы, жүріп-тұру қағидасы мен ережелерімен таныстырып отырады. Дегенмен бұл көп жағдайда іс-жүзінде жүзеге аспай жатады. Мен өзім ата-аналар мен ересектерге балалар қауіпсіздігі мен дамуының негіздерін үйрететін осындай кәсіби мамандардың бірімін. Былтыр пікірлестер тобын құрып біз отбасыларға арнаулы қоғамдық орындарға «Құлыншақ»  атты жаңа меймандық стандартты әзірледік. Сонымен қатар әріптестермен бірге «Қолжетімді Қазақстан» атты цифрлық картасын әзірледік. Сол картада әртүрлі халық санаттары үшін, оның ішінде кішкентай балалары бар отбасылар үшін қолжетімді инфрақұрылымы бар объектілер көрсетілген. Осы стартап 2021 жылы Халықаралық цифрлық қоғамдық игілік мәртебесіне ие болды және қазір әлемнің барлық елдері үшін жаһандық қолдануға ұсынылып отыр», – деді ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын.

Динара Құсайын «Salem, родители!» кітабының авторы, «Amansabi.kz» балалар қауіпсіздігі жөніндегі жобаның авторы. Еліміздегі ана мен баланың құқығын қорғау бойынша белсенділердің бірі. 

2019 жылы елімізде «Бақытты отбасы» орталықтары ашылып, қиын жағдайға түскен аналарға көмектесе бастады. Орталық Қазақстанның әр өңірінде жұмыс істейді. Отбасыға көмекпен қатар, психологиялық тренинг жұмыстары да қарастырылды.

«Биыл Ұлттық комиссия мүшелерімен бірге 8 өңірдегі орталықты аралап, жұмыс нәтижесін сараладық. Орталықтың көмегімен кәсіппен айналысып, жұмыс істеп, білімі мен тәжірибесін жетілдірген қыз-келіншектердің саны артты. Отбасы бақытты болу үшін анаға ғана емес, әкеге де мүмкіндіктер беруіміз керек. Сондықтан қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп отбасын түпкілікті қолдау бойынша тұжырымдама дайындап жатырмыз. Ол келесі жылдан бастап жүзеге асырылады деген жоспарымыз бар», – деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография комиссиясының мүшесі Назипа Шанаи.

Әйелдер мен қыздарды кемсіту бойынша Швецариялық БҰҰ жұмыс тобының мүшесі, адам құқықтарын қорғау бойынша сарапшы Мелисса Упрети: «Қазақстан гендерлік теңдік тенденциясында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның берген есебіне назар аударсақ, елде өңірлердегі зорлық-зомбылық деректерімен күрес оң нәтиже көрсетуде. Қоғамда әйелдің рөлі мен құқығы тең сақталғандығы бақыладық».  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға