Жаңалықтар

Қазақстан Еуропалық Одақпен өзара сауда аясын кеңейтуді көздейді

Қазақстан Еуропалық Одақпен өзара сауда аясын кеңейтуді көздейді
Фото: primeminister.kz 03.06.2023 11:21 455

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Марос Шефчович Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үкімет басшысы Қазақстан Еуропалық Одақпен инвестициялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және өзара сауданы әртараптандыруға мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар соңғы жылдары аса маңызды шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі де өзекті екенін де атады.

Құжат экономиканың нақты секторларындағы әріптестігімізді нығайту бойынша нақты шараларды көздейді, оның негізгі элементі «жасыл» технологияларды енгізу болып табылады. Бұл осы саладағы ортақ мақсаттарымызды жүзеге асыруға қосымша серпін беретіні сөзсіз, - деді Премьер-Министр.

Марош Шефчович Еуропалық Одақтың бұған дейін қол жеткізілген барлық уағдаластықты жүзеге асыруды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. 

Менің республикаға сапарым Еуропалық Одақта Қазақстанды аса маңызды стратегиялық серіктес ретінде көретінімізді дәлелдейді. Біз өзара тауар айналымының артқанына қуаныштымыз және сіздің елдегі ең ірі инвесторлардың бірі болғанымызды мақтаныш тұтамыз. Менің сапарымда сіздердің министрлеріңізбен кездесулердің барлығы сәтті өтті. Біз бірлесе жұмыс істеуге болатын ортақ жобаларды талқыладық. Барынша тығыз ынтымақтастықты әрі қарай нығайту – біздің күн тәртібімізде тұрған негізгі мәселелердің бірі, - деді Марош Шефчович.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға