Жаңалықтар

Қазақстан елшісі ШЫҰ Бас хатшысымен кездесті

Қазақстан елшісі ШЫҰ Бас хатшысымен кездесті
Фото: ҚР СІМ 02.09.2023 19:31 733

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Чжан Минмен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ мәліметінше, кездесу барысында ШЫҰ-ның негізгі органдарының алдағы отырыстарына дайындық мәселелері және ұйымдағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтары талқыланды.

Қазақстан елшісі 2023 жылғы 4 шілдеде өткен ШЫҰ саммиті барысында мүше мемлекеттер басшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйым қызметін жетілдіру, сондай-ақ ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу және қабылдау жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударды. Ш. Нұрышев Қазақстан төрағалық етуші мемлекет ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ШЫҰ күн тәртібін ілгерілетуді жалғастыратынын атап өтті.

Өз кезегінде, Бас хатшы Чжан Мин қазақстандық тараптың ШЫҰ-ның қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтіп, Қазақстанның
ШЫҰ-ға төрағалығының 2023-2024 жылдарға арналған негізгі іс-шаралар Жоспарын, сондай-ақ ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігінің, ШЫҰ Хатшылығының және ШЫҰ-ның тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі Қытай комитеті бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруда тығыз өзара іс-қимылға дайын екенін мәлімдеді.

Бас хатшы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы шілдеде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында ұсынған бастамаларын жоғары бағалап, бұл ұйымның халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ қызметінің түрлі мәселелері бойынша тығыз байланыста болуға келісті.

Қазақстан Республикасы 2023 жылғы 5 шілдеден бастап Қазақстан аумағында ШЫҰ-ның кезекті Саммиті өткізілгенге дейін бір жыл мерзімге Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға