Жаңалықтар

Қазақстан елшісі Аустрияның Федералдық Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Сондай-ақ тараптар екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделі
Қазақстан елшісі Аустрияның Федералдық Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды
Фото: Сыртқы істер министрлігі 13.01.2023 01:20 622

Қазақстан елшісі Әлібек Бақаев Хофбург сарайында Аустрия Республикасының Федералдық Президенті Александр Ван дер Белленге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін өткен кездесу барысында Елші Федералдық Президентке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстанның Аустриямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән беретінін хабарлады.

Сондай-ақ, Ә. Бақаев Мемлекет басшысы атынан А. Ван дер Белленге 2023 жылғы 8-9 маусымда Қазақстанның елордасында өтетін Астана халықаралық форумына шақыруды табыс етті.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен, сондай-ақ өзекті сыртқы саясатпен таныстырды.

Өз кезегінде, Федералдық Президент Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевқа жылы тілектерін жолдап, Қазақстанды Аустрияның маңызды әрі сенімді әріптесі ретінде қарастырып, Венаның тығыз және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін атап өтті.

Тараптардың өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейту мен тереңдетуге өзара мүдделілігі атап өтілді.

Кездесу соңында Аустрия Президенті Елшіні қызметінің ресми басталуымен құттықтап, екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ісіне табыс тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға