Дзюдодан Абу Дабиде аяқталған Гранд Слэм турнирінде Қазақстан құрамасының балуандары екі қола медаль иеленді. Аталған жүлдеге Талғат Орынбасар мен Марат Байқамұров қол жеткізді, деп жазады Еl.kz интернет порталы.
60 келіде белдескен Талғат Орынбасар шешуші сында Елдос Сметовтен басым түсті. Осылайша ол маңызды бәсекеде үштікті түйіндеді. Талғат іріктеу бәсекесінде Ресей және Ұлыбритания балуандарын жеңгенімен, жартылай финалда тәжікстандық Лаик Кудбудиновке есе жіберді.
-100 келіде белдескен Марат Байқамұров турнирде ширек финалға дейін жетті. Түркістан облысының балуаны Франция және Кипр балуандарынан басым түсті. Алайда жартылай финалға шығар жолда ресейлік Идар Бифовтан айласын асыра алмады. Дегенмен, жұбаныш белдесуінде ол АҚШ спортшысын қапы қалдырып, қола жүлде жолында тағы бір Ресей балуаны Адам Сангариевті жеңді.
Абу Даби Гранд Слэміне ерлер құрамасы толық құрамда қатысқан жоқ. Мәселен, +100 келіде отандық татами шеберлерінен ешкім сынға түспеді. Бұдан бөлек, 81 келіде Жалғас Қайролла қола жүлде үшін белдесіп, турнирді бесінші орынмен аяқтады.
Айта кететін жайт, Абу Дабу Гранд Слэмі қазан айының басында Бакуде өткен әлем чемпионатынан кейінгі алғашқы жарыс болып отыр. Енді дзюдо құрамасы қараша айының ортасында Загреб Гран-приінде сынға түседі.