Жаңалықтар

Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалi өтіп жатыр

Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалi өтіп жатыр
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 13.10.2023 16:30 663

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Петропавл қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалi өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараны Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырды.

Фестивальдің ашылу салтанатына Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Қарсақбайқызы Сейітова қатысып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның арнайы құттықтауын жеткізді.

Сонымен қатар, шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов және Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған бір топ театр майталмандары қатысты.

Шараның бағдарламасы бойынша қойылымдар С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы орыс драма театрының сахналарында өтіп жатыр.

Театр фестиваліне сарапшылар кеңесінің шешімімен іріктеуден өткен
10 театр қатысуда.

  1. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры;
  2. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры;
  3. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры;
  4. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театры;
  5. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры;
  6. Түркістан музыкалық драма театры;
  7. Алматы қаласының «Мемлекеттік Қуыршақ театры»;
  8. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры;
  9. «А.И.» театры;
  10. «Шам» театры. 

Көрермендер А.Чеховтың «БАҚ» (реж: Ұ.Қарыпбаев), Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» (реж: Д.Жұмабай), И.Иманның «№37» (реж: Ф.Молдағали), М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» (реж: Г.Мирғалиева), Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» (реж: А.Нигманов), Ф.Г. Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» (реж: Д.Жұмабай), Г.Хугаевтың «Қара шекпен» (реж: Е.Кәрібаев), А.Нүсіптің «Мағжан» (реж: D.Livermore), О.Бөкейдің «Атау-кере» (реж: А.Салбан), М.Мағауиннің «Шақан шері» (реж: М.Хабибуллин) спектакльдерін тамашалай алады. 

Қойылымдарды белгілі театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға