Қазақстан әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері жөніндегі халықаралық рейтингтерде ілгеріледі

Қазақстан әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері жөніндегі халықаралық рейтингтерде ілгеріледі
Фото: Айгерім Құсайынқызы

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің 56%-ын әйелдер құрайды, ал судьялар құрамында олардың үлесі жартысынан асады. Әйелдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бағытындағы реформалардың негізгі нәтижелері туралы Варшавада өткен ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының сессиясында заңгер, гендерлік саясат және адам құқықтары жөніндегі сарапшы Айгерім Құсайынқызы айтты.

Айгерім Құсайынқызының сөзінше, Қазақстан гендерлік теңдікті адам құқықтарын қорғаудың ажырамас бөлігі әрі мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде қарастырады. Елде осы бағыттағы берік нормативтік-құқықтық база қалыптасқан. Сонымен қатар гендерлік саясаттың негізгі бағдарлары 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында бекітілген.

Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қатысушы мемлекет болып саналады. Ал 2009 жылдан бастап елде тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін заңнамалық кепілдіктер қолданылады.

Елдің бұл бағыттағы жетістіктері халықаралық рейтингтерде де көрініс тапқан. Дүниежүзілік банктің Women, Business and the Law 2024 зерттеуінде Қазақстан әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін заңнамалық жағдайлар көрсеткіші бойынша 100 балдың 75,6 балын жинаған. Бұдан бөлек, ЭЫДҰ жанындағы орталық Қазақстанды кемсітушілік деңгейі төмен елдер тобына жатқызады.

Сарапшы әйелдердің қоғамдық-саяси саладағы өкілдігі мәселесіне де тоқталды. Партиялық тізімдерде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 пайыздық квота заң жүзінде бекітілген. Соңғы сайлау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттарының арасында әйелдердің үлесі шамамен 34 пайызды құрады.

Басқару саласындағы әлеуетті дамыту мақсатында елде ауқымды білім беру жобалары жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, «Томирис» жобасы аясында 1 600-ден астам әйел көшбасшылық бойынша арнайы даярлықтан өткен. Ал БҰҰ-Әйелдер құрылымымен бірлескен бастама шамамен 600 қатысушыны қамтыған.

Сөз барысында Айгерім Құсайынқызы мемлекет тарапынан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған шараларды да таныстырды.

Реформалар аясында ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды.

Сонымен қатар аңду және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін жауапкершілік енгізілді. Бұрынғы арызға негізделген тәсілдің орнына құқық бұзушылықтарды анықтау тәртібі енгізіліп, уәкілетті органдарға жәбірленушінің алдын ала өтінішін күтпей-ақ құқық бұзушылықтың жолын кесуге мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ тиісті істер бойынша тараптардың татуласуына жол берілмейді.

Халықаралық алаңда ұсынылған деректер Қазақстанда теңдік институттарын дамыту, құқықтық қорғауды күшейту және әйелдердің қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі ілгерілеу бар екенін көрсетеді.

Оқи отырыңыз