Қазақстан аспанында жұлдыз жауады: персеидтер деген не және оны қалай көруге болады?

Қазақстан аспанында жұлдыз жауады: персеидтер деген не және оны қалай көруге болады?
Фото: AI көмегімен жасалды

12-сінен 13 тамызға қараған түні Қазақстан тұрғындары жылдың ең әсерлі астрономиялық құбылыстарының бірі – Персеидтер метеорлық ағынын бақылай алады. Аспан ашық болса, бір сағатта ондаған «аққан жұлдызды» көруге мүмкіндік бар. Персеидтер деген не, жұлдыздар шынымен жерге құлай ма және оны қай уақытта бақылаған дұрыс?

Персеидтер деген не?

Біз аспанда көретін «аққан жұлдыздар» шын мәнінде жұлдыз емес. Олар – Жер атмосферасына өте жоғары жылдамдықпен кіретін ұсақ ғарыш бөлшектері. Персеидтер жыл сайын Жер Свифт–Таттл кометасы қалдырған шаң мен ұсақ бөлшектер шоғырынан өткен кезде пайда болады. Бұл бөлшектер атмосфераға енгенде қатты қызады да, аспанда бірнеше секундқа созылатын жарық із қалдырады. Біз оны «жұлдыз ақты» деп қабылдаймыз.

@kazakhastronomy Қазақстандықтар ең әдемі жұлдызды нөсерді өткізіп алмаңыздар! сағатына 100 метеор #astronomia#perseidmeteorshower#рекомендации#space#elbruso  original sound - Astronomy.

Ал Персеид атауы Персей шоқжұлдызымен байланысты. Жерден қарағанда метеорлар аспанның осы тұсынан жан-жаққа таралып жатқандай көрінеді.

Қазақстанда қашан көруге болады?

Биыл Персеидтердің ең белсенді кезеңі 12-сінен 13 тамызға қараған түнге сәйкес келеді. Фесенков атындағы Астрофизика институтының мәліметінше, Қазақстанда бақылауға ең қолайлы уақыт – түн ортасынан кейін, әсіресе сағат 03:00-ден 05:00-ге дейін.

Осы уақытта Персей шоқжұлдызы солтүстік-шығыс көкжиектен жоғары көтеріледі. Аспан ашық әрі бақылау орны қараңғы болса, сағатына 80–100 метеорға дейін байқауға болады. Дегенмен бұл әр минут сайын бірнеше метеор міндетті түрде көрінеді деген сөз емес. Метеорлар біркелкі түспейді: кейде бірнеше минут бойы ештеңе байқалмай, артынша бірінен соң бірі жарқырауы мүмкін.

Қай жерден бақылаған дұрыс?

Персеидтерді көру үшін телескоптың қажеті жоқ. Керісінше, метеорлар аспанның әр тұсында пайда болатындықтан, оларды жай көзбен бақылаған ыңғайлы. Ең бастысы – қала жарығынан алыстау. Көше шамдары, ғимараттардың жарығы мен көлік фаралары әлсіз метеорларды көруге кедергі келтіреді. Сондықтан қаладан тыс, көкжиегі ашық әрі жасанды жарық аз түсетін жер таңдаған дұрыс.

Бақылауға шыққан адамға көзінің қараңғылыққа бейімделуіне де уақыт берген жөн. Телефон экранына қайта-қайта қарау көздің қараңғы аспанға бейімделуін қиындатады. Тағы бір маңызды фактор – ауа райы. Бұлт қалың болса, метеорлық ағын белсенді болған күннің өзінде оны көру қиын.

Қалай дайындалған дұрыс?

Персеидтерді бақылаудың ең қарапайым жолы – қараңғы жер тауып, аспанның мүмкіндігінше үлкен бөлігін көруге болатындай орналасу. Бірнеше минут қарап, метеор көрінбесе, бірден қайтып кетпеген дұрыс. Бақылауға кемінде біршама уақыт бөлген жөн. Түнде далада ауа температурасы төмендейтіндіктен, жылы киім, жамылғы мен ыстық сусын ала шыққан да артық болмайды.

Ал құбылысты фотоға түсіргісі келетіндер камераны штативке қойып, кең бұрышты объектив пен ұзақ экспозицияны пайдалана алады.

Персеидтерді тамашалау үшін арнайы құрал да, қымбат тур да міндетті емес. Аспан ашық болып, қала жарығынан алыс жер табылса жеткілікті. Ең маңыздысы – асықпай, аспанға уақыт беру.

Оқи отырыңыз