Жаңалықтар

Қазақстан әскерінің үздік сержанттары анықталды

Бұ туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстан әскерінің үздік сержанттары анықталды
Фото: gov.kz 17.11.2022 18:16 1478

Жамбыл облысындағы «Айша бибі» полигонында үздік сержанттарды анықтайтын жыл сайынғы жарыс өтті. Сайысқа Қарулы күштердің барлық түрлерінен, әскер тектерінен және өңірлік қолбасшылықтарынан 90-нан астам сержант қатысты, деп хабарлайды El.kz. 

Жарыс түрінде өткен шара сержанттар құрамының дайындық деңгейін нақтылау үшін ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Қатысушылар басшылық құжаттарды білуге сынақтар тапсырып, дене шынықтыру дайындығынан нормативтерді орындады, қоян-қолтық ұрыс техникасын қалай меңгергендерін де көрсетті, кедергілер мен атыс шебі бар екі шақырымдық жолақтан жүріп өтті. Сондай-ақ шығармашылық тапсырмалар да болды.

– Жарысқа түрлі бағдарламалар енгіздік. Ондағы мақсатымыз – жауынгерлік дайындық үдерісін ұйымдастыра алатын ең сауатты, қабілетті және жан-жақты дайындалған сержанттарды анықтау. Мықты деп танылғандардың басқаларға үлгі боларлықтай, нормативтерді үздік орындайтын, көшбасшылық және шешендік қабілеттері болуы тиіс, –деді Қарулы күштердің Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов.

Сайыстың нәтижелері бойынша теңіз жаяу әскерлері құрамасындағы зениттік дивизионның сержанты 3-сыныпты сержант Ермек Зайлағи абсолютті жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, «бригада сержанты», «батальон сержанты», «рота сержанты», «взвод сержанты», «штабтың құрам сержанты», «бөлімше командирі» және «маман-сержант» санаттарындағы үздік әскери қызметшілер анықталды. Әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар ішінде десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері барынша дайындалып, кәсіби шеберліктерін көрсетті, екінші орынды «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері еншіледі. Үшінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді.

Жарыстардың қорытындысы бойынша, сондай-ақ бағынысты жеке құрам арасындағы жауынгерлік даярлық нәтижелері мен әскери тәртіптің жай-күйі ескеріліп, жалпы жеке рейтинг жасалды. Нәтижесінде үздік сержанттар жоғары лауазымдарға ұсынылатын кандидаттар қатарына енгізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға