Қазақстан армиясында жаңа талап: әр сарбаз кемінде бес кітап оқуы тиіс

 gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстан Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде әрбір сарбаз кемінде бес кітап оқуы тиіс деген жаңа талап енгізілді. Бұл бастама әскери қызметшілер арасында оқу мәдениетін қалыптастыруға және олардың зияткерлік дамуын қолдауға бағытталған.

Жаңа талап 23 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында енгізілді. Аталған күн ЮНЕСКО бастамасымен әлем бойынша аталып өтеді. Ал Қазақстанда бұл мереке алғаш рет 2025 жылы ресми түрде белгіленген болатын.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қарулы Күштерде оқу мәдениетін дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 мыңнан астам көркем әдебиет және 198 мыңнан аса оқу басылымы бар. Жыл басынан бері әскери қызметшілерге 48 мыңнан астам кітап берілген.

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанова кітапхана қорында отандық авторлардың, әскери жазушылар мен ғалымдардың еңбектері мол екенін айтты. Оның сөзінше, бұл кітаптар әскердің қалыптасуы мен даму тарихын қамтитын құнды басылымдар саналады.

Сонымен қатар, 2020 жылы ашылған кітапхана қорында бүгінде 7 мыңнан астам кітап бар. Қор негізінен қайырымдылық акциялары арқылы толықтырылған. Бұған Астана мен Алматы кітапханалары және Ұлттық қорғаныс университеті қолдау көрсеткен.

Министрлік дерегінше, кітапхана қорын толықтыруға демеушілер, баспалар және әскери қызметшілердің өздері де атсалысуда. Көптеген сарбаздар жеке кітаптарын табыстап, бастамаға белсенді үлес қосып келеді.

Жаңа талап тәрбие және білім беру жұмыстарының бір бөлігі ретінде енгізілген. Мамандардың айтуынша, кітап оқу сыни ойлауды дамытып, дүниетанымды кеңейтуге және жеке құрамның рухани деңгейін арттыруға ықпал етеді.

Шығармашылық взводтың сарбазы Нұрдос Айтмұхаметов қызмет барысында кітап оқуға барлық мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Мұхтар Шаханов шығармаларын оқып жүр. Сондай-ақ ол детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптарға қызығушылық танытатынын жеткізді.

Оқи отырыңыз