Жаңалықтар

Қазақстан АҚШ-қа уран экспортын көбейте ала ма?

Қазақстан АҚШ-қа уран экспортын көбейте ала ма?
Фото: © Shutterstock 17.08.2023 13:05 4210

Егер АҚШ Ресейден келетін уран импортына шектеу қойса, бұдан Қазақстан ұтуы мүмкін. Бұл туралы The Diplomat басылымы жазған болатын. Шын мәнінде Қазақстан Ресейді ығыстырып, АҚШ-тың басты уран тасымалдаушысына айнала ала ма деген сұраққа El.kz ақпарат агенттігі жауап ізедп көрді.

The Diplomat АҚШ Конгресі Ресейдің энергетикалық шикізатына тәуелділікті азайту үшін уран импортына тыйым салуға тырысып жатқанын хабарлайды. Газеттің жазуынша, Орталық Азия елдері – энергия мен минералды шикізатты дәстүрлі экспорттаушылар Ресей Федерациясымен болашақтағы энергетикалық мәмілелерді талдауы керек.

Өйткені, Ресейге энергетикалық эмбарго салынса, бұл қазақстандық уран өнеркәсібіне оң әсер етуі мүмкін.

Әнгіме «Ресейдің уран импортына тыйым салу туралы заң» немесе HR 1042 құжаты жөнінде болып отыр.Мұның бастамашысы – энергетика, климат және желі қауіпсіздігі жөніндегі кіші комитеттің өкілі Кэти МакМоррис Роджерс. Заң жобасы USEC Жекешелендіру заңына «Ресей Федерациясында өндірілген сәулеленбеген төмен байытылған уранды кейбір ерекшеліктерді қоспағанда, Америка Құрама Штаттарына импорттауға болмайды» деген ережені қосу арқылы түзетілген.

Қазақстанның уран байлығы

Басылымның мәліметінше, АҚШ 2021 жылы Ресейден уранның шамамен 14%-ын экспорттаса, Қазақстаннан 35% және Канададан 15% тасымалдаған.

Дүние жүзіндегі ең ірі уран кен орыны бар Қазақстан Украинадағы соғысқа дейін де уран жеткізуші ретінде халықаралық беделін нығайтуға ұмтылды. Өйткені, соғыс басталғаннан кейін де Қазақстан билігінің батыстық әріптестермен энергетика мәселесі бойынша кездесулері жалғасты.

МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі  (ТБУБ) Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында орналасқан. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Мариано Гросси 2023 жылдың сәуір айының ортасында Қазақстанға келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

2022 жылдың қазан айында АҚШ ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасының (NNSA) әкімшісі Джилл Хруби және NNSA бас әкімшісі Фрэнк Роуз ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен ядролық қаруды таратпау мәселелерін талқылау үшін Қазақстанға келді. Олар Ұлттық ядролық орталықта да болды.

Басылымның жазуынша, бұл сапарлар Қазақстан үшін маңызды, өйткені олар диалогты қолдауға көмектеседі және Батыс үкіметтері мен институттарын Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы сенімді серіктес болып қала беретініне сендіреді. Ал уранға келетін болсақ, Қазақстан уран экспортында жақсы ілгерілеушілікке ие.

Мысалы, Украинадағы соғыс басталғаннан бері «Қазатомөнеркәсіп» Транскаспий халықаралық көлік жолы (ТИР) немесе Орта дәліз арқылы Канада мен Румынияға уранның сәтті жеткізілгенін хабарлады. Компания Орта дәліздің АҚШ-тағы тұтынушыларға уран жеткізу үшін пайдаланылғанын айтпады, бірақ бұл сценарий орынды. Вашингтон Ресейден уран импортын қысқартуға мүдделі болғандықтан, Астана «Орталық дәліз» қазақстандық уранды Ресейді айналып өтіп, түпкілікті мекеніне (бұл жағдайда АҚШ) жеткізуді қамтамасыз етеді деп уәж айта алады.

АҚШ ұсынған заң жобасы Ресейден төмен байытылған уранды экспорттауға тыйым салатынын есте ұстаған жөн. 2022 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Қытайға 30 тонна төмен байытылған уранды теміржол арқылы ядролық отын жинақтары (отын штангаларының үлкен байламдары) түрінде жөнелтті.

Транспорт мәселесі

Басылымның жазуынша, қазір АҚШ талаптарын қанағаттандыру үшін «Қазатомөнеркәсіпке» аз байытылған уранның қанша мөлшерін өндіруге тура келетінін анықтау қиын. Бұған қоса, төмен байытылған уранды Америка Құрама Штаттарына көбірек тасымалдауда логистикалық проблемалар бар. Сондай-ақ төмен байытылған уран экспортын ұлғайту үшін қажетті инфрақұрылымды жедел жаңарту қажет болуы мүмкін.

Егер Вашингтон алдағы жылдарда ресейлік төмен байытылған уранға тәуелділікті азайтуға баса назар аудара беретін болса, АҚШ-қа (Еуропа елдері мен басқа да әлеуетті тұтынушыларға) уран экспортының ұлғаюынан түсетін пайданы ескере отырып, Астана мен «Қазатомөнеркәсіп» айтарлықтай үлкен мәселелерді шешуге мәжбүр болады.

The Diplomat хабарлауынша, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ еншілес кәсіпорны «Үлбі металлургиялық зауыты» Ақтөбедегі Жоғарғы Ырғыз кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алған. Онда маңызды кен орындары табылса, Қазақстан уранның маңызды жеткізушісі ретінде халықаралық беделін арттырады.

Қазақстанда жылына 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі

Бұрын уран өндіру көлемі жөнінен Канада, Австралиядан кейінгі үшінші орында келе жатқан Қазақстан 2009 жылдан бастап, аталған екі елден озып шығып, уран өндірісі жөнінен әлем көшін бас­тады. 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да әлемде бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл – әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы. 

Уран қоры Қазақстанның оңтүстiк бөлiгiнде шо­ғырланған. Бүгiнде уран кенiшiнiң төрт торабы бар. Солтүстiк торапта Уанас, шығыс Мыңқұдық, Ыңғай, Ақдала, оңтүстiк Ыңғай, батыс Мыңқұдық, орталық Мыңқұдық және Буденовское кенiштерi орналасса, шығысында оңтүстiк Мойынқұм, оңтүстiк Мойынқұм-1, Төртқұдық, Қанжуған, оңтүстiк Мойынқұм-2, батыс торапта солтүстiк Қарамұрын, оңтүстiк Қарамұрын, Қарасан-1, Иiркөл және оңтүстiк торапта iрi «Заречное», «Табақбұлақ» кенiштерi бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға