Қазақстан әлемдік Жасанды интеллект ұйымының негізін қалаушы атанды

Қазақстан әлемдік Жасанды интеллект ұйымының негізін қалаушы атанды
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның - WAICO-ның құрылтайшы мемлекеттерінің қатарына ресми түрде кірді.

Келісімге барлығы 29 елдің, соның ішінде Қазақстанның, ҚХР-дың, Катардың, Египеттің және Бразилияның өкілдері қол қойды. Салтанатты рәсімге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, сондай-ақ басқа да мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Тарихи шешім «Жарқын болашақ жолындағы жасанды интеллект саласындағы серіктестік» ұранымен өтіп жатқан Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция және ЖИ-ді жаһандық басқару бойынша жоғары деңгейдегі кеңес (WAIC-2026) аясында қабылданды. Штаб-пәтері Шанхайда орналасқан жаңа халықаралық құрылымның құрылуы цифрлық технологиялар саласындағы жаһандық өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейге көшкенін білдіреді.

«Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымды құру туралы» келісімге қол қою рәсімі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің және ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И-дің қатысуымен өтті.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Конференцияның ашылу салтанаты барысында ұйымның құрылғаны ресми түрде жарияланды, бұл жаһандық цифрлық теңсіздікті еңсеруге және технологияларды басқарудың әділ ережелерін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды іске асырудағы маңызды қадам болды.

Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, ұйымның қызметі БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына негізделеді. Тараптар кең ауқымды консультациялар, бірлескен үлес және өзара тиімділік қағидаттарын ұстануға, сондай-ақ адам мүддесіне бағдарлануға келісті.

Бұл оқиғаның маңыздылығына тоқталған Жаслан Мәдиев:

Қазақстанның WAICO-ға және Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымды құруға қатысуы біз үшін стратегиялық маңызға ие. Әлем технологиялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуда, онда ЖИ кезіндегі интернет немесе электр энергиясы сияқты базалық инфрақұрылымға айналуда. Бүгінде мемлекеттер технологиялар үшін ғана емес, талант, есептеу қуаттары мен деректер, сондай-ақ ЖИ-ді дамытудың халықаралық ережелерін қалыптастыруға қатысу мүмкіндігі үшін де бәсекеге түсуде, - деп атап өтті.

Жаслан Мәдиев сонымен қатар, ұйымға кіру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың заңды кезеңі екенін баса айтты. Соңғы жылдары Қазақстанда толыққанды AI-экожүйесі қалыптасты: жасанды интеллект туралы бейінді заң қабылданды, Президенттің төрағалығымен ЖИ жөніндегі кеңес жұмыс істейді, өңірдегі ең қуатты суперкомпьютер пайдалануға берілді, қуаты 1 ГВт-қа дейінгі Data Center Valley жобасы іске асырылуда, ұлттық тілдік модельдер жасалды және Alem.AI халықаралық орталығы табысты жұмыс істеуде.

Айта кетер болсақ, ҚХР ЖИ-ді қауіпсіз және этикалық тұрғыдан пайдалану жөніндегі жаһандық сұранысқа жауап ретінде WAICO-ны құруға бастамашылық етті. WAICO-ның басты мақсаттары ретінде, халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық басқаруды дамытуды, ЖИ технологияларының пайдалы, қауіпсіз және әділ болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың бүкіл адамзат игілігі үшін салауатты, реттелген дамуына жәрдемдесуді айқындады.

Қазақстанның жаңа халықаралық құрылымға қатысуы еліміз үшін құзыреттермен алмасу, инвестициялар тарту және озық технологиялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін жол ашпақ, бұл республиканың жаһандық технологиялық архитектураның негізгі қатысушысы және «Адам игілігі үшін ЖИ» болашағын қалыптастырудағы сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін айғақтайды.

Оқи отырыңыз