Бірнеше жыл бұрын қазақша сұраққа сүріне жауап беретін чат-боттар бүгінде мақала жазып, мәтін түзетіп, тіпті қазақ тілін үйрететін деңгейге жетті. Бірақ жасанды интеллект қазақ тілін шынымен меңгерді ме, әлде жай ғана сөздерді дұрыс құрастыруды үйренді ме? Қазақ тілінің цифрлық болашағы туралы мамандар не дейді? El.kz тілшісі осы мәселені зерттеп көрді.
ЖИ қазақша сөйлейді, бірақ қазақты қаншалықты түсінеді
ІТ аналитик әрі жасанды интеллект зерттеушісі Тимур Бектұрдың пікірінше, қазіргі жүйелер қазақша сөйлегенімен, қазақ дүниетанымын толық түсінетін деңгейге әлі жеткен жоқ.
Қысқаша айтсам: ілгерілеу бар, бірақ әлі «қазақша ойлайтын» деңгейге толық жеткен жоқ. Бірақ біз оған ешқандай кінә қоя алмаймыз. Жай факт ретінде қабылдағанымыз дұрыс, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, көп жағдайда қоғам жасанды интеллекттен шамадан тыс талап етеді.
Бұл ЖИ технологияларды жасап жатқан Қазақстан емес, қазақтар емес. Орыстарда «Сыйға тартқан аттың тісіне қарама» деген бір мақал бар. Сондықтан, керісінше, осыған да алғыс айтуымыз керек. Біздің ешқайсымыздың бір маңдай теріміз сіңбестен, тегін, қуатты технологияны ұсынып жатқан америкалық компанияларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Тимур Бектұр.
Сарапшы қазіргі жағдайды бірнеше жыл бұрынғы ахуалмен салыстыруға болмайтынын айтады. Ол ChatGPT пайда болған алғашқы күндерден бастап жүйені пайдаланып келе жатқанын жеткізді.
Өз басым 2022 жылдың соңында ChatGPT жарыққа шыққалы қолданып келемін. Сіз оның сол кездегі қазақшасының қандай болғанын көрсеңіз, осы күнгімен жылап көрісер едіңіз. ЖИ чат-боттар қазақ шенеунігінен де жедел қазақша үйреніп жатыр деп жиі айтып отырамын, – дейді ол.
Бүгінде OpenAI қазақ тілін ресми қолдау көрсетілетін тілдердің қатарына енгізді. Google компаниясының Gemini жүйесі де қазақ тілінде жұмыс істейді. Тимур Бектұрдың сөзінше, Claude платформасының қазақша жауап беру сапасы да айтарлықтай жақсарған. Алайда негізгі мәселе грамматикада емес.
Мәселе «қазақша жаза алады» дегенде емес. Мәселе – қазақтың контекстін, мәдени кодын, терминологиясын, әзілін, астарын, аймақтық ерекшелігін қаншалықты түсінеді? Міне, осы жерде әлі жұмыс көп, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, жасанды интеллект қазір қазақша сөйлеуді үйреніп келеді. Бірақ алдағы кезеңнің міндеті – оны қазақша ойлауға жақындату.
Қазақ тілінің деңгейі интернеттегі қазақ тілінің сапасына байланысты
Жасанды интеллекттің қазақ тіліндегі сапасы ең алдымен қазақтілді интернеттің сапасына тәуелді. Өйткені үлкен тілдік модельдер білімді интернетте жарияланған мәтіндерден алады.
ЖИ технологиялар ашық интернеттегі мәтін қандай, сондай болады. Тиісінше, біздің ашық интернет кеңістігіндегі шала-шарпы қазақ мәтініміз қандай болса, бұл ЖИ чат-боттар да сондай, – дейді Тимур Бектұр.
Сондықтан ол қолданушылардың өзіне де жауапкершілік жүктейді. Егер чат-бот калькаға толы немесе қазақы тілдік нормаға сәйкес келмейтін мәтін ұсынса, оны түзетіп, кері байланыс беру керек деп есептейді.
Қатесін жөндеу дегеніміз – ChatGPT қазақша орашолақ, калька мәтін ұсынса, оны қазақы сөз қолданысына сай түзетіп, «дұрысы осылай» деп кері байланыс беру. Сонда жүйе де біртіндеп сапалы мәтін ұсынуға бейімделеді, – дейді сарапшы.
Әлемдік компаниялар қазақ тіліне назар аудара бастады
Бірнеше жыл бұрын әлемдегі ең танымал жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілін мүлде түсінбеуі қалыпты жағдай саналар еді. Алайда бүгінде жағдай өзгеріп келеді.
Сіз қазір көз алдыңызға елестетіңізші, 2026 жылы бүкіл әлем Claude, ChatGPT, Gemini, Grok, DeepSeek қолданып жатыр. Ал сіз қазақша сұрақ қойсаңыз, ештеңе түсінбейді, мүлдем жауап бермейді. Елестетіп көрдіңіз бе? Қазақ тілінің әлемдік технологиялар тарапынан тыс қалғанын түсініп, қорланар едіңіз, – дейді Тимур Бектұр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бүгінде қазақ тілі халықаралық технологиялық платформаларда бұрынғыдай «қосымша тіл» емес. ChatGPT қазақ тілінде жауап береді, Gemini қазақ тілінде жұмыс істейді, ал Suno сияқты генеративті сервистер қазақша ән мәтіндерін өңдей алады.
Соған қарамастан сарапшы әлемдік корпорациялар қазақ тілін Қазақстан секілді эмоциямен қабылдамайтынын ескертеді.
Олар үшін бұл – нарық көлемі, қолданушы саны, дерек көлемі, коммерциялық сұраныс мәселесі, – дейді ол.
Сондықтан Қазақстан өз технологиялық экожүйесін өзі дамытуы тиіс.
Біз «неге олар бізге көңіл бөлмейді?» деп күтпей, өзіміз сапалы дерек, контент, модель, стартап, API, benchmark жасауымыз керек. Бұл – «күтуші елден» «жасаушы елге» өтудің басы, – дейді сарапшы.
Қазақ тіліндегі ЖИ-дің басты мәселесі – дерек пен терминология
Тимур Бектұрдың сөзінше, қазақ тіліндегі жасанды интеллекттің ең үлкен проблемасы технологияның өзінде емес. Негізгі мәселе – сапалы деректердің аздығы.
Интернетте қазақша мәтін бар, бірақ оның көбі қысқа, қайталанған, сапасы әртүрлі, кейде машиналық аудармаға ұқсайды. Ал ЖИ-ға сапалы кітаптар, заң мәтіндері, ғылыми мақалалар, оқулықтар, медиа архивтер, диалогтар, кәсіби терминдер, ауызекі сөйлеу үлгілері керек, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазақ тіліндегі ІТ терминологиясы да толық жүйеленбеген.
Біз әлі күнге дейін бір ұғымды бірнеше түрлі аударып жүрміз. Мысалы, prompt, alignment, inference, fine-tuning, embedding сияқты сөздерді біріздендірмейінше, қазақ тіліндегі ЖИ де тұрақты, сенімді бола алмайды, – дейді Тимур Бектұр.
Оның өзі де кәсіби мәтіндер жазғанда ағылшын тіліндегі түпнұсқа терминдерді қатар көрсетуге мәжбүр.
Өз басым ІТ саласына қатысты терминдерді аударуда қатты қиналамын. Сондықтан ағылшынша түпнұсқасын қасына қосып жазамын. Өйткені оқып отырған адам deeplearning дегенді қосып қоймасам, «терең оқыту деген не сонда?» деп ұқпай қалатыны анық, – дейді ол.
ЖИ сапасын бағалаудағы басты мәселе
Сарапшы қазақ тіліндегі жасанды интеллект сапасын бағалаудың өзі жүйеленбегенін айтады.
Модель қазақша жақсы ма, жаман ба – оны эмоциямен емес, нақты benchmark-пен өлшеу керек, – дейді ол.
Оның айтуынша, бұл бағытта Назарбаев университетінің жанындағы ISSAI орталығы KazLLM жобасы үшін қазақ тіліндегі бағалау жинақтарын әзірлеген. Дегенмен мұндай жұмыстарды әлдеқайда кеңейту қажет.
Қазақстандықтар қай ЖИ құралдарын көбірек қолданады
Қазір Қазақстандағы ең танымал жасанды интеллект платформасы – ChatGPT.
Statcounter деректеріне сүйенсек, 2026 жылғы мамырда Қазақстандағы ЖИ чатботтар нарығында ChatGPT үлесі 76,67 пайыз болған. Gemini – 12,97 пайыз, Perplexity – 4,87 пайыз, ал Claude – 4,43 пайыз көрсеткен.
Тимур Бектұр қазақ аудиториясы үшін ChatGPT, Gemini, Claude, Perplexity, NotebookLM, Whisper және ElevenLabs сияқты құралдарды ең пайдалы сервистер қатарына жатқызады.
Өз тәжірибесінде ол әр платформаны әртүрлі мақсатта пайдаланады.
- ChatGPT – идея, мәтін, стратегия және талдау үшін;
- Claude – көлемді құжаттар мен редакциялау үшін;
- Perplexity – дерек пен сілтеме іздеу үшін;
- Gemini – Google экожүйесімен жұмыс істеу үшін;
- NotebookLM – зерттеу, кітап және PDF талдау үшін қолданылады.
Бірақ ең маңыздысы құрал емес. Ең маңыздысы – адамның сұрақ қоя білуі. ЖИ сауатты адамның қолында – күшейткіш. Сауатсыз адамның қолында – қате тұжырымдар мен өтіріктер мәтіндерді әдемі қылып шығаратын машина, – дейді сарапшы.
Қазақша дауыс технологиялары қандай деңгейде
Соңғы жылдары қазақ тіліндегі дауыс тану және дыбыс синтезі саласында да айтарлықтай өзгерістер болды.
Бұрын қазақша speech-to-text немесе text-to-speech дегенде сапасы өте әлсіз болатын, – дейді Тимур Бектұр.
Оның айтуынша, ашық кодты технологиялардың дамуы бұл бағыттағы зерттеулерді жеделдетті.
Қазір ISSAI әзірлеген KSC2 қазақ сөйлеу корпусы шамамен 1,2 мың сағат транскрипцияланған аудиодан тұрады. Ал KazakhTTS2 корпусы 271 сағатқа дейін кеңейтілген.
Дегенмен өнімдік деңгейде әлі де шешілмеген мәселе көп.
Акценттер, өңірлік ерекшеліктер, қазақша-орысша аралас сөйлеу, көше тілі, фондық шу, терминдер мен микрофон сапасы жүйелер үшін күрделі міндет болып отыр.
Қазақтар көбіне бір сөйлемнің ішінде екі-үш тіл араластырып сөйлейді. Модель осыны түсінуі керек, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, қазақ тіліндегі дыбыс синтезінің келесі кезеңі эмоцияны, интонацияны және табиғи сөйлеу мәнерін жеткізе алатын деңгейге жетуі тиіс.
Қазақ тіліндегі ЖИ-ді дамыту үшін Қазақстан не істеуі керек
Тимур Бектұрдың пікірінше, Қазақстан жасанды интеллект саласында қазақ тіліне қатысты үш негізгі бағытқа басымдық беруі керек. Олар – ұлттық дерек инфрақұрылымы, нақты өмірде қолданылатын қазақтілді өнімдер және адам капиталы.
Сарапшының айтуынша, ең алдымен сапалы деректер қоры қажет. Қазақ тіліндегі мәтіндерден бастап аудио, видео, терминология, заң, білім, медицина, ауыл шаруашылығы, тарих пен мәдениетке қатысты ашық әрі лицензиялық тұрғыдан таза дерекқорлар қалыптасуы тиіс.
Үй салғанда іргетасынан бастайтыны секілді, датасет дегеніміз ЖИ-дің тамағы, қорегі. Онсыз болмайды, – дейді ол.
Сонымен қатар Қазақстанға тек зертханада жасалған модельдер емес, нақты өмірде пайдасы тиетін құралдар қажет. Мұғалімге көмекші болатын жүйелер, дәрігерлерге арналған ассистенттер, мемлекеттік қызметке арналған қазақша боттар, кәсіпкерлерге құжат әзірлеуге көмектесетін сервистер, журналистерге арналған зерттеу құралдары немесе ауыл тұрғындарына кеңес бере алатын дауыстық көмекшілер жасалуы керек.
ІТ аналитик бұл мәселені мемлекет басшысының KazLLM жобасына қатысты айтқан пікірлерімен де байланыстырады.
Президенттің «KazLLM неге ChatGPT сияқты кең қолданысқа ие емес?» деген сауалының астарында да осы мәселе жатыр. Алдымен сапалы дерекқор қажет, содан кейін модель әзірленеді, ал оны адамдар пайдалануы үшін нақты өнім пайда болуы керек. KazLLM – модель, ал ChatGPT – сол модельдің негізінде жасалған дайын өнім, – дейді Тимур Бектұр.
Қазақстанға тек жасанды интеллектті пайдаланушыларды емес, оны әзірлейтін мамандарды да даярлау қажет. Сарапшының сөзінше, білім беру ұйымдарына 165 мың тегін лицензия ұсыну жастардың ЖИ құралдарымен ертерек жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Бұл жақсы қадам, бірақ оны мұғалімдер жай ғана «тегін аккаунт таратып жатыр» деп қабылдамай, жаңа буынның ойлау мәдениетін қалыптастыру үшін пайдаланса, нұр үстіне нұр болады, – дейді ол.
«Тіл тек министрлікпен дамымайды»
Тимур Бектұрдың пікірінше, қазақ тілінің цифрлық ортадағы болашағы тек технологияға емес, оны қолданатын ортаның өзіне де байланысты.
Бүгінде Қазақстандағы ақпараттық технологиялар мен цифрландыруға қатысты көптеген форумдар мен кәсіби алаңдарда қазақ тілінің үлесі әлі де төмен. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің цифрлық экожүйедегі орнын әлсіретеді.
Менің үнемі қынжылатын жерім – ІТ шараларға барғанда, диджитал форумдар болғанда, цифрлық технологияға қатысты басқосулар өткенде, ылғи орыстілді орта жүреді. Сондықтан ондай дүбірлі шаралар көбіне орысша өтеді. Осыдан кейін қазақ тілінің цифрлық кеңістікте бәсекеге қабілеті туралы қалай жауап берейін сізге?!, – дейді Тимур Бектұр.
Оның пікірінше, тілдің дамуы тек мемлекеттік бағдарламалармен немесе ресми құжаттармен шектелмеуі керек. Қазақ тілі жаңа технологиялар пайда болатын, инновациялық өнімдер жасалатын және болашақ экономика қалыптасатын кеңістіктің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Тіл тек министрлікпен дамымайды. Тіл нарықта, YouTube-те, TikTok-та, GitHub-та, Coursera-да, стартапта, банкте, мектепте, медицинада, заңда өмір сүруі керек, – дейді сарапшы.
Тимур Бектұр қазақ тілінің цифрлық болашағын үш сөзбен сипаттайды: дерек, өнім, сұраныс.
Дерек болмаса – модель үйренбейді. Модель болмаса – өнім болмайды. Өнім болмаса – адам қолданбайды. Ол өнімге қазақша сұраныс болмаса – бизнес инвестиция салмайды, – дейді ол.
Оның пайымынша, қазақ тіліне жанашырлық бүгінде тек қазақша сөйлеумен өлшенбейді.
Қазақ тіліне жанашыр болу – тек «қазақша сөйлеңдер» деу емес. Бүгінгі заманда қазақ тіліне жанашыр болу дегеніміз – қазақша жасанды интеллект, қазақша интерфейс, қазақша білім, қазақша технология, қазақша бизнес жасау. Сонда ғана тіл музейде емес, болашақтың ішінде өмір сүреді, – дейді Тимур Бектұр.
Қазақ тілі неге жасанды интеллект үшін күрделі тілдердің бірі
IT маманы әрі жасанды интеллект сарапшысы Аршат Ораздың айтуынша, қазақ тіліндегі ЖИ жүйелерінің сапасы соңғы бірнеше жылда айтарлықтай жақсарған. Бүгінде халықаралық платформалар қазақша мәтін құрастырып, аударма жасап, пайдаланушылардың сұрағына жауап бере алады. Дегенмен әр жүйенің мүмкіндігі мен қазақ тілін меңгеру деңгейі бірдей емес.
Соңғы екі-үш жылда қазақ тілін меңгеру деңгейі айтарлықтай өсті деп ойлаймын. Мысалы, ChatGPT қазақша мәтін жазу, аудару, мақала дайындау, сұрақтарға жауап беру жағынан жақсы нәтиже көрсетеді. Gemini де қазақ тілін түсінеді, бірақ кейде жауаптары қысқалау немесе жалпы болып келеді. Microsoft Copilot пен Meta AI қазақша жұмыс істегенімен, олардың қазақ тіліндегі мүмкіндіктері әзірге ағылшын тіліндегідей деңгейге жеткен жоқ, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар маман қазақ тілі технология үшін ең күрделі тілдердің бірі екенін айтады. Бұған тілдің құрылымдық ерекшеліктері мен лексикалық жүйесі әсер етеді.
Қазақ тілі ЖИ үшін оңай тілдердің қатарына жатпайды. Оның басты себебі қазақ тілінің жалғамалы тіл болуы. Бір сөзге бірнеше жұрнақ жалғанып, ондаған түрлі форма пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар сөйлем және сөз тіркестеріндегі кейбір мағыналар контекст арқылы ғана анықталады, – дейді ол.
Аршат Ораздың пікірінше, мәселе мұнымен шектелмейді. Қазақ тілінде әртүрлі тілдерден енген сөздердің қатар қолданылуы, сондай-ақ кирилл, латын және төте жазу нұсқаларының болуы да тілдік модельдердің жұмысын күрделендіреді.
Қазақша дерек көбейгенімен, тапшылық әлі де бар
Аршат Ораз қазақ тіліндегі жасанды интеллекттің сапасын тежеп отырған негізгі факторлардың бірі ретінде сапалы дерек тапшылығын атайды.
Оның айтуынша, қазақ тілінде миллиондаған мәтін болғанымен, бұл көлем ағылшын, қытай немесе орыс тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Әсіресе ғылыми мақалалар, техникалық әдебиеттер, академиялық зерттеулер мен ашық деректер базасы жеткіліксіз.
Қазақ тіліндегі контенттің едәуір бөлігі жаңалықтардан, әлеуметтік желіден және ресми құжаттардан тұрады. Бұл ЖИ-дің барлық салада бірдей сапалы жұмыс істеуіне кедергі келтіреді, – дейді сарапшы.
Жасанды интеллекттің мүмкіндігі оған берілген деректің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан кейбір тақырыптарда қазақ тіліндегі жауаптардың үстірт болуы заңды құбылыс.
Мысалы, медицина, инженерия, құқық немесе тар салалық бағыттарда қазақ тіліндегі мәліметтер жетіспеген кезде жүйе ағылшын немесе орыс тіліндегі білімге сүйенеді. Кейде соның әсерінен аударма нәтижесінде қазақша жауаптың құрылымы табиғи шықпай қалады, – дейді Аршат Ораз.
ЖИ қандай қателіктерді жиі жібереді
Маманның айтуынша, қазіргі модельдердегі ең жиі кездесетін кемшіліктердің бірі – калька сөйлемдер мен табиғи емес құрылымдар.
Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі – септік жалғауларын немесе сөз тіркестерін орынсыз қолдану. Кейде сөйлем қазақша болғанымен, оның құрылымы орыс тілінің синтаксисіне ұқсап кетеді, – дейді ол.
Сарапшы әсіресе «болып табылады» сияқты калька құрылымдар мен «-уда», «-уде» формаларының («баруда», «келуде», «жүргізілуде») орынсыз қолданылуы әлі де жиі кездесетінін айтады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар жасанды интеллект кей жағдайда адам есімдерін, жер-су атауларын, тарихи ұғымдарды шатастырады. Кейбір өңірлік сөздерді бүкіл қазақ тіліне ортақ норма ретінде көрсетуі немесе мақал-мәтелдердің мағынасын қате түсіндіруі мүмкін.
Бұрын қазақша мәтіндерде аударма қатты сезілетін. Қазір жағдай жақсарды, дегенмен кей мәтіндерде калька мен сөзбе-сөз аударма әлі де байқалады, – дейді Аршат Ораз.
Қазақ тілінің технологиялық болашағы қандай
Қазіргі даму қарқыны сақталса, алдағы үш-бес жыл ішінде қазақ тіліндегі жасанды интеллекттің сапасы айтарлықтай жақсаруы мүмкін.
Шын мәнінде мәселе технологияда емес, көбіне деректер көлемінде болып отыр, – дейді Аршат Ораз.
Маманның болжамынша, жақын жылдары қазақ тілінде еркін сөйлейтін дауыстық көмекшілер пайда болады. Қазақша аудио мен видеоны мәтінге айналдыру сапасы артып, нақты уақыттағы синхронды аударма технологиялары да жетіле түседі.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерде, білім беру жүйесінде, журналистикада және бизнесте қазақ тілінде жұмыс істейтін арнайы ЖИ көмекшілер кеңінен қолданыла бастайды.
Қазақ тілінде оқытылған ұлттық тілдік модельдердің пайда болуы да әбден мүмкін, – дейді ол.
Алайда Аршат Оразды алаңдататын басты мәселе технологиядан гөрі контент өндірісі.
Мені технологиядан гөрі контент мәселесі көбірек алаңдатады. Егер қазақ тілінде сапалы цифрлық мазмұн жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллект қазақ тілін толық деңгейде меңгере алмайды, – дейді IT маманы.
Оның сөзінше, қазақ тілінің цифрлық болашағы тек бағдарламашылардың қолында емес.
Қазақ тілінің цифрлық болашағы тек бағдарламашыларға емес, журналистерге, ғалымдарға, мұғалімдерге, блогерлерге және контент өндірушілерге де байланысты деп есептеймін. Қазақ тіліндегі сапалы әрі пайдалы контент көбейген сайын, жасанды интеллект те қазақ тілінде сапалы жұмыс істейтін болады, – дейді Аршат Ораз.
ЖИ жақсы жаза ма, әлде жақсы көрінетін мәтін ғана ұсына ма
Бүгінде ChatGPT мен басқа да чат-боттар мақаладан бастап әлеуметтік желідегі жазбаға дейін түрлі мәтіндерді санаулы секундта дайындай алады. Алайда мәтіннің жылдам жазылуы оның сапалы әрі табиғи шыққанын білдіре бермейді.
Корректор-редактор Айберген Нұралының айтуынша, тәжірибелі маман үшін жасанды интеллект жазған мәтінді аңғару қиын емес.
Негізі көбіне бірден байқалады. Жазу сапасына баға берер болсам, өзімнің қолданатын жасанды интеллектім жақсы жазады. Қолдана білсең, өзің қайта-қайта дұрыстап, промт бере алсаң, біраз жақсартуға болады, – дейді ол.
Оның пікірінше, мәселе жасанды интеллекттің өзінде емес, оны қолданушының қаншалықты сауатты тапсырма бере алатынында жатыр. Бір ғана сұраныспен алынған мәтін көбіне шаблонды көрінуі мүмкін. Ал нақты тапсырмалар мен қосымша нұсқаулар берілген сайын нәтиже де жақсара түседі.
Айберген Нұралы күнделікті жұмысында негізінен ChatGPT платформасын қолданатынын айтады.
Дұрыс қолдана алсаң, жұмысыңды жеңілдетеді, жылдамдатады. Жақсы ассистент қой, қарапайым тілмен айтқанда, – дейді редактор.
ЖИ тілдің шұбарлануына себеп болуы мүмкін бе
Соңғы жылдары ұстаздар мен тіл мамандары арасында жастардың жасанды интеллектке шамадан тыс сеніп кетуі олардың жазу мәдениетіне кері әсер етуі мүмкін деген пікір жиі айтылады.
Айберген Нұралы мұндай қауіптің бар екенін жоққа шығармайды. Бірақ мәселенің түп-төркіні технологияда емес, адамның оны қалай пайдалануында.
Иә, қауіп бар. Бірақ, меніңше, мәселе ЖИ-да емес, оны қалай қолдануда: дайын мәтінді көшіре берсе – тіл шұбарланады, ал дұрыс пайдаланса, керісінше, ойды сауатты жеткізуге көмектеседі, – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Редактордың айтуынша, жасанды интеллект дайын өнім беретін құрал ретінде емес, көмекші ретінде қолданылғанда ғана пайдалы болады.
Өйткені мәтін жазу барысында адам өз ойын жүйелейді, сөз таңдайды, сөйлем құрастырады, қателерін түзетеді. Бұл процестің бәрі ойлау дағдысын қалыптастырады. Ал егер адам барлық жұмысты жасанды интеллектке тапсырып қойса, мұндай дағдылар біртіндеп әлсіреуі мүмкін.
ЖИ-ды дайын жауап үшін емес, тексеріп, үйрену құралы ретінде қолданса – сауаттылықты көтереді. Дегенмен үнемі жасанды интеллектті қолданып, оның жазып бергенін үстінен оқымай жібере беру адамның өз ойлау дағдысын әлсіретеді. Себебі мәтін құрастыру, қате іздеу, сөзді дұрыс таңдауға жауапкершілік біртіндеп азаяды, – дейді Айберген Нұралы.
Қазақ тілін үйренуге ЖИ қаншалықты пайдалы
Сарапшы жасанды интеллекттің қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдіктер үшін де пайдалы құрал бола алатынын айтады. Чат-боттардың ең үлкен артықшылығы – кез келген уақытта тілдік серіктес бола алуы.
ЖИ-ды дұрыс қолдана алса, тиімді меңгере алады деп ойлаймын. Артықшылығы – кез келген уақытта сөйлесіп, қателігін бірден түзетіп, жеке темппен үйренеді, – дейді ол.
Дегенмен жасанды интеллект толыққанды тілдік ортаның орнын баса алмайды.
Кемшілігі де бар: ЖИ тілдік орта мен мәдени контексті толық бере алмайды, кейде қате не жасанды құрылымдарды да үйретіп қоюы мүмкін, – дейді редактор.
Сондықтан қазақ тілін үйренушілер үшін жасанды интеллект пайдалы көмекші болғанымен, оны тірі қарым-қатынас пен тілдік орта толық алмастыра алмайды.
Айберген Нұралы қазақ тілін меңгеріп жүрген адамдарға ЖИ-ды кеңесші ретінде пайдалануға кеңес береді.
Оның айтуынша, күнделікті диалог құру, жазған мәтінді тексерту, жаңа сөздердің қолданысын мысал арқылы үйрену – тіл меңгерудің тиімді тәсілдерінің бірі.
ChatGPT қазақ тілін үйренуге көмектесе ала ма? Француз қыздың тәжірибесі
Жасанды интеллекттің тіл үйренуге қаншалықты көмектесетінін қазақ тілін меңгеріп жүрген француз қызы Элиз Пакетоның тәжірибесінен де байқауға болады.
Парижде тұратын 23 жастағы Элиз бірнеше жылдан бері қазақ тілін үйреніп келеді. Қазір ол Париждегі қазақ мәдени орталығында білім алып жүр және қазақ тіліне қатысты контентті Threads, TikTok пен Instagram желілерінде тұрақты жариялайды.
Сабақ аптасына бір рет, сенбі күні екі сағат өтеді. Курс маған өте ұнайды. Деңгейім шамамен – A2.2. Алдымен B2 деңгейіне, кейін мүмкін болса C1 немесе C2 деңгейіне жеткім келеді, – дейді Элиз.
Оның айтуынша, қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер үшін ең үлкен қиындықтардың бірі – сапалы оқу материалдарының тапшылығы. Әсіресе орыс тілін білмейтіндер үшін қолжетімді ресурстар аз.
Өкінішке қарай, орыс тілін білмейтіндер үшін қазақ тілін үйренуге арналған ресурстар өте аз. Бұл үлкен қиындық тудырады. Мен Парижде тұратыныма қуаныштымын, өйткені қазақ мәдени орталығында сабаққа қатыса аламын. Егер Францияның оңтүстігінде тұрсам, мұндай мүмкіндік болмас еді, – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Элиздің сөзінше, қазақ тілін үйренушілерге арналған халықаралық платформалардың аздығы да айқын сезіледі. Мәселен, әлемдегі ең танымал тіл үйрету қосымшаларының бірі Duolingo-да қазақ тілі жоқ. Сондай-ақ ағылшын тіліндегі субтитрлері бар қазақ фильмдері мен мультфильмдерін табу да оңай емес.
Қазақ тілі Duolingo қосымшасында жоқ. Ағылшын субтитрлері бар қазақша мультфильмдер мен фильмдерді көбірек көргім келеді, бірақ табу қиын. Қазақстанда тұрмаған соң тыңдалым мен сөйлеу дағдыларын дамыту да қиын болып отыр, – дейді француз қызы.
Осындай жағдайда жасанды интеллект Элиз үшін қосымша оқу құралына айналған. Ол қазақ тілін меңгеру барысында Abai Institute платформасымен қатар ChatGPT мүмкіндіктерін де пайдаланады.
Тілді үйрену үшін Abai Institute сайтын қолданамын, сонымен қатар ChatGPT арқылы сөйлемдер мен грамматиканы талдаймын. Threads желісінде қазақша көп оқимын, қазақ достарыммен жиі сөйлесуге тырысамын, – дейді ол.
Демек, қазақ тілінің цифрлық болашағы ең алдымен өз қолымызда. Қазақша сапалы контент көбейген сайын, жасанды интеллект те қазақ тілінде сапалы жұмыс істейтін болады.