Қазақcтандықтар алғашқы үйін неге тек 41 жасында алады

Қазақcтандықтар алғашқы үйін неге тек 41 жасында алады
Фото: magnific.com

Қазақстанда жиырма жылдап пәтер кезегінде тұрғандар бар. Кейінгі жылдары пәтер жалдау да қиындап кетті. Баға жыл сайын өсіп жатыр. Осы орайда ел тұрғындары шамамен неше жасында үй алатынын, қанша қазақстандықтың бірнеше пәтері бары туралы қызықты статистика ұсынамыз. 

Tengrinews порталының хабарлауынша, Қазақстанда 5,5 миллионнан астам адамның атына баспана тіркелген. 2026 жылғы 23 маусымдағы дерек бойынша Қазақстанда 5 553 113 адамның  жылжымайтын мүлкі бар. Бірақ бұл елдегі қалған азаматтардың бәрінде баспана жоқ деген сөз емес. Мысалы, үй бір адамның атына тіркеліп, сонда 6-7 адам бірге тұруы мүмкін. Сондықтан Қазақстанда нақты неше адамның  баспанасы жоқ екені туралы бірыңғай статистика жоқ. 

Екіншіден, 5,5 миллион меншік иесі бар десек, соның 4,3 миллионының атында бір ғана баспана бар. Ал қалған 1,25 миллионнан астам адамның атына кемінде екі тұрғын үй нысаны тіркелген. Оның ішінде:

  • 934,8 мың адамның – екі;
  • 219,3 мың адамның – үш;
  • 82,6 мың адамның – төрт-бес;
  • 17,6 мың адамның – алтыдан онға дейін баспанасы бар.

Демек, қазақстандықтар үйді баспана ретінде ғана емес, инвестиция құралына айналдырып жатыр. 

Үшіншіден, елімізде 47 адамның иелігінде 100-ден астам тұрғын үй нысаны тіркелген. Олардың 22-сінде 150-ден астам, ал бес адамның әрқайсысында 500-ден астам нысан бар. Мұның барлығы бірдей жеке пәтер немесе үй болмауы мүмкін. Дегенмен көрсеткіш Қазақстанда тұрғын үй меншігінің белгілі бір бөлігінің аз ғана адамның қолында шоғырланғанын көрсетеді. 

Төртіншіден, бір адамның атына 773 жылжымайтын мүлік тіркелген. Оның  745-і – Қостанай облысында, 24-і – Солтүстік Қазақстан облысында, төртеуі – Қарағанды облысында орналасқан. 

Бесіншіден, кейінгі бес жылда елімізде 800 мыңнан астам тұрғын үй соғылған. 2020 жылы Қазақстанда 5,39 миллионға жуық тұрғын жай болса, 2025 жылы олардың саны 6,2 миллионға жуықтады. Бес жылда тұрғын үй саны шамамен 806 мыңға немесе 15 пайызға артқан. Тұрғын үй қорының жалпы ауданы да 373,3 миллионнан 447,3 миллион шаршы метрге дейін өсті. Демек, халыққа үй не жер емес, соны сатып алатын ақша жетпейді. 

Алтыншысы,  елімізде  бір адамға орта есеппен 25 шаршы метр баспанадан келеді. 2020 жылы бір қазақстандыққа орта есеппен 22,6 шаршы метр тұрғын үйден келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 25,1 шаршы метрге жетті. Бірақ өңірлер арасында айырмашылық үлкен. Астанада бір адамға шамамен 33 шаршы метрден келеді. Алматыда – 30,7 шаршы метр.  Ал Жамбыл облысында бұл көрсеткіш небәрі 19,4 шаршы метр. 

Жетіншіден, кейінгі үш жылда 520 мың пәтер салынған. 2023–2025 жылдары Қазақстанда 57 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 520,1 мың пәтер пайдалануға берілді. Алайда осы көлемнің тек 4,8 миллион шаршы метрі мемлекеттік меншікке тиесілі. Қалған 52,2 миллион шаршы метр немесе шамамен 92 пайызы – жеке меншік сектордың үлесінде. Қанша құрылыс жұмысы көп жүргізілгенімен, баспана кезегі ойдағыдай жылжып жатқан жоқ. 

Сегізінші, миллионға жуық адам баспана кезегінде тұр. Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 985 825 адам бар. Олардың 341 мыңнан астамы баспананы бес жылдан бері күтіп жүрсе, 123 мыңнан астамы он жылдан бері кезекте тұр. 22,4 мың адам 15 жылдан астам уақыт күтіп жүр. Ал 843 қазақстандықтың баспана кезегінде 20 жылдан астам уақыт болды. 

Тоғызыншы, қазақстандықтар алғашқы пәтеріне орта есеппен 41 жасында қол жеткізеді. «Отбасы банк» деректеріне сүйенсек, алғашқы жарнаға ақша жинай бастаған салымшының орташа жасы – 35 жас. Ал тұрғын үй қарызын алушының орташа жасы – 41 жас. Орташа жинақтау мерзімі – алты жыл

Оныншысы, Пәтер жалдау бес жылда үш есе қымбаттады. 2020 жылы  орташа пәтер жалдау ақысы бір шаршы метріне 1 639 теңге болса, 2025 жылы 5 024 теңгеге жеткен. Яғни бес жылда жалдауақының өсімі үш еседен асып кетті.

Айта кетерлігі,  ипотека көлемі бес жылда үш есеге жуық өсті. 2021 жылдың басында Қазақстандағы ипотекалық несие портфелі 2,37 триллион теңге болса, 2026 жылғы 1 сәуірде 7,077 триллион теңгеге жетті. Сонымен, қазақстандықтардың ипотекалық қарызы бес жылда үш есеге жуық көбейген. 

Оқи отырыңыз