Жаңалықтар

Қазақ тілін үйрететін мобильді қосымшалардың үздік дизайнерлері анықталды

Қазақ тілін үйрететін мобильді қосымшалардың үздік дизайнерлері анықталды
Фото: Аружан Абденбаева 27.02.2024 13:22 381

«Design Battle» байқауы қазақ тілін үйрететін мобильді қосымшалардың үздік дизайнерлерін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және «ХАТУ» акционерлік қоғамы «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Design Battle» байқауын өткізді.

Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, тіл үйренушілерге арналған мобильді қосымшалардың тартымдылығын арттыру мен шығармашылық индустрияны дамытуға арналған.

Елдің әр түкпірінен келген дизайнерлер UX/UI және графикалық дизайн бағытында өнер көрсетеді. Олар өздерінің шығармашылық дизайнын, соның ішінде логотиптерді, түстер палитрасын және бренд стилінің элементтерін, сондай-ақ сайт пен мобильді қосымшаның дизайнын ұсынады, - дейді ұйымдастырушылар.

Байқау жеңімпаздарын белгілі кәсіпкер, венчурлік инвестор Кеңес Рақышев, «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова және ХАТУ мамандары мен дизайн саласындағы тәуелсіз сарапшылардан құралған әділ қазылар алқасы анықтаған.

Алғашқы кәсіби UI/UX және графикалық дизайнерлер байқауының UX/UI дизайн бағыты бойынша Дильназ Мұқашеваның туындысы үздік деп танылса, Руслан Махматов екінші орын, Аружан Райымқұлова үшінші орынды еншіледі. Ал графикалық дизайн бағытында Қасымхан Бұлхайыр топ жарса, Ислам Тіркесбаев екінші орын, Ұлан Мүптекеев үшінші орынға ие болды.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайды. Әр бағыт бойынша жүлдегер командалар бірінші орын үшін 500 000 теңге, екінші орын  300 000 теңге және үшінші орын 200 000 теңге алды.

Сонымен қатар, бірнеше қатысушы Кеңес Рақышев жобасында қазақ тілін үйренуге арналған бірегей қосымшаны құру бойынша ұсынысқа ие болды. «Design Battle» байқауы онлайн және офлайн форматта өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 220-дан астам дизайнерлер, ал онлайн-трансляцияда 150-ден астам көрермен қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға