Қазақ тілін түсінетін дрон мен аэротакси: жас ғалымдар ерекше жобаларды көрсетті

 edu.kz
Фото: edu.kz

Қазақстанда жасанды интеллект, биотехнология, ақылды дрондар мен болашақтың көлік жүйесін дамытуға бағытталған ірі жобалар қолға алынып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен NU, НЗМ және «Назарбаев Қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысында белгілі болды.

Жиында Nazarbayev University-дің 2026-2031 жылдарға арналған даму стратегиясы таныстырылып, университеттің ғылым мен инновация саласындағы жаңа жобалары көрсетілді.

Соңғы жылдары NU халықаралық рейтингтердегі орнын айтарлықтай жақсартқан. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде университет бірден жүзге жуық сатыға көтеріліп, әлемнің үздік 401–500 университетінің қатарына енді.

Жаңа стратегия аясында жоғары білімді реформалау, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу, медицина мен технологияны дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты күшейту көзделіп отыр.

Қазақстанда аэротакси мен ақылды дрондар пайда болуы мүмкін

Премьер-министр NU Energy креативті хабында жасанды интеллект, медицина, ауыл шаруашылығы және цифрлық технологиялар бағытындағы стартаптармен танысты.

Солардың бірі – қазақ тілін түсінетін автономды Drone AI жүйесі. Жоба қазақстандық технология негізінде жасалған. Ерекшелігі – бұл дрон интернетке немесе бұлтты серверлерге қосылмай-ақ қазақ тіліндегі мәтін мен дыбысты тануға қабілетті. Болашақта оны қауіпсіздік, төтенше жағдайлар және мониторинг салаларында қолдану жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жиында қала ішінде қатынайтын аэротакси жүйесін дамыту мәселесі де қаралды. Жоба аясында Alatau City, Алматы және туристік аймақтарды байланыстыратын әуе мобильдігі желісі құрылуы мүмкін.

Қазақ ғалымдары тарихи ескерткіштерді цифрландырып жатыр

Жиында таныстырылған тағы бір маңызды жоба – тарихи мұралардың цифрлық көшірмелер банкі.

LiDAR-сканерлеу және 3D архивтеу технологиялары арқылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Бекет-Ата мен Шопан-Ата мешіттері, Таңбалы петроглифтері және көне қалашықтар цифрландырылған.

Болашақта бұл жоба негізінде VR/AR форматындағы виртуалды музейлер мен білім беру бағдарламаларын жасау жоспарланып отыр.

Жасанды интеллект мал шаруашылығына да енгізіліп жатыр

Агросаладағы жобалардың ішінде BunkSense атты AI-мониторинг жүйесі ерекше назар аудартты.

Жүйе камералар мен жасанды интеллект арқылы мал азығының қалдығын автоматты түрде бақылап, жем шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл технология ірі шаруашылықтарда жылына жүз миллион теңгеге дейін үнемдеуге көмектесуі мүмкін.

Сонымен қатар Қазақстанда ірі қара малдың эмбриондарын өндіретін биотехнологиялық зертхана ашу жоспарланып отыр. Ғалымдардың болжамынша, жоба елдегі асыл тұқымды мал басын көбейтіп, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді.

Ақылды ұлтарақ пен экзоскелет

NU базасында спортшылардың денсаулығын бақылауға арналған «ақылды» ұлтарақтар да әзірленген. Mirai Tech жобасы спортшының қозғалысы мен шаршау деңгейін нақты уақыт режимінде талдай алады. Қазір технология қазақстандық футбол клубтарында сынақтан өтіп жатыр.

Ал медицина саласында тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдарға арналған A-GEAR экзоскелеті таныстырылды. Жоба қазірдің өзінде сертификаттаудан өтіп, коммерциялық деңгейге шыққан.

«Жасыл шатырлар» Астананың аптабымен күреседі

Ғалымдар Астанадағы «жылу аралы» мәселесін азайту үшін «Жасыл шатырлар» технологиясын ұсынып отыр.

Жоба бойынша ғимараттардың шатырларына арнайы жасыл жабын орнатылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл шатыр температурасын 35 градусқа дейін төмендетіп, ғимараттардың энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан университеттері тек білім беру орталығы ғана емес, технология мен инновацияны дамытатын маңызды алаңға айналып келеді. Ал ұсынылған жобалар елдің болашақта жасанды интеллект пен жоғары технологиялар саласындағы өңірлік хабқа айналуға ұмтылып отырғанын көрсетеді.

Оқи отырыңыз