Жаңалықтар

Қазақ тілін қолдайтын QAZAQ TILI Endowment Qory құрылды

Қазақ тілін қолдайтын QAZAQ TILI Endowment Qory құрылды
Фото: Akorda.kz 07.12.2023 11:30 792

Мемлекет басшысы QAZAQ TILI Endowment Qory қазақ тілін қолдау эндаумент қорына бірінші болып жарна жасады. Жарна мөлшері 7 млн теңгені құрады. Осылайша, Президент популистік ұрандармен емес, ісімен мемлекеттік тілдің дамуына қолдау көрсетуге құлшынысын танытып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің жаңадан құрылған қордың қызметін қолдауға жеке қатысуы ел басшылығының мемлекеттік тілдің мәртебесін дамыту және нығайту мәселесіне ерекше көзқарасын көрсетеді. Бұл өте жақсы үрдіс және басқа үкімет өкілдері үшін үлгі;

Эндаумент - бұл коммерциялық емес мақсаттарда, негізінен білім, медицина, мәдениет, ғылым саласында жұмыс істейтін ұйымдарды қаржыландыруға арналған мақсатты капитал. Бұл қор ұқсас қағидат бойынша жұмыс істейді. Оның міндеті - мемлекеттік тілді қолдаумен және дамытумен айналысатын ірі қоғамдық ұйым болып табылатын "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету.

Арнайы қорды құруды Мемлекет басшысы биылғы жылдың 12 қазанында "Қазақ тілі" қоғамының басшысымен кездесу кезінде мақұлдады.

"Қазақ тілі" қоғамына Мемлекет басшысы қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін кеңейтуді, тілді оқыту және оқу әдістемелерін дамытуды, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамытуды, сондай-ақ қазақ тілін пайдаланушылар қауымдастығын қолдау және кеңейту үшін заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен қолдануды қамтитын нақты жобалар мен іс-шаралар кешенін іске асыруды тапсырды. Қордың ресурстары дәл осы мәселелерді пысықтауға бағытталатын болады;

Қазақ тілін дамытуға бей-жай қарамайтын азаматтар аударатын қаражатты беделді қоғам қайраткерлері, лингвист-ғалымдар мен мемлекет өкілдері қатарынан тәуелсіз қамқоршылық кеңес қатаң бақылайтынына сенімді бола аламыз. Осылайша, қаражат мақсатқа сай бағытталатынына күмән жоқ.

Эндаумент қорының ерекшелігі қорға аударылған қаражаттың өзі игерілмейді: қолда бар қаражат бағалы қағаздар мен активтерді сатып алуға, ал инвестициялық кіріс мақсатты жобаларды қолдауға жұмсалады. Эндаумент қорлары әлемде әлеуметтік маңызды миссияларды жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін білім беру және қоғамдық ұйымдардың тұрақты және ұзақ мерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін кеңінен қолданылады.

Эндаумент қорының кірістері "Қазақ тілі" халықаралық қоғамының жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге, жаңғыртуға және одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін гранттар түрінде бағытталатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға