Қазақ тілін оқытуға арналған республикалық онлайн семинар өтті

 «Тіл-Қазына»
Фото: «Тіл-Қазына»

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы 22-24 сәуір күндері «Тіл үйретудегі лингводидактикалық тәсілдердің трансформациясы» атты республикалық онлайн семинар өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тілді оқыту теориясын тәжірибемен ұштастыра отырып, оқытушылардың кәсіби-әдістемелік біліктілігін арттыру. Семинар бағдарламасы заманауи лингводидактикалық бағыттарға негізделіп, теориялық қағидалар нақты педагогикалық тәжірибемен байланыстырылды. Атап айтқанда, коммуникативтік оқыту әдістері, функционалды грамматиканың мүмкіндіктері және құзыреттілікке негізделген оқыту моделінің құрылымы кеңінен талқыланды.

Семинардың ашылуында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов сөз сөйлеп, тіл саясатын жүзеге асырудағы ғылыми-әдістемелік жұмыстардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілін оқыту сапасын арттыруда осындай кәсіби алаңдардың рөлі ерекше.

Үш күнге жоспарланған семинар әртүрлі тақырыптық бағыттарды қамтыды. Алғашқы күні тіл үйретуші әдіскер Ердігүл Дәдібасқызы «Тіл үйренушіні сөйлетудің тиімді жолдары» тақырыбында баяндама жасап, практикалық әдістермен бөлісті.

Екінші күні Назарбаев университетінің оқытушысы Айдар Балабеков тіл үйретудегі коммуникативтік бағыттың маңызын түсіндіріп, сөйлеу дағдысын дамыту жолдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті.

Ал үшінші күні Qazline.kz платформасының негізін қалаушы Динара Еселбай қашықтан оқыту жағдайында тіл меңгертудің тиімді тәсілдерін ұсынды. Ол «Сөзден сөйлеуге дейін» қағидатына сүйене отырып, тіл үйренушінің сөйлеу дағдысын кезең-кезеңімен қалыптастыру моделін таныстырды.

Семинар барысында қатысушылар қазақ тілін оқытудың заманауи әдістерімен танысып, коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға арналған тапсырмалар әзірлеу және сабақ құрылымын тиімді жоспарлау дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ оқытушылар арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылып, өзекті әдістемелік мәселелер талқыланды.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай ғылыми-әдістемелік семинарлар педагогтердің кәсіби дамуына және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге оң әсер ететінін атап өтті.

Оқи отырыңыз