Жаңалықтар

Қазақ спортшыларының жарқын жеңісі

gov.kz
Фото: gov.kz 31.10.2022 897

Қазақ спортшылары өткен аптада халықаралық жарыстарда марапаттарға ие болды. Отандастарымыздың өткен жеті күндегі жарқын жетістіктерімен Мәдениет және Спорт министрлігі таныстырды, деп хабарлайды El.kz.

Шорт-трек. Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Монреальда (Канада) өткен Әлем Кубогы кезеңінде екінші орын алды. 5000 метрлік эстафетаның финалында Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Нұртілек Қажғали және Денис Никиша оңтүстік кореялықтарға жол берді.

Шахмат. Сардинияда (Италия) өткен 20 жасқа дейінгілер арасындағы Әлем чемпионатында Әсел Серікбай күміс, ал Меруерт Камалиденова қола жүлдеге ие болды.

Таеквондо GTF. Тбилисиде (Грузия) GTF таеквондодан Әлем кубогы аяқталды. Нұрғиса Іздібай (70 келіге дейін), Данил Смирнов (76 келіден жоғары), Әділбек Лекеров (64 келіге дейін), Аманжан Бақытжанов (58 келіге дейін) жарыс жеңімпаздары атанды. Бұл ретте Нұржан Мазбулов (76 келіден жоғары) және Нұрхан Сахиев (76 келіге дейін) күміс медаль, ал Назерке Мұхамбедиева мен Ардақ Шинтаева қола жүлде жеңіп алды.

Мәнерлеп сырғанау. Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған үшінші халықаралық турнир аяқталды, ол мәнерлеп сырғанаудан isu Challenger 7-кезеңі. Ерлер арасында жеке есепте Диас Жиренбаев қоссайыс бойынша 192,67 ұпай жинап, тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Әйелдер арасында Анна Левковец күміс медальге ие болды (145,43 ұпай).

Еркін күрес. Қазақстан Испанияда өткен еркін күрестен жастар арасындағы Әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Күміс жүлдегер Дәулет Еркеш, ал Әлішер Ерғали мен Асыл Айтақын қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, бұған дейін классикалық күресте Олжас Сұлтан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ, қазақстандықтар Қазақ күресінен Turan barysy Азия Кубогының жеңімпаздары атанды. Іс-шара тұңғыш рет түркінің алты мемлекеті - Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстанның палуандарын жинады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға