Жаңалықтар

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 13.11.2023 11:12 651

Туризм жəне спорт министрлігі қазақстандық спортшылардың жеткен жетістіктеріне шолу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Каратэ: Алматыда ұйымдастырылған WKF каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы XXI Азия чемпионаты және ересектердің I Азия ашық біріншілігінде жерлестеріміз табысты өнер көрсетті. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы бәсекеде Қазақстан спортшылары 8 алтын, 5 күміс және 11 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болса, ересектер 8 алтын, 8 күміс, 14 қола жүлдемен топ жарды.

Садақ ату: Таиланд астанасы Бангкокта өткен садақ атудан Азия чемпионатында отандастарымыз бір алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Бұл – Қазақстан спортшылары жеңіп алған 13-ші жолдама.

Мәнерлеп сырғанау: Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қытайдың Чунцин қаласында өткен Гран-При жарысының қола жүлдегері атанды. Ерлер арасындағы жекелей сында бақ сынаған отандасымыз екі бағдарлама қорытындысы бойынша 264.46 ұпай еншілеп, тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

Шорт-трек: Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасы Канаданың Лаваль қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында қола жүлдегер атанды. 3000 метрге жарыста еліміздің әйелдер құрамасы (Алина Әжғалиева, Яна Хан, Малика Ермек, Мадина Жанбосынова мен Ольга Тихонова) 4:16.200 секунд көрсеткішпен мәре сызығын үшінші болып кесті.

Триатлон: Сауд Арабиясының Эль-Хубар қаласындағы триатлоннан Азия чемпионатында отандастарымыз Екатерина Шабалина мен Аян Бейсенбаев топ жарды.

Теннис: Қазақстандық теннисші Александр Недовесов Болгария астанасы Софияда өткен турнирдің жұптық бәсекесінде жеңімпаз атанды. Жерлесіміз аталған жарыста эквадорлық Гонсало Эскобармен жұп құрап, финалда ұлыбританиялық және хорватиялық теннисшілер  Джулиан Кэш пен Никола Мектичтен басым түсті – 6:3, 3:6, 13:11.

Самбо: Армения астанасы Ереванда өткен 48-ші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз жалпы есепте 3-орынға тұрақтады. Келесі жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға