Жаңалықтар

Қазақ радиосы «Наурыз-2023» халықаралық радиокөпірін өткізіп жатыр

Қазақ радиосы «Наурыз-2023» халықаралық радиокөпірін өткізіп жатыр
Фото: qazradio.fm 20.03.2023 14:20 1574

Ақиқаты сол, қазір қазақ баспасөзінің бәсі басым деу ертерек. Өйткені, бүгінгі жаһандану дәуірі бұқаралық ақпарат құралдарына да үлкен талап қойып отыр. Сол талаптан тартындың ба, демек бәсекеге қабілетті емессің. Мұны қазақ баспасөзі қатаң жадына алған. Оған айғақ, «Қазақ радиосы» үнжариясының өткізіп отырған «Наурыз-2023» радиокөпірі. Бұл халықаралық шараға 9 елдің, атап айтақанда:  Иран, Түркия, Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғызстан,  Өзбекстан, Татарстан және Башқұртстанның радиоарналары тікелей қосылып, наурыз мейрамының ортақ құндылықтарын ортаға салды. Сондай-ақ, шетелде тұратын қандастарымыз да радио арқылы өз құттықтауларын жеткізді.

Қазақ радиосы «Наурыз-2023» халықаралық радиокөпірін өткізіп жатыр

 ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» президенті Абзал Сапарбекұлы:

- Әз-Наурыз-тек жұмыр басты пенденің ғана емес, тұмса табиғаттың да төл мерекесі. Алты ай қыстан аман шыққан жан-жануардың аузы көкке тиіп, тал-теректің бүршік жарар айы да, осы-Наурыз ғой. Ақ қардан басын шығарған гүл-бәйшешектің жалғанға жаңа жыл келді деп жар салатын уақыты бұл. Табиғатты түлетіп, тұрмысты түзетер - Ұлыстың ұлы күні халқымыздың тілеуін ақ, пейілін пәк қылсын! Ұлтымыздың жүрек түбіндегі тыпыршыған тілегі-ел тыныштығы, халық бірлігі.  Ал, өзара түсіністіктің түп тамырын тапқан халықтың шаңырағы шуаққа толы, ал қуаты тасқын емес пе...                              

- Тарихи тамыры тереңге бойлаған Наурыз мейрамы дана халқымыз үшін қай кезде де еңселі елдіктің, іргесі сөгілмеген бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген, бола да береді. Міне, осы мейрам қарсаңында Қазақ радиосының өткізіп отырған радиокөпірі түркі тілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағына дәнекер іспетті. Мен Түркияда ұзақ жылдар қызмет еттім. Сонда жүріп түсінгенім, қазақ пен түріктің наурызды тойлауында ұқсастық көпекендігі. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Қазақ радиосы «Наурыз-2023» халықаралық радиокөпірін өткізіп жатыр

 Моңғолия. Баян-Өлгей аймақтық қазақ радиосының басшысы Оспан Нәбиұлы:

- Наурыз жарқын өмірді, ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін ұлы мейрам. Оның жалпы-адамзаттық құндылықты бекітуде, мемлекеттігімізді, ұлтаралық келісім мен өзара татулықты нығайтудағы маңызы орасан зор. Бұл күнді халқымыз жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған.

 - Қазақстанның наурыздан наурызға дейін қол жеткізген  табыстары аз емес. Жылдан жылға экономикасы мен мәдениеті өсіп, халықтың  әл-ауқаты жақсарып келеді. Біз соны көріп, мақтанып отырамыз. Наурыз мерекесінен алатын ғибратымыз да мол. Оның адамгершілік пен имандылық мерекесі ретіндегі мәртебесін арттыра түсу баршамыздың міндетіміз. Ұлағаты мол ұлттық мейрамның жақсы пейіл мен ізгі тілеу, кешірім мен табысу сияқты адамгершілік мұраты жас ұрпаққа үлгі. Қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болған  Ұлыстың ұлы күні құтты болсын дегіміз келеді.

Қазақ радиосы «Наурыз-2023» халықаралық радиокөпірін өткізіп жатыр

 Түркияның  Астанадағы Елшілігі Коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Махмут Шевкет Байрам:

- Қазақстанның келешегі кемелді, өрісі кең. Біз оған шын сенеміз. Біз бауырлас елміз, ендеше наурыз мейрамы қарсаңында Қазақ радиосы ұйымдастырып отырған мына радиокөпір соның бір айғағы. Қазір түтіні түзу ұшқан елдердің көбі заман талабына сай жаңа технологиялық дамудың жалына жармасқан. Демек, өзіндік саяси бағыт-бағдары, үдемелі үдерісі бар Қазақстанға да бұл жол жат емес. Бүгінде Қазақстан индустриалды-инновциялық дамудың дербес даңғылын таңдап, жеделдетілген бағытын ұстанып отыр.  Яғни, экономиканың қуатын күшейтіп, тамырын тереңдету үшін заманауи талапқа сай өнімді күштердің жаңа құрылымын жасап жатыр.  Өйткені экономикалық мүддеге сүйенген елдің келешегі кемел. Өркендеген, гүлденген Қазақстанның жетістігін біз елге барғанда да жиі-жиі айтамыз. Кешегі Түркияда болған алапат зілзалада Қазақстан халқының көмегі көп болды.

 Әзербайжан радиосының  редактор-жүргізушісі Дильшат Тахирқызы:

 - Тарихтан тәлім алған Қазақстан мен Әзербайжан халқы қашанда бірлікті ту етіп келеді.  Қазақ радиосының ұйымдастырып отырған «Наурыз-2023» халықаралық радиокөпіріне тікелей эфирде шығып отырғаныма өте қуаныштымын. Мен қазақ халқын аса қадірлеймін. Өйткені біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлшегі ретінде тәуелсіз ел атану тек биік мәртебе ғана емес, сонымен қатар орасан зор жауапкершілік жүгін артатындығын да  жақсы түсінеміз. Тәуелсіздіктің арқасында екі ел арасындағы  қоғамдық-саяси,  экономикалық байланыс орныққан. Наурыз мейрамы қарсаңында барша қазақстандықтардың шаңырағына шуақ тілеймін.

«Қазақ радиосы» радиоарнасының редактор-жүргізушісі Толқын Сұлтан:

- Наурыз мейрамына орайластырылған радиокөпірі 2021 жылы алғаш рет өткізілді. Ал биылғы көпірдің ерекшілігі, 9 елдің радиолары атсалысты. Және 5 елден қандастарымыз тікелей эфир арқылы өз құттықтауларын жеткізді. Мәселен: Франциядан, «Қорқыт» қазақ мәдени орталығының басшысы Айгерім Ерсайнова, Испаниядан, «Kazakh Diaspora in Spain» атынан Махаббат Толеугазина, Жапониядан, Жадыра Сембай және қазақ тілін білетін жапон ұлтының азаматы және  Бельгиядан, меншікті тілші Нұрсұлу Қасым Қазақстанған өздерінің ақжарма тілектерін айтты. Жалпы, радиокөпірдің басты мақсаты - тікелей эфирге қосылатын түркі тілдес елдердің өкілдерімін тікелей эфирде тілдесіп,  Наурыз мейрамына қатысты әдеби-мәдени жауһарларымен бөлісіп, олардың әуезді әндерін тыңдаушы қауымға жеткізу болатын. Ол ойымыз орындалып жатыр.

Қазақ радиосы ұйымдастырған бұл шараға  Иранның «Pars Today» ақпарат агенттігінің қазақ тілді радиосы, Түркияның «Turkish Radio and Television Corporation» ұйымы, Әзірбайжанның «Azərbaycan Radiosu», Моңғолиядағы «Қазақ» радиосының өкілдері, Қырғызстанның Қырғыз радиосы және  Өзбекстанның «Узбекистан 24»телерадио арнасы мен Башқұртстанның «Юлдаш» және Татарстанның  «Болгар» радиоарналары қатысты. Біз тыңдаушымызға 10 сағат бойы тікелей эфирде жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақ радиосы ұлт  мәдениетін сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында жеткізіп, ән-әуезге малынған алуан үндестікті сұңғыла сөзбен үнемі суреттеп келеді.  Сондықтан да, ұлттың үнжариясы  ұлттық руханияттың, қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырағы. Өйткені, салиқалы ойдың өрелі оралымдары да,  әуезді әуеннің жан тебірентер сезімтал пернесі де осында. Сөз сәні мен тіл тәлімі, ән әрі мен саз сырының кеніші  де осы үнжария.                                                                             

Жалпы ұлтымыздың  салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы,  тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында көл-көсір әңгіме айта алатын нағыз ұлтжанды ақпарат құралы енді алыс-жақын түбі бір түркі халықтарымен де тығыз байланыс орната бастады.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға