Қазақ даласының айбары қайта оралады: Тұран жолбарысын жерсіндіру жобасы қай кезеңде?

Қазақ даласының айбары қайта оралады: Тұран жолбарысын жерсіндіру жобасы қай кезеңде?
Фото: gov.kz

29 шілде – Халықаралық жолбарыстар күні. Бұл күн – әлемдегі ең сирек кездесетін әрі айбынды жыртқыштардың бірі саналатын жолбарыстарды қорғауға, олардың табиғи мекенін сақтауға және жойылып кеткен популяцияларды қалпына келтіруге назар аудартатын маңызды дата.

Бір кездері қазақ даласын еркін кезген Тұран жолбарысы табиғатымыздың айбыны әрі жабайы әлемнің басты жыртқыштарының бірі болды. Алайда өткен ғасырда адамның шаруашылық қызметі мен табиғи ортаның өзгеруі салдарынан бұл ерекше аң Қазақстан аумағынан біржола жойылып кетті.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Бүгінде еліміз табиғатты қорғау саласындағы тарихи маңызы зор жобалардың бірін жүзеге асырып жатыр. Ол – Тұран жолбарысын өзінің тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бастамасы. Бұл жоба тек сирек кездесетін жыртқышты қайтаруды ғана емес, Іле-Балқаш өңіріндегі экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіруді көздейді.

Осы ауқымды экологиялық жобада «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты ерекше рөл атқарады. Мұнда жолбарыстың табиғи тіршілігіне қолайлы орта қалыптастыру, қорек базасын көбейту және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Жобаны жүзеге асыру аясында 2024 жылы Нидерландтан, ал 2026 жылы Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстары Қазақстанға жеткізілді. Қазіргі уақытта резерваттағы арнайы вольер кешенінде жалпы саны алты жолбарыс бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Мамандар олардың табиғи ортаға біртіндеп бейімделуін бақылап, болашақта жабайы табиғатқа жіберуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Мамандардың айтуынша, жолбарыс – тек ірі жыртқыш қана емес, табиғи экожүйенің саулығын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Себебі жоғарғы деңгейдегі жыртқыштардың болуы жануарлар популяциясының табиғи тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді.

Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Халықаралық жолбарыстар күні – табиғатты қорғаудың маңызын тағы бір мәрте еске салатын ерекше күн. Әрбір қорғалған орман, сақталған жануар мен өсімдік – келер ұрпаққа қалдыратын баға жетпес мұра.

Қазақстанда қолға алынған Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жобасы табиғатты қалпына келтіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Бұл бастама болашақта қазақ даласында айбарлы жолбарыстың қайта еркін мекендейтін күнін жақындата түседі.

Оқи отырыңыз