Жаңалықтар

Қайырымдылықтың үлкен не кішісі жоқ

Қайырымдылық жасау азаматтық, әрі адамгершілік парыз
Қайырымдылықтың үлкен не кішісі жоқ
Фото: жеке мұрағат 26.10.2022 14:59 2777

Адамның бойындағы ең ізгі қасиет, ол жақсылық жасау.  Әлемде геосаяси жағдай күрделеніп, қымбатшылық белең алып, жұмыссыздар саны артып келеді. Соның салдарынан күнкөріс қиындап, әлеуметтік желіде көмек сұрайтын адамдар көбейіп кетті. Осындай сәтте үлкен жауапкершілікті мойынына артып жүрген жомарт азаматтардың бары көңілді қуантады. 

Шын ниетпен жасалған болмашы көмектің өзі мұқтаж адамға үлкен үміт сыйлайды. Қайырымдылық жасау үшін дәулетті болу міндет емес, игі ниет болса болғаны. Үкіметпен расталып тіркелген 38 әлеуметтік қайырымдылық қоры бар болса, қоғамға жар салмай мейлінше қолдан келген көмегін атқарып, халық разылығын алып жүргені қаншама. Солардың бірі Шамиль Ванкеев. Ол мүшелік еткен қор 3-18 жас аралығында ауыр дертке шалдыққан балалардың арманын орындайды.

- Шамиль мырза, қайырымды жандардың істерін ел көріп, халық арасында танымалдылыққа ие болып келеді. Қайырымдылық жасаудағы сезіммен бөліссеңіз?

- Қазіргі таңда көмек көрсететін адамдар айтарлықтай көп, бұл бағыт үлкен популяризацияға ие болды. Кезінде көптеген қайырымдылық қорлар дұрыс міндет атқармай, халықтың сеніміне селкеу түскен болса, қазір бәрінің дерлік көмек көрсетуге деген құлшыны артуда. Кез келген істің нық бастауы насихатталуында. Сол сияқты біздер халыққа қалай және қандай бағытта жеткізер болсақ, көмекте сондай дәрежеде болары сөзсіз.

- Сіз қызмет атқаратын қордың ерекшелігі материалдық ресурс емес, рухани бағытта көмек көрсету. Бұл науқасқа қандай үміт сыйлай алады?

- Қайырымдылық дегеннің көптеген пунктілері бар. Ол –қаржылық, моральдық-психологиялық немесе жай ғана уақыт бөлу арқылы көрсетілген көмек. Кей кезде уақыт бөліп адамды тыңдаудың өзі үлкен қамқорлық деп білемін. Біздің қордың міндеті жасөспірімдердің материалдық емес арманын орындау. Яғни, баланың еміне қаржы төлемей, асқақ арманын орындаймыз.

- Ауыр дертпен шалдығып жатқан балалардың армандары қандай болады?

- Олардың арман-мұраты шексіз. Себебі, бір арманы орындалғаннан екіншісін бағындыруға ниет етеді. Әр адам арманына жетуге лайықты. Мақсат орындалған сәтте адамның күш қуаты артып, өзіне деген сенімділігі күшейеді. Көбінесе ем қонып, қатарластарымен ойнауды қалайды. Оларға назар аударып тыңдап, сеніміне кіре алсаңыз ішіндегі мақсатын бүкпей айтады.

- Сіздер бет алған бағытты кейбірі «қайтарымсыз еңбек» деп жатады. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?

- Қайырымдылық бағытында жанашырлар көбейіп келе жатқаны қуантады. Алайда олардың ішкі ойы әртүрлі болуы да мүмкін. Олардың барлығының мақсаты бір деп айта алмаймыз. Қанша жомарт болса, сонша пайдакүнем де бар. Адамдар бір бірін қолдану заманының айғағы болып барамыз. Капитализм құндылығы дендеп еніп, жетістік қаржымен өлшенетін заман болды. Біздің таңдаған жол мүлдем бөлек. Біз жасаған еңбегімізге қайтарым күтпейміз. 2020 жылы 15 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін 151 баланың арманын орындадық. Көбісі лейкоз дертіне шалдыққандар болды. Әрқайсынан әртүрлі әсер аласың. Мұндайға адамның үйреніп кетуі мүмкін емес.Арманын орындау сәттерін эмоциясыз бастан өткізу мүмкін емес.

- Қор мүшелері дәулетті адамдар ма?

- Егер материалдық тұрғыда болса, әрине үлкен қаржылай көмектерді жағдайы бар адамдар береді. Алайда кейбір кездерде меценаттармен біріге жұмыс жасау қиынға соғады. Осындай сәттерде қор қызметінде қарапайым жандар үлкен рөл атқарады. Олардың көмек береміз деген ниеті қымбаттырақ бола түседі. Қайырымдылық бір реттік акциямен тоқтап қалмауы керек. Сіз қаншалықты қайырымды болсаңыз мейірімділік, махаббат, ілтипат пен ізеттілігіңіз және қарапайымдылық артады. Көмекке мұқтаж адамды көргенде шүкіршілік те еселенеді. Сондықтан жомарттықтан тайынбау қажет.

- Мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі?

- Мемлекет тарапынан негізгі көмек, ол – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен азаматтық бастамаларды қолдау орталығының негізінде грант беріледі. Әлеуметтік жобалармен айналысқысы келетін адам өзінің бастамасымен таныстырса болғаны. Егерде оның таңдаған бағыты қоғамға керек деп есептелсе арнайы грант тағайындалады. Сол грантты жеңу арқылы әр белсенді өзінің жұмысын бастауға мүмкіндік алады.

- Жомарт адам қайырымдылық жасауды неден бастауы қажет?

- Қайырымдылық – сауапты іске бастайтын құрал. Ол үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Көмек үлкен немесе кіші деп бөлінбейді. Жоғарыда айтқанымдай риясыз ниетпен жай ғана уақыт бөлуден басталған көмек үлкен нәтижелерге алып келуі мүмкін.

- Қорларға үлкен қаражаттар түсетіні белгілі. Жиналған қаржыға алаяқтық ниетпен қарауы мүмкін ғой!

- Иә, алаяқтардың қор ашу жиілеп кетті. Оларды лезде ажырату мүмкін емес. Бірақ, әр адам қайырымдылық қорына көмек ретінде қаржы жіберемін деген ниеті болса міндетті түрде ақапарат көздерін растап алу қажет. Мысалға, ең оңай жолы олардың заңнамалық құжатын сұрау. Алаяқтық жолмен ашылған қорларды ішкі устав, бұйрық, негіздеме жарғылары болмайды. Егерде сенімді өкіл болса, жомарт адамдардың қатарына қосылуға асығу қажет.

Автор ойы. Риясыз жақсылық жасап, үміт отын жандырып жүргендерді көріп біздің де санамызда бір ой қалыптаса бастады. Қаншалықты шүкіршілік білдіріп, тағдыры қиын адамдарға көмектесіп жатырмыз? Осындай ашық әңгімеден кейін мен де қайырымдылық қорының мүшесі болуға ниет білдірушілердің қатарына іліктім. Әрбір адам шамасы келегенше көмек жасай білуі қажет.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға