Жаңалықтар

Қайым Мұхамедханұлын кімдер қудалады

Қайым Мұхамедханұлы туралы айта берсек көптеген тың ақпараттар табуға болады
Қайым Мұхамедханұлын кімдер қудалады
Фото: adebiportal.kz 28.10.2022 15:15 3204

Қазан айының басында Семейде Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханұлына арналған «Ұстаз бен шәкірт» атты ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысты. Биіктігі 4 метр ескерткіштің авторы – Нұрбол Қалиев.

Президентіміз екі тұлғаның төл тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтті.

«Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханұлы – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын Абайтану, Шәкәрімтану және Алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті», – деді Мемлекет басшысы.

Қайым Мұхамедханұлы туралы айта берсек көптеген тың ақпараттар табуға болады. Мұхтар Әуезовтың Абай жолы роман-эпопеясын жазу жолында көмектесіп, қол ұшын созған шәкірті – Қайым Мұхамедханұлы болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Қайым Мұхамедханұлы – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғұлама абайтанушы, 1945 жылы Қазақ ССР-і бірінші гимінінің авторы, педагог, профессор, драматург, ақын, Семей қаласындағы Абай музейін құрушы және бірінші директоры. 

Шығармашылық жолға алғаш қадам басуы

ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ мәдениеті үшін Алтын Орда болған Семей шаһарында Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейтқұлдың үйіне халқымыздың айтулы да, аяулы азаматтары жиі мейман болған. Ол 1917-18 жылдары Семейден шыққан Абай журналын шығарушылар Мұхтар Әуезов және Жүсіпбек Аймауытовпен жақын араласып, демеуші де болған. Мұхамедханның кітапханасында қазақтың көптеген туындыларымен қатар, орыстың әдеби, тарихи кітаптарының томдары да көп болған деседі. Ал Қайым соларды бала кезден оқып өскен. 

Зиялы ортаға жиі бас сұғатын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,  Міржақып Дулатов және Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен өтетін ұзаққа созылар мәнді кездесулер, Шәкәрім және киелі ақын Көкбаймен болған тарихи кештер білімге құштар жас Қайымның жүрегіндегі Алаш рухын жандыра түскен.

Мықты ұстаз

Парасаты мен пайымы жанында маржандай болып құйылған Шәкәрім Құдайбердиевтің сабақтары жадында жатталып қалған. Содан да шығар Мұхамедханұлының ХV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті туралы әзірлеген лекциялық курстары жарты ғасырдан асса да мәнін жоғалтқан жоқ.   

Семейге жер аударылған орыстың, еврейдің оқымыстылары Қайымның парасаттылығына таңданған. Әрдайым «Қайым Мұхамедханұлы Семейдегі қазақ интелегенттерінің жұлдызы. Студенттеріне үштік баға қоймайтын. Өте жақсыны таланттарға шертіп қана тарататын. Алаш ұлдарына жаппай жақсы, яғни 4 деген бағаны аямайтын», – деп сүйіспеншілікпен айтып отырған екен.

Оның парасаттылығына тек қана өзге ұлттың азаматтары емес, өзінің қазақ шәкірттері де таңданыспен қарайтыны жасырын емес. 

Академик, жазушы Ғарифолла Есім 1966-1970 жылдары Семей қаласындағы пединститутта Қайым Мұхамедханұлының дәрісін тыңдап, шәкірті болған: «Ешқашан лекцияға деректерді қағазға тізбектеп жазып келмейтін. Бір сөзбен айтқанда, ақпаратқа өте бай адам болды. Ешбір жерде жоқ дүниелерді бізге айтатын», - дейді.  

Қайым Мұхамедханұлы қарапайым, бітімгершіл, кешірімді болса да, ұстаз Қайым еңбегін еш кетірмейтін, күресуден ешқашан тайсалмайтын жан және шәкірттерін де солай тәрбиелеген. Қайым Мұхамедханұлы ешбір кедергілерге қарамастан өз ісіне деген адалдығын жоғалтпаған. 

Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақованың айтуынша, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші, әдебиетшілер міндетті түрде саясатқа да қазіргі заманға да қатысты жайлардың басы-қасында болуы заңдылық. Себебі кеңес кезіндегі қазақ әдебиетінің тарихы тек Абаймен шектелген кезде, Алаш мұралары айтылмаған уақытта Қайым Мұхамедханұлы секілді тұлғаларымыз өз зерттеулері арқылы репрессияға ұшыраса да, Алаш зиялыларының шығармаларын жазып қалдырды.

Қайым Мұхамедханұлы әрдайым шәкірттеріне Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың және Міржақып  Дулатовтың шығармаларын аузынан тастамай айтып отырған екен.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Махат Садық радио журналист ретінде Қайымнан сұхбат алған кезіндегі ойды ой қозғап, сөз өрістеген сайын оның қиықша кіші көздері өткірлене түсетінін еске алды.

«Әдебиет, дін, өнер, тарих, география, тіл, саясат, экономика, педагогика және философия туралы толымды да, тиянақты пікір айтатын. Сонда ол кісі білмейтін тақырып жоқ шығар деп түйгенмін», - дейді. 

Қайым Мұхамедханұлының терең әңгіме айтатын салалары көп. Дегенмен, соның ішінде жақсы көріп айтатын дүниесі – Абай еді.  Ол Абай, Шәкәрім және Мұхтар шығармашылығын зерттеуге ғұмырын арнаған оқымысты ғалым.

Академик Ғарифолла Есім студент кезінде Қайым ұстаздан мына сөздерді жиі естігенін айтады: «Лириканың жақсы түрлерін жасаған еліміздің үздік ақындары, тұлғалары бар» деп үнемі аузынан тастамайтын. Бірақ, атын сұрасақ бізге айтпайтын. Кейін өзіміз жоғары курстарда оқып жүргенде оның Мағжан Жұмабаев туралы айтқанын білдік. Бір күні «Әдебиет танытқыш» деген кітапты әкеліп, «авторына қарамай-ақ қойындар, бастысы бұл өте жақсы жазылған  терең шығарма» деді. Сөйтсек, ол Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі екен. Осылайша, Қайым Мұхамедханұлы бізді либерал болуға, әдебиетте демократиялық бағыттарға түсуге көп үлес қосты»

Алғашқы абайтанушы 

 «Қай заманда, қандай тарихта, қандай халықта болмасын ұлы адамдары өмірден озғанымен олардың жазып кеткен асыл дүниелері ұрпақтарына мәңгілік дәріс болмақ. Соны дәріптеп, ұлықтау ұлт үшін ұлылық. Батыстың да, шығыстың да поэзиясын жетік меңгерген ол Абай мектебінің ақын-жыраулары туралы 5 томдық кітап шығарды. Осылайша, қазақ әдебиетінің 3 ғасырлық тарихын жасады. Ол – нағыз қазақ. Алаш рухындағы қайраткер, Алаш рухындағы тұлға», – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Махат Садық. 

Расында ол батыс пен шығыс поэзиясын жан жақты менгеріп, жүйелеген талдағандардың бірі. Қайымның Мұхтар Әуезовке жазған хаттарына үңілсек, оны ең алғашқы абайтанушы ғалымдардың бірі болған деп айтуға әбден болады.

Хатында «Мұха, сіздің тапсыруыңыз бойынша Шәкәрімнің біраз ұрпақтарын түгендеп, сіз айтқан оқиғалардың барлығын біліп, хатқа түсіріп жолдап отырмын» деп жазған екен. Сонда Мұхтар Әуезов хабарласып, «Қайым, Абай жолындағы мына бір оқиға қалай болды? Осыны нақты білетін адамдар бар ма? Осының барлығын маған толыққанды жазып жібер» делінген.  Демек, Абай жолының үлкен шығарма болып жазылуына елеулі еңбек сіңірген тұлғалардың бірі осы – Қайым Мұхамедханұлы деп айта аламыз.

 «Мұхтар Әуезов елге келген кезде маңайында топырлаған адамдар жүреді. Ол бәрімін бірдей әңгімелесіп үлгермейді. Архивке барып, оны ақтарып отыратын уақыты жоқ. Қайым сол уақытта соның барлығына көметесіп, ыждахаттылықпен еңбек еткен», дейді жазушы Ғаббас Қабышұлы.

Абайдың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуіне орай Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Серік Қирабаев академиктерді жинап, Абай туралы ерекше естелік шығару туралы бастама көтерген. «Абайды білетін кім бар?» дегенде, академиктердің барлығы бір ауыздан Қайым Мұхамедханұлынан басқа ешкім Абайды түсіндіріп бере алмайтындығын айтқан. Сөйтіп, Серік Қирабаевтың шақыртуымен Қайым Алматыға келеді.

 «Институтта жүріп Абай энциклопедиясының екі томын баспаға шығару үшін қызу жұмысқа кіріседі. Сонда Абайтану деген бөлімін ашып, бас ғылыми қызметкер болды. Сол кездері кеңес уақытындағы Абайдың қара сөздерінен де, өлеңдерінен де Абай, Иман, Алла, Намаз және Ислам деген алынып тасталған сөздерді қайта енгізді», – дейді Айгүл Ісімақова.

Түрмедегі әңгімелері

Өз кезеңінде Қайым Мұхамедханұлының ұлттық  өнер мұрағаттарын көтеру жолында тағдыры талай тауқыметке тірелді. Алаш әдебиетіндегі тұлғалар туындыларын зерттегені үшін 1951 жылы қамауға алынып, 25 жылға сотталды. Сталин өліп, оның жеке басқа табынушылық әшкерелене бастаған 1955 жылы Қайым Мұхамедханұлы түрмеден ақталып шығады.

Айгүл Ісімақова Қайымның сондағы бар кінәсі ғылыми тақырыбында Абайдың балалары бастаған  мектебі болған, өзі үйреткен, өзінің тәрбиесін көрген деген ғылыми ойды дәлелдегенінде екенін айтады.  

Мұхтар Әуезов ақталғаннан кейін Қайым Мұхамедханұлы 25 жылға сотталды. Оның 5 жылын Қарағандыдағы атақты Карлаг деген суық орында өтеді. Түрмеден ақталып шыққаннан кейін де атақ, даңқ беретін тақырыптарға ұмтылмай, «жоқ, мен тек осы Абай тақырыбын зерттеймін, Абайдың ақындық мектебін мен жазуым керек» деп өзіне аманат етіп алып қалу ғылыми ортада өте сирек кездесетін табандылық.  

Тіпті, түрмеде отырған кезінде уақытын босқа жұмсамай ғылым мен ілімге ұмтылған.    

«Қайым Мұхамедханұлынан «Түрмеде қалай болды?» деп сұрағанда: «Түрме керемет болды. Ол жақта Ленинград пен Мәскеуден келген қаншама профессорлар бар. Тура бір университет секілді. Шын мәнінде профессорларды көргенім сол жер болды. Кеш батқан кезде ұйқыға жатпай, бізді жинап лекция жүргізетін, ақыл айтатын. «Бұл уақытша, сендер бұған жасып қалмандар, қиналасындар бірақ, шыдандар» деп бізге жігер беретін» деп әңгімесін күліп айтып отыратын», - дейді академик, жазушы Ғарифолла Есім.   

Алғашқы гимн авторы 

Қайым Мұхамедханұлының шығармашылық жолына үңіле берсең ол туралы көптеген қызықты дерек табуға болады.

Қайым Мұхамедханұлы тек қана жазушы емес, абайтанушы емес, зерттеуші немесе әдебиеттанушы ғана емес, ол – үлкен ақын. Оның ақындығын қазақтың алғашқы гимнінен білуге болады.

 «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын гимнді 27 жасында жазған жас ақын Қайымның шығармашылығын партия ежелден мойындаған. Сол мойындау жолында гимн авторлығына атақты Ғабит Мүсірепов пен Әбділдә Тәжібаев есімдері қосақталды», – дейді Ғарифолла Есім.       

Естеліктер

Жазушы Еркін Жаппасұлы Қайым Мұхамедханұлымен болған естеліктерінің ішінде бір әңгімесімен бөлісті.

«Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редактор Оралхан Бөкей Қайыммен сұхбаттас деп тапсырма берді. Сөйтіп, Семейге хабарласып, ол кісімен байланысып сұхбат алдым. Айтқандарын жарты бет газетке шығарып, астына «Қайым Мұхамедханов филология ғылымдарының докторы, профессор» деп жазып жібердім. Ол газет шыққан соң ертесіне Бас редактор шақырды. Барсам Оралхан аға түнеріп отыр екен. Маған газетті ашып көрсетті де «Қайым Мұхамедхановқа мынадай атақты кім берді? деп сұрады. Сол сәтте бұл халық мойындаған доктор, профессор, академик қой дедім. «Жоқ бұл кісіге ресми атақ берілмеген. Орталық комитеттің идеологиясынан хабарласып жатыр» деді. Кейін «иә, дұрыс айтасын. Бұл кісі тірі энциклопедия ғой», деп менің сөзімнің дұрыстығын растады», – деп еске алды Еркін Жаппасұлы.

Филология ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсын Жұртбай да өзінің естеліктерін айтып берді. Оның айтуынша, ол адамдарды бөліп жармай, барлығына бірдей қарап, бауырына басатын.

«Сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Әлібек Асқаровты ертіп Семейдегі үйіне бардым. Мені өзінің жарының, балаларының тіпті жұрттың көзінше де 11-ші балам Тұрсын, артымда қалған мұраларымды Тұрсынға тапсырамын деп айтып отыратын», – дейді филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.   

Қайым Мұхамедханұлы ешқашан оңай жолды таңдамаған. Академик Рабиға Сыздықованың айтуынша, Қайымның басқалардан ерекшелігі мүлдем басқалар бара алмайтын және бармаған тақырыптарға барғаны. Басқалар көтермеген бірақ өте қажет тақырыптарды зерттегені, текстология әдебиет ғылымының ең негізгі кілті болса, сол кілтті бірінші болып ашқан, көрсеткені. Сондай-ақ, ұлы Абайдың мектебі, шәкірттері дегенді де екінін бірі жаза алмас еді.

Ұлы Абай Құнанбаев 1904 жылдың 23 маусымында дүниеден озды. Араға тура 100 жыл салып 2004 жылдың 30 маусымында Қайым Мұхамедханұлы қайтыс болды.

Оның еңбегін, орнын, атағын да  Қайым Мұхамедханұлы бізден алыстаған сайын тани түсетіндейміз. Қайым туралы әлі көп дүние айтылып үлгерген де жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға