"Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық": Денсаулық сақтау министрі жаңа келісім туралы мәлімдеме жасады

"Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық":  Денсаулық сақтау министрі жаңа келісім туралы мәлімдеме жасады
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда мыңдаған адам өмірлік маңызы бар ағзаларды трансплантациялауды күтіп отыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз келісімін бергенін жариялап, бұл тақырыпты қоғамда ашық талқылауға шақырды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Министрдің айтуынша, ол мұндай шешімді әлдеқашан қабылдап, өз ерік-жігерін тіркеген. Оның пікірінше, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – ағза трансплантациясын күтіп жүрген адамдарға өмір сүруге мүмкіндік берудің бір жолы.

Бүгін көпшілікке бұған дейін қабылданған шешімімді айтқым келеді. Мен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз келісімімді тіркедім. Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Себебі әрқайсымыз бір күні өзімізге немесе жақын адамымызға қатысты осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамға көмектесудің бір жолы, - деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда eGov арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ерік-жігерін шамамен 184 мың адам тіркеген. Келісім білдірушілер саны артып келеді.

Сонымен қатар елде трансплантация кезегінде 4 867 адам тұр. Оның ішінде 4 311 адам бүйрек, 212 адам жүрек, 314 адам бауыр және 30 адам өкпе трансплантациясын күтуде.

Күту тізіміндегі әрбір санның артында өмірін сақтап қалуға деген үміт бар. Бүгінде 4 867 отандасымыз трансплантация күтуде. Олардың әрқайсысы үшін уақыттың маңызы зор, - деді министр.

Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту тек медицина саласының міндеті емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәселенің шешімінде қоғамның сенімі, ашық пікір алмасу және азаматтардың саналы таңдауы маңызды рөл атқарады.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту – тек денсаулық сақтау жүйесінің міндеті емес. Бұл – қоғамның сеніміне, ашық диалогқа және әр адамның саналы шешіміне байланысты мәселе, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Оқи отырыңыз