Жаңалықтар

Қайрат Рысқұлбековтің кеудесін тік көтеріп сотқа тартылған суреті Колбинді неге ашуландырды?

Қайрат Рысқұлбековтің кеудесін тік көтеріп сотқа тартылған суреті Колбинді неге ашуландырды?
Фото: Юрий Беккер 16.12.2023 14:00 2445

Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды деп айыпталған кеудесін нық ұстап тұрған төрт жігіттің суреті Колбинді ашуландырды. Себебі сотталып жатқан төртеуі кеуделерін нық ұстап, үкім оқып жатқан судья басын салбыратып, сотталып жатқан төртеу емес, судья сияқты, бұлай тұрғаны несі деп фотоны түсірген Юрий Беккер жұмыстан қуылады. Оған тапсырма берген редакторлар да жұмыстан, партиядан қуылады. Желтоқсан көтерілісі кезіндегі 99 сот ісінің ішіндегі Қайрат Рысқұлбеков, Жамбылтай Жұмаев, Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Көпесбаев жазықсыз жауапқа тартылған ең басты сот ісі туралы осы процесте аудармашы қызметін атқарған Дос Көшімнен сұрадық.

- Қайрат Рысқұлбековтің сот ісі қалай жүрді? Аудармашы болған екенсіз.

- Қайрат Рысқұлбековтің сотында аудармашы болдым. Шынын айту керек, сот ісіне барғым келмеді. Ол уақытта «барғым келмейді» деп бас тартуға болмайтын еді. Сондықтан баруыма тура келді. Қалай өткені, қандай әділетсіздікпен өткені көз алдымда тұр.

Прокуратураның ішінде сол ісін аударып жатқанда, Дубаев деген кісі болды. Сотқа дейін 3-4 ай уақыт бұрын мен аударып жатқан уақытта «мынау жігіт ату жазасына кетеді» деп Қайрат Рысқұлбеков туралы айтты. Бұл наурыз айы болатын, ал сот отырысы маусым айында болды. «Қасындағы үш жігіт 15 жылға сотталады» деді. Мен сол уақытта әлі сот та болған жоқ, іс қаралған жоқ, бұлар қалай шешім шығарып қойды деп ойлап қалдым. Сөйтсем, жоғары жақтағылардан басынан осындай тапсырма болған екен. Барлығы дайын сценарий бойынша жасалғанын түсіндім. Савицкий деген полиция қызметкері қыздарды ұрып жатқанын көріп, қазақтың жігіттері жиналып келіп, оны ұрып өлтірген деп жатты. Оны ұрған адамдар деп Қайрат Рысқұлбеков, Жамбылтай Жұмаев, Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Көпесбаев тсотқа тартылды. Сотқа менің қатты таңғалғаным фотографтар, кинохроника түсіретіндер қаптап келді. Президентпен кездесу сияқты өтті. Төрт жігіт айыпталушы орындығында тұр. Судья төртеуін де тұрғызып қойды да «Сіздер қылмыстарыңызды мойындайсыздар ма?» деп жеке-жеке сұрады. Барлығы қасқайып тұрып «жоқ» деді. «Ал енді уақытша демалыс жариялаймыз» деді. 20 минут уақыт өткеннен кейін келгенімізде кинохроника жасаушылар мен фотографтардың ешқайсысы жоқ. Менің ойымша, олар желтоқсаншыларды мойындатып, соны түсіріп алып, теледидардан, газеттерден радиодан «міне, Савицкийді ұрып-соққан қазақтың жігіттері сотталды» деп көрсетпек болды. Бірақ олардың бұл мақсаты орындалмай қалды. Кейін олардың қасқайып тұрған суреттері екі газетте жарияланды. Сол суретті түсіргендер мен жариялағандар жазаланды. Өйткені олардың қасқайып қарсы қарап тұрған отты жанары басқа жастарға жігер мен рух береді деп қорықты. Олардың қарсы қарап тұрған суреті жоғарыдағыларды қатты қорқытты.

- Қайрат Рысқұлбековтің кінәсін қалай дәлелдеді? Қылмыстың жасалғанына қатысты дәйек пен дәлел жеткілікті болды ма?

- Қайрат Рысқұлбековтің Савицкийді өлтірді деген уақытта Қайраттың басқа жерде болғаны анықталды. Савицкийді ұрып өлтірген уақыт сағат 11-лердің кезі. Ол уақытта Қайрат Рысқұлбеков өзінің курстастарымен бірге «Қазақстан» қонақ үйінің қасында жүрген. Дәл сол уақытта бір милиция қызметкерімен керісіп қалған. Оны сол кезде капитан да мойындады. Ұмытпасам, Алмабеков деген капитан. Желтоқсан көшесіне дейін арада 5-6 квартал бар. Автобустар тоқтап қалған, адамдар қаптап жатты. Савицкий өлтірілген Желтоқсан көшесіне келе алмайтын еді.

Екінші бір дәйек – Қайрат Рысқұлбековтың мойындаған видеосы бар екен. Соны көрсетті. Ұрып-соғып, сотқа дейін мойындатқан. Осы жерде ұрдым деп бірінші басқа жерді көрсеткен, видеоның соңына қарай басқа жерді көрсеткен. Қайрат өзінің қай жерде ұрып өлтіргенін өзі білмей тұрғаны көзге қатты көрініп тұрды. Ол кезде қазіргідей емес, монтаж дамымай жатқан кез, барлығы көрініп тұрды.

Үшінші дәйек – Қайрат Рысқұлбеков сағат 11-де мынандай көшеде болдым, қасымда мына достарым болды деп айтты. Сол аты аталған адамдар сот залына шақырылып, түсініктеме алынды. Олар өз түсініктемелерін берер алдында судья оларға егер сендер сол күні алаңда болғандарыңды растасаңдар мынандай бап бойынша 10 жылға бас бостандықтарыңнан айырыласыңдар деп айтты. Осыдан кейін олар Қайрат Рысқұлбековтің қасында болғанын айта алмайтындары түсінікті еді. Біріншісі, екіншісі бәрі бір ауыздан «жоқ, біз оның қасында болған жоқпыз» деп айтты. Қайрат ашуланып, дауыстап «Пәленше, біз бірге болдық қой» деп айқайлап жібергені бар. Олар жерге қарады. Кейіннен естуімше, ол екі жігіттің бірі екі жылға, екіншісі төрт жылға сотталған. Өтірік ұстап бергендері үшін олардың жазасын жеңілдеткен болуы керек. Сот залында тағы да бірнеше куә болды. Олар Савицкий өлтірілген көшеде, радио орталығында отырғандар. Олар біз осы төрт жігітті көрдік деп жалған куәлік берді. Олар мынандай киім киген, мынандай шалбарлары, курткалары болды деп айтты. Сурет арқылы «еске түсіргені» көрініп тұрды. Өйткені 20 адам соққыға жығып жатқанда, қаптаған адамның арасынан олардың шалбарының түсін алыстағы терезеден көру мүмкін емес еді. Бір қызығы біреуі Түгелбай Тәшеновтің мұрты бар деп қалды. Суретте ол төмен қарап қалған екен. Мұрнының астына көлеңке түсіп, сол мұрт сияқты әсер қалдырған. Суретпен куәгер болып, ұстап бергендері байқалып қалды.

- Неге адам өлтірді деген айыпты Қайрат Рысқұлбековке таңуға тырысты. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

- Жоғарыдан әйтеуір біреуді соттау керек деген бұйрық берілді. Төрт жігіт төрт жерде жүрген. Соларды теріп алып, сотқа тартты. Артында қорғап қалатын адамы жоқ, жастауларын, ауылдан келген деген сияқты критериймен таңдауы мүмкін. Нақты өлтірген адам белгісіз. Савицкий бір қазақтың қызын ұрып жатқан кезінде қазақтың жігіттері сол қызды қорғап, араша түскен. Тепкіден көз жұмған.

- Өлім жазасына кесілген сәт есіңізде ме?

- Сот ісінде прокурор, сот, 4 адвокат, 2 алқаби болды. Сол екі алқабидің біреуі жасы 40-тан асқан қазақ ер адам болды. Сол кісі де өлім жазасына кесілгені туралы қағазға қол қойды. Соттағы көріністен көзіме жас келді, қатты толқып кеттім. Сол сезімнің жетегінде қазақ алқабидің қасына жақындап барып «Аға, неге қол қойдыңыз? Қолыңызды қанға былғадыңыз ғой» деп айттым. Ол кісі жылап жіберді. Еңкілдеп жылап «Қол қоймаймын» деп екі сағат отырдым. Мәмілеге келе алмадым» деп айтты. Мен «Сіз қоймасаңыз да сот пен бір алқаби қол қойса да, өлім жазасына кесілетін еді ғой. Қолыңызды бекер қанға боядыңыз» деп айттым.

- Өлім жазасына кесілгенде, ақтық сөзі қандай болды?

- Соңғы сөзінде ол екі өлең оқыды. Бірінші өлең «Ей, прокурор» деп басталатын әділеттілігің қайда деген өлең болды. Екінші өлеңі – Ата-анасымен қоштасу. Сол өлеңінің ішінде «Еркек тоқты құрбандық, атам десең, атыңдар» деген сөздері бар шығар. Ол өлеңнің ішінде қандай сөздер болғаны есімде жоқ. Ата-анамен қоштасу атты өлеңін оқығанда, адамдардың жылап отырғанын көрдім. Маған өлеңді аударып беріңіз деді. Мен «кешіріңіз, бұл – өлең. Өлең аударылмайды» деп айттым. Ол одан кейін сөз қозғаған жоқ. Қайрат Рысқұлбековтің өлең дәптері болды. Сол дәптерді білдірмей алып берші деп, қазақ жігітке өтініш айтып, дәптерін сұратып алдым. Үзілісте сол дәптерді інілеріне бердім. Соңғы кетіп бара жатқан уақытта анасына «Апа, мен кінәлі емеспін» деп айқайлады.

- Желтоқсан көтерілісі қазақстандықтардың санасына қалай әсер етті? Тәуелсіздік алуымызға осы оқиғаның әсері болды деп ойлайсыз ба?

- Басқа адамдарға қалай әсер еткенін білмеймін. Мені оятты. Менің қоғамдық-саяси жолға түсуіме әсер етті. Қандай әділетсіз қоғамда өмір сүріп жүрміз деген ой салды. 99 адамның соты болды, олардың бәрінің соты осындай әділетсіздікпен өтті.

- Желтоқсан оқиғасынан бері арада 37 жыл уақыт өтті. Өзінің әділ тарихи бағасын алды деп ойлайсыз ба?

- Әлі де әділ тарихи бағасын ала алмады. Көтеріліске шығып, жазықсыз қудаланғандар бар. Ал оларды қудалағандар жоқ. Жазықсыз сотқа тартып, жалған дәлел мен дәйек жасағандардың атын атауымыз керек. Сол кезде ғана Желтоқсан оқиғасы өзінің әділ бағасын алады. Неліктен соттағандар жоқ? Осы оқиғадан кейін атақ пен даңқ, қызметке ие болған бір топ адам болды. 4132 адам атақ алды, марапат алды. Соның он үші грамоталарын тапсырды. Бұл қанды грамота, мен оны ала алмаймын деп тапсырған екен. Қалғандары әлі «заман сондай болды, бізді кешіріңдер» деп ел алдына шықпады. Желтоқсан оқиғасы барлық шындық ашылғанда ғана тарихи бағасын алады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға