Жаңалықтар

Қайрат Боранбаевтың активтері мемлекетке берілгені рас па?

Қайрат Боранбаевтың активтері мемлекетке берілгені рас па?
Фото: instagram.com/f.c.kairat 28.03.2024 16:38 461

Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың активтеріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кей жекелеген БАҚ өкілдерінің Қайрат Боранбаевтың мемлекет пайдасына активтерді беруінің жалғандығы туралы таратқан ақпараты шындыққа жанаспайды. Жарияланған ақпараттарға сай активтерді мемлекеттік органдардың балансына беру процесі аяқталды. Екі нысан бойынша қайта тіркеу рәсімі өтуде, - делінген ақпаратта.

Қаржылық мониторинг агенттігі тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.

Кәсіпкер мемлекет меншігіне қандай мүлікті қайтарды?

Қайрат Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақ үй кешенінің жылдық айналымы 900 млн теңгеге жуық. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастырумен әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарлануда.

Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды. Еске салайық, көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өтеген болатын.

Мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС. "Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады.

Сондай-ақ, «Fitnation» фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарлануда.

«Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өтті, оның өндірістік параметрлері - құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма. Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық.

Сонымен қатар, құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпорын жұмысшыларының саны 740 адамды құрайды. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік пайдасына өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға