Жаңалықтар

Қайрат Боранбаев кінәсін мойындады

Қайрат Боранбаев кінәсін мойындады
Фото: ©El.kz/Бақытжан ОТАРБАЕВА 22.08.2023 11:30 2443

Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Апелляциялық алқа Боранбаевтың және істің басқа екі қатысушысының: Роман Наханов пен Тайыр Жанұзақтың ісін қайта қарады.

Судья Асламбекова  Қайрат Боранбаевтан «кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады. 

Іс жүргізу келісіміне сәйкес, мойындаймын, - деп жауап берді Қайрат Боранбаев.


Сотта атап өткендей, келісімнің шарттары әлі талқыланбаған. Ол үшін нақты уақыт тағайындалады. Боранбаевтың ісі өткен жылдың желтоқсан айында басталған болатын.

Айта кетейік, наурыздың 31-і күні Қайрат Боранбаевтың сот үкімі шығып, ол кінәлі деп танылды. Сот Қайрат Боранбаевқа мал-мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қоса QazaqGaz басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды. Судья Назгүл Бапақова оларды QazaqGaz ұлттық компаниясына ресейлік газды қайта сату кезінде 14,5 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша кінәлі деп тапқан. Кейін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты алдында шығарылған сот үкімінің күшін жойды. Бұған Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжаттың түпнұсқасының болмауы себеп болған. Сот Қайрат Боранбаевқа, Роман Нахановқа және Тайыр Жанұзаққа қатысты 2023 жылы 31 наурызда шыққан сот үкімнің күшін жойды.
«Бағадағы айырма газ бағасын көтеру түріндегі қылмыс ретінде қарастырылған. Сот хаттамасында алаяқтық схемасын дәлелдейтін дәлелдер жоқ делінген».
 
Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға