Сапёр – қателесуге болмайтын мамандық иесі. Олар жарылғыш заттарды залалсыздандырып қана қоймай, өзгенің өмірі үшін күн сайын тәуекелге барады. Қауіпті аумаққа ең бірінші кіріп, ең соңғы болып шығатын да – осы мамандар.
Отан қорғаушы күні қарсаңында Арыс қаласындағы инженерлік-сапёрлік батальонның инженерлік-сапёрлік ротасының командирі, лейтенант Бауыржан Мәкиевпен сұхбаттастық. Әңгіме барысында ол сапёр мамандығының ерекшелігі, минасыздандыру кезіндегі жауапкершілік және әскери өмірдің көпшілік біле бермейтін тұстары туралы айтты.
El.kz: Бауыржан мырза, ең алдымен Отан қорғаушы күні құтты болсын! Әскери мамандықтардың ішінде көпшілікке ерекше әрі қауіпті болып көрінетін саланың бірі – сапёр ісі. Жалпы бұл мамандық несімен ерекшеленеді? Қазақстанда сапёрлердің рөлі қаншалықты маңызды?
Бауыржан Мәкиев: Рақмет! Сапёр – бетпе-бет келген қауіпті күн сайын салқынқандылықпен, дәлдікпен және үлкен сабырмен жеңетін маман. Қауіп бар жерде сапер де бар деуге болады. Мейлі ол қираған ғимарат болсын, жарылғыш зат қалған аумақ болсын, ең алдымен сол жерге сапёрлер кіреді.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде сапёрлер инженерлік әскерлер құрамына кіреді. Инженерлік әскерлердің ерекшелігі – бейбіт уақытта да нақты жауынгерлік міндет орындайтын санаулы құрылымдардың бірі. Біз жергілікті аумақтарды, түрлі нысандарды жарылу қаупі бар заттардан тазартамыз.
Жалпы сапёр мамандығы – өте сирек әрі стратегиялық маңызы жоғары әскери кәсіптердің бірі. Себебі мұнда қателесуге болмайды. Әр шешім, әр қадам адам өмірімен байланысты. Сондықтан саперлёрге қойылатын талап та өте жоғары, дайындық бірнеше кезеңнен тұрады.
Бүгінде сапёрлердің жұмысы еліміздің барлық өңірінде қажет. Әсіресе полигондарда, қару-жарақ сақтау орындарында немесе төтенше жағдай болған аумақтарда біздің мамандар жиі жұмыс істейді. Мысалы, Арыс қаласындағы және Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстардан кейін аумақты тазарту, қауіпті заттарды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар қазақстандық сапёрлер халықаралық бітімгершілік миссияларына да қатысады. Таяу Шығыс секілді аймақтарда әскери қақтығыстардан кейін қалған оқ-дәрілерді залалсыздандыру, гуманитарлық минасыздандыру жұмыстары бар.
Қысқаша айтқанда, соғыс болсын, оқу-жаттығу болсын немесе төтенше жағдай болсын, артында «қауіпті мұра» қалған кез келген жерде сапёрлердің еңбегі қажет.
El.kz: Сапёр мамандығын таңдауға не себеп болды? Көпшілік бұл қызметті әскердегі ең қауіпті мамандықтардың бірі деп есептейді ғой.
Бауыржан Мәкиев: Иә, бұл расымен қауіпті мамандықтардың бірі. Бірақ мен сапёр қызметін тек қауіппен байланыстырып қарамас едім. Бұл – әр қателіктің бағасы алдын ала белгілі мамандық. Сондықтан мұнда кездейсоқ адамдар келмейді.
Көп адам сапёр дегенде адреналинді немесе ерлікке толы фильмдерді елестетеді. Шын мәнінде бұл мүлде басқаша. Сапёр ең алдымен салқынқанды, өте мұқият әрі ішкі тәртібі мықты адам болуы керек. Себебі жарылғыш затпен жұмыс кезінде «кейін қайта жасап көремін» немесе «тағы бір тексеремін» деген мүмкіндік болмайды. Барлығын бірден дұрыс орындауың қажет.
Бұл мамандық адамға өз әрекетін ғана емес, ойын да бақылауды үйретеді. Әр шешімге жауапкершілікпен қарайсың. Мен үшін сапёр болу – батылдық қана емес, үлкен тәртіп пен төзімділіктің мектебі.
El.kz: Сапёрлердің қызметі басқа әскери мамандардан несімен ерекшеленеді?
Бауыржан Мәкиев: Сапёрлердің ойлау жүйесі сәл бөлек деуге болады. Мысалы, жаяу әскер алға жылжитын болса, сол жолды қауіпсіз етіп дайындайтын – біз. Кейде бірнеше метр жерді тазарту үшін ұзақ уақыт кетеді. Себебі әр қадам мұқият тексеріледі.
Біздің жұмыс тек физикалық дайындықпен шектелмейді. Сапёрлердің бойында инженерлік ойлау қабілеті болуы өте маңызды. Біз жарылғыш механизмдердің қалай жұмыс істейтінін, олардың қысымға, қозғалысқа немесе уақытқа қалай әрекет ететінін түсінуіміз керек.
Кейде бұл күрделі есеп шығарумен бірдей секілді көрінеді. Бірақ айырмашылығы – мұнда қателіктің құны өте жоғары. Сондықтан сапёр әрдайым сабырлы, дәл әрі өте мұқият болуы керек.
El.kz: Сапёр мамандығындағы ең қиын нәрсе не деп ойлайсыз?
Бауыржан Мәкиев: Ең қиыны – ішкі тыныштықты сақтау. Бұл физикалық қиындық емес. Сен жарылғыш затпен бетпе-бет тұрған кезде айналаңда техника жүруі мүмкін, адамдар сөйлеп жатуы мүмкін, түрлі шу болады. Бірақ дәл сол сәтте санаң тып-тыныш болуы керек. Өйткені сапёр үшін ең үлкен жаудың бірі – қорқыныш.
Тағы бір маңызды нәрсе – жауапкершілік. Сен тек өзің үшін жұмыс істемейсің. Артыңда басқа әскери қызметкерлер, техника, кейде бейбіт тұрғындар тұрады. Егер бір қателік жіберсең, оның зардабын өзгелер көруі мүмкін.
Жалпы сапёрдің міндеті – қауіпті қауіпсіз ету. Бұл жұмыста әрдайым тәуекел бар. Бірақ соған қарамастан біз өз міндетімізді барынша мұқият орындауға тырысамыз.
El.kz: Сіздің ойыңызша, сапёр үшін ең маңызды қасиеттер қандай?
Бауыржан Мәкиев: Ең алдымен – салқынқандылық. Сапёр кез келген жағдайда сабыр сақтай білуі керек. Одан кейін ұсақ детальдарға назар аудару өте маңызды. Кейде кішкентай ғана нәрсе үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін.
Тағы бір басты қасиет – тәртіп. Бұл мамандықта әр әрекет нақты ережемен орындалады. Өз білгеніңмен жұмыс істеуге болмайды.
Сонымен қатар сапёр тек өзі үшін емес, қасындағы адамдар үшін де жауапкершілік арқалайды. Сондықтан бұл қызмет үлкен сенім мен мұқияттылықты талап етеді.
El.kz: Минасыздандыру кезінде қорқыныш сезімі бола ма? Мұндай сәтте адам өзін қалай ұстайды?
Бауыржан Мәкиев: Әрине, қауіпті толық сезінбейді деу дұрыс емес. Бірақ сапёрдегі қорқыныш көпшілік ойлағандай үрей түрінде болмайды. Ол көбіне белгісіз жағдайдағы тәуекелді сезіну, ерекше сақтық ретінде байқалады.
Әсіресе стандарттан тыс жағдайларда немесе бұрын кездеспеген жарылғыш заттармен жұмыс істеген кезде барынша мұқият болуға тырысасың. Бірақ бұл адамды абдырататын қорқыныш емес. Керісінше, ол сені жинақы болуға мәжбүрлейді.
Тәжірибе артқан сайын эмоциядан гөрі кәсіби дағды алдыңғы орынға шығады. Сол сәтте қорқынышты ойламайсың, тек алгоритм бойынша әрекет етесің. Өйткені сапёр жұмысында ең маңыздысы – тәртіп, сабыр және дәлдік.
El.kz: Жалпы еліміздегі сапёрлердің саны немесе инженерлік әскердің құрылымы туралы ашық мәлімет бар ма?
Бауыржан Мәкиев: Сапёрлердің, оның ішінде инженерлік әскер мамандарының нақты саны жарияланбайды. Бұл – қызметтік сипаттағы ақпарат. Сондықтан мұндай мәліметтер ашық түрде айтылмайды.
El.kz: Сапёр мамандығына іріктеу қалай жүргізіледі?
Бауыржан Мәкиев: Сапёрлерге іріктеу өте қатаң жүргізіледі. Бұл жай ғана медициналық тексерістен өтіп, әскери бөлімге жазыла салатын мамандық емес. Себебі мұнда қателіктің құны – адам өмірімен өтеледі. Сондықтан сапёр болғысы келетін адам бірнеше кезеңнен өтеді.
Алдымен денсаулығы толық тексеріледі. Көру қабілеті, қозғалыс координациясы, ағзаның жалпы жағдайына дейін қарайды. Сапёр жұмысында ұсақ нәрсенің өзі үлкен рөл ойнайды.
Одан кейін психологиялық дайындық бағаланады. Адамның стресс кезінде өзін қалай ұстайтыны, қысым кезінде шешім қабылдай алуы өте маңызды. Кейбір адамдар физикалық тұрғыдан мықты болғанымен, психологиялық жағынан шыдамай жатады. Мұндай жағдайда бұл мамандыққа жіберілмейді.
El.kz: Болашақ сапёрлер арнайы қандай дайындықтан өтеді?
Бауыржан Мәкиев: Дайындық бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен теориялық білім беріледі. Болашақ сапёрлер әртүрлі оқ-дәрілердің құрылысын, олардың қалай жұмыс істейтінін, залалсыздандыру тәсілдерін үйренеді. Кейін оқу макеттерімен тәжірибе жасайды.
Сонымен қатар дене дайындығына да ерекше көңіл бөлінеді. Бірақ бұл жерде тек күш емес, төзімділік пен дәлдік маңызды. Кейде ұзақ уақыт бойы өте мұқият жұмыс істеуге тура келеді.
Жалпы сапёр – жай әскери қызметкер емес. Бұл – физикалық дайындықты, психологиялық тұрақтылықты және үлкен жауапкершілікті қатар алып жүретін мамандық.
El.kz: Сапёрлік бөлімшелердің негізгі міндеті қандай? Соғыс уақытында инженерлік әскерлер немен айналысады?
Бауыржан Мәкиев: Соғыс уақытында инженерлік әскерлер өте күрделі міндеттерді орындайды. Біздің негізгі мақсат – әскерлердің қауіпсіз қозғалуына және тапсырмаларды орындауына жағдай жасау.
Мысалы, сапёрлер аумақты минадан тазартады, мина-жарылғыш кедергілер орнатады, өткелдер салады, әскери позицияларды дайындайды. Қажет болған жағдайда белгілі бір нысандарды бұзу жұмыстарымен де айналысады. Қысқаша айтқанда, біз әскер жүретін жолды ашамыз, ал кей жағдайда қарсылас үшін, керісінше, жолды жабамыз.
Бұл қызмет үлкен дәлдікті, арнайы техниканы және кәсіби дайындықты талап етеді. Сондықтан инженерлік әскерлер Қарулы Күштердегі ең маңызды бағыттардың бірі саналады.
El.kz: Ал бейбіт уақытта сапёрлер қандай жұмыс атқарады?
Бауыржан Мәкиев: Көп адам сапёрлер тек соғыс кезінде жұмыс істейді деп ойлайды. Бірақ бейбіт уақытта да міндет өте көп.
Инженерлік әскерлер түрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларға қатысады, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көмектеседі. Мысалы, Арыс қаласы мен Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстардан кейін аумақты тазарту жұмыстарына сапёрлер жұмылдырылды.
Сонымен қатар полигондарды жарылмаған оқ-дәрілерден тазарту, инженерлік техникаларды жөндеу, әскери мамандар даярлау секілді жұмыстар атқарылады.
Сапёрлер табиғи апаттар кезінде де көмекке келеді. Мәселен, 2024 жылғы су тасқыны кезінде инженерлік әскерлер Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында өткелдер орнатып, адамдарды эвакуациялауға қатысты. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшіріліп, гуманитарлық көмек жеткізілді.
Бұдан бөлек, қазақстандық сапёрлер халықаралық деңгейде де тәжірибе алмасып келеді. 2023 жылдан бастап Қазақстанда БҰҰ-ның сертификатталған минасыздандыру курстары өткізіліп жатыр. Оған шетелдік әскери мамандар да қатысуда.
Жалпы сапёрлердің жұмысы тек әскери міндетпен шектелмейді. Олар ел қауіпсіздігіне, төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықтың қауіпсіз өмір сүруіне де үлкен үлес қосып келеді.
El.kz: Қазақстанда сапёрлерді даярлау қандай стандарттарға негізделеді?
Бауыржан Мәкиев: Қазақстанда сапёрлерді даярлау ең алдымен Қарулы Күштердің ұлттық әскери стандарттарына және инженерлік әскерлердің арнайы оқу бағдарламаларына негізделеді. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе де ескеріледі. Әсіресе гуманитарлық минасыздандыру бағытында United Nations Mine Action Service және IMAS стандарттарының кейбір элементтері қолданылады. Бұл тәсілдер көбіне бітімгершілік миссияларда пайдаланылады.
Оқыту қатаң жүйемен жүргізіледі. Алдымен теориялық дайындық өтеді, кейін практикалық сабақтар мен оқу-жаттығулар басталады. Болашақ сапёрлердің дағдылары тұрақты түрде тексеріліп отырады.
Біздің мамандықта ең басты талаптардың бірі – қауіпсіздік пен тәртіп. Сапёр әр әрекетті нақты алгоритм бойынша орындауы керек. Себебі бұл салада кішкентай қателіктің өзі үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Сондықтан дайындық барысында салқынқандылыққа, мұқияттылыққа және рәсімдерді дәл сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.
El.kz: Қазіргі технологиялар, соның ішінде дрондар мен роботтар саперлердің жұмысын қаншалықты жеңілдетті?
Бауыржан Мәкиев: Иә, заманауи технологиялар сапёрлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Қазір дрондардың көмегімен қауіпті аймақты алдын ала бақылауға болады. Яғни адам бармай тұрып аумақтың жағдайын көріп, тәуекелді бағалап, әрекетті жоспарлаймыз.
Ал роботталған құрылғылар өте қауіпті нысандарды қашықтан тексеруге және залалсыздандыруға мүмкіндік береді. Бұл әскери қызметшілер үшін қауіп-қатерді азайтады.
Әрине, технология тәуекелді толық жойып жібермейді. Бірақ оны басқаруға көмектеседі. Қазір кей міндеттерді техника орындайды, ал соңғы шешімді бәрібір сапёр қабылдайды. Себебі кез келген жағдайда жауапкершілік адамда қалады.
Жалпы бүгінгі минасыздандыру жұмыстары қауіпсіздікті күшейтуге және жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи технологияларға көбірек сүйенеді.
El.kz: Сапёрлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданылады?
Бауыржан Мәкиев: Шынын айтқанда, біздің жұмыста «абсолютті қауіпсіздік» деген ұғым жоқ. Бірақ тәуекелді барынша азайтуға арналған нақты жүйе бар. Сапёрлердің қауіпсіздігі ең алдымен дайындықтан басталады. Әр маман ұзақ оқу кезеңінен өтеді. Олар жарылғыш заттардың түрлерін, құрылысын, қалай әрекет ететінін және қауіп деңгейін толық меңгереді. Бізге ең алдымен әрекет етуді емес, дұрыс ойлануды үйретеді.
Сонымен қатар арнайы қорғаныс құралдары пайдаланылады. Жарылысқа қарсы костюмдер, дулығалар, қорғаныс қалқандары бар. Бірақ қауіпсіздіктің басты кепілі тек жабдық емес, тәртіп пен кәсіби дайындық.
Сапёрлер ешқашан жалғыз жұмыс істемейді. Міндетті түрде топпен әрекет етеді. Бір адам жарылғыш затты анықтаса, екіншісі бақылап тұрады, үшіншісі сақтандыру жұмысын жүргізеді. Барлық шешім бірнеше рет тексеріледі.
Операция алдында міндетті түрде барлау жүргізіледі. Аумақ зерттеліп, секторларға бөлінеді, барлық тәуекел алдын ала есептеледі. Қажет болған жағдайда дрондар мен арнайы техника қолданылады.
Жалпы, біздің жұмыста қауіпсіздік бір ғана факторға байланысты емес. Бұл – тәртіптен, дайындықтан, техникадан және командалық жұмыстан тұратын тұтас жүйе. Сол жүйенің әр бөлігі нақты орындалғанда ғана нәтиже болады.
El.kz: Сапёр секілді қауіпті мамандық иелеріне мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік қолдау қарастырылған?
Бауыржан Мәкиев: Сапёрлер жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейтін әскери қызметшілер қатарына жатады. Сондықтан мемлекет тарапынан оларға арнайы әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Жалпы әскери қызметкерлерге берілетін ақшалай қамтамасыз ету, медициналық көмек, тұрғын үй төлемдері секілді кепілдіктерден бөлек, саперлерге қызмет ерекшелігіне байланысты қосымша өтемақылар қарастырылған. Мысалы, минасыздандыру және жарылғыш заттармен жұмыс істеуге қатысқан әр күн үшін арнайы төлем беріледі.
Сонымен қатар сапёрлердің денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Қауіпті міндеттерден кейін әскери қызметшілер санаторий-курорттық ем қабылдап, оңалтудан өте алады. Бұл олардың физикалық және психологиялық жағдайын қалпына келтіруге көмектеседі.
Жалпы мемлекет сапёрлердің еңбегін ескеріп, олардың қауіпсіздігіне, денсаулығына және әлеуметтік қорғалуына бағытталған қолдау шараларын қарастырған.
El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!