Енді Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық ота жасайтын клиникаларға тексеру жүргізеді.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында Бас прокуратурамен келісіп, пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізуді жоспарлап отыр. Кешенді тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 92 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Пластикалық хирургия саласында көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің көбеюіне байланысты тексерулердің басым бөлігі 2024 жылы болды, – делінген министрлік хабарламасында.
Тексеру нәтижесінде лицензиялық талаптардың, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ кейбір медициналық ұйымдардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болды.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Комитеттің аумақтық департаменттері міндетті түрде орындалуға тиіс нұсқамалар берді. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бақылау шаралары аясында Комитеттің аумақтық департаменттері пластикалық операциялардың соңы адам өліміне әкелген жекелеген жағдайлар бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Мұндай оқиғалардың ең көбі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелді. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар заңнамаға сәйкес тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. – деді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Олардың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның заң талаптарына сай көрсетілуін бақылау және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік бақылау жұмыстарын жалғастырады.