Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур президентімен келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур президентімен келіссөз жүргізді
Фото: t.me/aqorda_resmi 23.05.2024 10:22 290

Мемлекет басшысы Сингапур Республикасының Президенті Тарман Шанмугаратнаммен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына сый-құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, бұл 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған бірінші сапары екенін атап өтті. Сондай-ақ 1970-жылдары Кеңес одағының дипломаты ретінде қызмет еткендіктен, бұл елді өте жақсы білетінін және араға уақыт салып мұнда Қазақстан Президенті ретінде қайта келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санайды. Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, екіжақты сауда көлемі көп ұзамай 2 миллиард доллардан асады.

Қазақстан Президентінің айтуынша, еліміз сенімді саяси диалогқа, қарқынды дамып келе жатқан сауда және инвестициялық байланыстарға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға