Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда дауыс берді

Кезектен тыс Президент сайлауында дауыс беру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев №58 сайлау учаскесіне келді
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда дауыс берді
Фото: baigenews.kz 20.11.2022 09:00 1355

Президенттіктен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №58 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кезектен тыс Президент сайлауында дауыс беру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев №58 сайлау учаскесіне сағат 8.48-де келді.

Аталған сайлау учаскесінің төрайымы Қымбат Мұқанованың айтуынша, аталған учаскеде 2627 адам тіркелген. Қазіргі уақытта оның 200-ден астам сайлаушы дауыс беріп үлгерген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірнеше саяси партия мен республикалық қоғамдық бірлестік халықтық коалиция ретінде ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевті 12 қазанда үміткер ретінде тіркеді.

Қ. Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб өкілдері еліміздің барлық өңірлерін аралап шықты.

Мемлекет басшысы елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесіне барып, кезектен тыс өтіп жатқан Президент сайлауында дауыс берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда дауыс берді

Журналистер алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы еліміз үшін тарихи күн екенін атап өтті.

– Бүгін – өте маңызды, тарихи күн. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп отырмыз. Шын мәнінде, биыл оңай болған жоқ. Бірақ халқымыз жұмылып, қиындықтардың бәрін еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндеттер, мақсаттар бар. Атқаратын жұмыс әлі де көп. Саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жазда жалпыұлттық референдум өтті. Енді, міне кезектен тыс Президент сайлауы өткізіліп жатыр. Келешекте бұл жұмыстар жалғаса береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға