Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент өз құттықтауында отбасының қоғам мен мемлекеттің дамуындағы маңызына тоқталып, әр адамның дүниетанымы мен адами қасиеті ең алдымен отбасында қалыптасатынын атап өтті.

Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Конституцияға сәйкес неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында екенін атап өтті. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылғанын айтты.

Президент бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік, заң мен тәртіпті сақтау, табиғатты аялау және қоғамдық мәдениет сияқты құндылықтар ең алдымен отбасындағы тәрбиеден бастау алады.

Бәріміз осы ортақ міндетке күш жұмылдырсақ, қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этика қалыптастырамыз. Осылайша, әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан азаматына зор денсаулық пен толайым табыс тіледі.

Оқи отырыңыз