Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барды.
«Мемлекет басшысы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді», – делінген Ақорданың 2026 жылғы 29 қарашадағы хабарламасында.
Бүгін, 29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.
Сағат 14:00-дегі мәлімет бойынша, елімізде сайлаушылардың 45,46 пайызы дауыс берген.
Мәслихат депутаттығына кімдер үміткер?
Ұсынылған мәліметке сәйкес, партиялық тізім бойынша сайлауға жеті саяси партия қатысып жатыр:
-
«Әділет» партиясы;
-
«Ақ жол» демократиялық партиясы;
-
Қазақстан Халық партиясы;
-
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
-
«Ауыл» партиясы;
-
«Байтақ» жасылдар партиясы;
-
Respublica партиясы.
Сондай-ақ сайлауға бірмандатты округтер бойынша ұсынылған кандидаттар қатысуда. Орталық сайлау комиссиясының бұған дейінгі мәліметіне сәйкес, бір депутаттық мандатқа үш кандидаттан таласып жатыр.
Еліміз бойынша сайлаушылар тізіміне 12 679 459 азамат енгізілген.
Дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталды және кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Осыдан кейін сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кіріседі.
Қазақстанның 18 жасқа толған азаматтары сайлауда дауыс беруге құқылы. Сайлау күні кәмелет жасына толған азаматтар да сайлаушылар тізіміне енгізілген жағдайда өз таңдауын жасай алады.
Азаматтар өздерінің сайлау учаскесін әкімдіктердің ресми сайттары немесе eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы анықтай алады.