Жаңалықтар

Қашанғы «кісідегінің кілті аспанда» деп көршілердің көңіліне қараймыз – Қайрат Балабиев

Қашанғы «кісідегінің кілті аспанда» деп көршілердің көңіліне қараймыз – Қайрат Балабиев
Фото: parlam.kz 20.12.2023 11:23 1177

Депутат Қайрат Балабиев Жамбыл облысының алты ауданында ағын су тапшы екенін айтып, министрліктің атқарып жатқан жұмысын сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісмен «Жамбыл облысы ағынды суды трансшекаралық өзендерден алады. Оның 82 пайызы көршілес Қырғызстаннан келеді. Осы жылдың шілде-тамыз айларында Қырғызстаннан берілетін шектеулі 3,5 миллион текше метр судың таусылуына байланысты су беру тоқтатылды. Осыған байланысты шілде-тамыз айларында Жамбыл облысыныңа алты ауданында ағын су тапшылығы орын алып, 400 агрошаруашылық зардап шекті», деп атап өтті.

Депутаттың айтуынша, шығын көлемі 3 миллиард 600 мың теңгені құрады. Бүгінгі күні Жамбыл және Түркістан облысында суармалы жерлер 300-500 мың гектарға дейін жетеді. Бұл облыстардың барлығы трансшекаралық ауылшаруашылық өңір болғандықтан суды әрдайым қажет етеді деп отыр.

Өзіңіз Жамбыл облысын басқарған тұста шаруаларды судан тарықтырып алдыңыз. Су саласының министрі болып жүрген кезде мақташыларға су жеткізе алмадыңыз. Біздің елімізде берілетін трансшекаралық өзен суларын арттыру мәселесі қарастырыла ма? Қандай жолдармен шешпекшісіздер? Қашанғы мынау «кісідегінің кілті аспанда» демекші, көршілердің көңіліне қараймыз. Кіріптарлықтан айырылатын жолдар бар ма? Биылғы құрғақшылықтың келешекте қайталанбауына қандай кепілдік бар?, – деп су ресурстар және ирригация министріне сауал тастады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты шаруа қожалықтарының зардап шеккенін жоққа шығармады.

Бұл мәселе Жамбыл облысындағы Талас пен Шу өзенінің су мөлшеріне байланысты орын алды. Себебі Қырғызстаннан келетін су мөлшерінің өзі сондай деңгейде болды. 2000 жылы Қырғызстанмен екіжақты трансшекралық өзендерді пайдалану жөнінде келісімшарт бар. Келісімшартқа байланысты Талас өзені 50-де 50 пайыз мөлшерде және Шу өзені бойынша 42-де 58 пайыз бөлінген. Біздің тараптан оны көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Өйткені нақты өзінің пайыздық бөлінетін мөлшері бар. Бұл жұмысттар тек қана келіссөз арқасында атқарылып жатыр, – деді су ресурстары және ирригация министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға