Жаңалықтар

Қашанға дейін Венецияға айнала береміз? Астанада су басқан көшелерге қатысты әкім жауап берді

Қашанға дейін Венецияға айнала береміз? Астанада су басқан көшелерге қатысты әкім жауап берді
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 25.08.2023 13:23 1580

Журналистер Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбектен жаңбыр жауған сайын қала неге судың астында қалып қоя беретінін сұрады. Әкімнің сөзінше, аяқ астынан көп мөлшерде жауын жауған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сіз «Қазгидрометтен» ресми сұраныс алдырып, ақпаратты тексеріп көрсеңіз болады. Кеше 40 мм жауын түсті. Бізде бір айлық мөлшер 30 мм шамасында. Жарты сағат сел жүрді. Қаланың жаңа бөлігінде Ұлы дала көшесінде жаңбыр жауған кезде проблема болды. Біз оны жоққа шығармаймыз, - деді Қасымбек.

Проблема шешіліп жатыр

Әкімнің сөзінше, осыдан бес жыл бұрын қалада мұндай учаске саны 200-ден көп болған.

Министрліктер үйі жанында осындай проблемалар болған еді. Қазір сіздер тек 30-дан астам учаскедегі проблеманы көріп отырсыздар, - деді ол.

Сондай-ақ қала басшысы шаһардың үлкейіп келе жатқаны осындай проблемаларды туындататынын айтты. Әкімге сенсек, проблема шешіліп жатыр.

Қала әлі де салынып жатыр, жаңа көшелер қосылып жатыр. Сол судың астында қалған Ұлы дала-Тұран көшелерінің қиылысы – елорданың жаңадан бой көтеріп жатқан ауданы. Мен сізге бұл проблемалар енді болмайды деп кепілдік бере алмаймын. Бірақ өткен жылы проблема туындаған Қалдаяқов, Бауыржан Момышұлы көшелерінде мұндай жағдай биыл болған жоқ. Мен өзім кеше барып көрдім, - деді ол.

Неге әкімдер мәселені жаңбырдан көреді?

Журналистер «Неге әкімдер судың астында қалғанда бар мәселені жаңбырдан көреді?» деп сұрады.

Жаңбыр жылына бір-екі рет қана жаумайды. Жаздың аяғы, күздің басында күн сайын жауады. Проблема бар. Біз оны шешіп жатырмыз. Тұрғындардың қолайсыз жағдайда қалғаны маған да ыңғайсыз. Сол үшін кешірім сұраймын, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға