Қаржы мәдениеті отбасынан басталады: балаға ақша ұстауды қалай үйретеміз?

Қаржы мәдениеті отбасынан басталады: балаға ақша ұстауды қалай үйретеміз?
Фото: коллаж AI / El.kz

Қазір әлеуметтік желіде «ұлыма үй жинағаны үшін ақша төледім», «қызыма көмектескені үшін қалағанын әпердім» сынды жазбалар көбейіп кетті. Нарық заманында бұл кәдеге жарайтын әдіс пе, әлде балаларды құлықсыз етіп тәрбиелеудің бір мысалы ма? Жалпы, балаға қаржы сауатын қашан және қалай үйретеміз. Осы тақырыпты сарапшылармен бірге талдап көрдік.

Үй шаруасы үшін ақша төлеу дұрыс па?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігінің мәліметіне сәйкес, еліміздегі  қаржы мәдениетінің жиынтық индексі 2025 жылы 42% болған. Оған қоса сол жылы 28 мыңға жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Демек, сіз бен біз балаға осындай «тұзақты» айналып өтетін жолды көрсетуіміз керек. Осындайда сарапшылар мұның бәрі отбасындағы жүйеден басталатынын айтады.

№76 Л. Шахатов атындағы орта мектеп директоры, педагог-шебер Ләззат Ғұмарованың айтуынша, ата-аналар балаға үй шаруасын жұмыс емес, жауапкершілік екенін түсіндіруі керек. Сарапшы бұлай жалғаса берсе олар «ақша төлемесең бөлмемді жинамаймын» дейтін тұтынушылық, сауда психологиясына өтеді. Оның айтуынша, бала үйдің тіршілігін ақша табудың құралы емес, отбасына деген қамқорлық пен міндет деп түсінуі тиіс.

Осы тақырып төңірегінде мына мысалға назар аударыңыз. Біздің Арлан есімді 10 жасар көршіміз бар. Оған ата-анасы бөлмесін жинағаны үшін күніне 500 теңге төледі. Алғашқы екі апта Арлан бөлмесін тазалап, сүртіп жүреді. Үшінші аптадан бастап үй жинамайды. Анасы Арланнан не үшін бөлмесін тазаламайтынын сұраса, «маған қазір ақша керек емес, менің приоритетім басқа» деп жауап береді. Сонда бұдан шығатын түйін, ата-ана  міндетті түрде істелуі тиіс іс үшін сыйақы төлемесе деймін. Баланың жауапкершілігі жоғалады. Міндетті шаруаға ақша төлемейміз. Есесіне аптасына бір рет қажетіне жарату үшін қалтапұл береміз, – дейді білім сарапшысы.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Ляззат Серикбаевна | Білім беру ісінің сарапшысы (@lyazzat_serikbayevna)

 Педагогтың ойын қаржы мәдениеті бойынша маман Фариза Сағи құптай кетті. Оның пайымынша, мұндай тәсіл арқылы бала жоспарлауды, үнемдеуді, қажет пен қалауды ажыратуды үйренеді.

Бұл әдіс бізге не береді? Бала ақшаны бір күнде жұмсап қойса, аптаның соңына дейін қайта ақша бермейтінін түсінеді. Жауапкершілік жүктеледі. Ақшаны «өз қажетіңе жұмса» деп берген соң баланың ұсақ-түйек шығындарына қатты араласпағанымыз дұрыс.  Иә, басында қалтапұлын бір күнде жұмсап тастауы мүмкін. Қайта келіп, «анашым, тағы ақша беріңізші» деуі мүмкін. Сөйтіп, оған сабақ болады. Кез келген дүниенің орны бар екенін түсінеді, – дейді қаржы кеңесшісі Фариза Сағи.   

Қалтапұлды қалай есептейміз?

Қаржы сарапшысының айтуынша, 7 жастан бастап балаға қалтапұл берген дұрыс. Ақшаны күнде емес, аптаның басында бересіз. Екеуара келісіп, белгілі бір сома бекіткен дұрыс. Бұл дағды оны жоспарлауға, шығынын есептеуге, жауапкершілік ала білуге үйретеді.

Баланың күнделікті жұмсайтын ақшасын бюджетіне қарай жоспарлауды үйретіңіз. Мысалы, менің мектеп жасындағы екі балам бар. Біреуі – 10-да, екіншісі – 13 жаста. Оларға аптасына 5000 теңгеден үлестіремін. Алғашында балаларым ақшаны бір аптаға жеткізбей жұмсап тастайтын. Не сатып алғанын, қайда жұмсағанын сұрамадым. Есесіне бір жұмада екі рет бюджет бөлінбейтінін айтамын.  Екеуара уағданы бұзбасаңыз, олар үнемдеуді, өз қаражатын жоспарлауды, тіпті ақша жинауды үйренеді, – дейді Фариза Сағи.  

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Қаржылық сауаттылық/Балаларға арналған қаржылық сауаттылық (@sagi_fariza)

Бірге ойнап жүріп, үйретеміз

Маманның айтуынша, балаларға қаржы мәдениетін үйрету – тек ақшаға қатысты білім беру емес, мақсат қоюға, сыни ойлауға, таңдау жасауға, жоспарлауға бейімдейді. Сондықтан баланың қолына ақша ұстатып, оны қалай жұмсайтынын бақылау керек.

Балада 2 жастан бастап ақша туралы түсінік қалыптасады. Өйткені қазір балалар ерте дамып жатыр. Әрине, баланың жасына қарай түсіндіру тәсілі өзгереді. Мысалы, кішкентай кезінен ақшаның құнын білуді, біреудің рұқсатынсыз төлем жасамауды және танымайтын адамдарға қандай да бір ақпарат бермеуді үйретеміз. Мысалы, 2-5 жас аралығында ақша туралы ұғымды ойын арқылы үйреткеніміз дұрыс. Дүкен ойынын ойнап, үйдегі заттардың бағасын белгілеңіз. Ұл-қызыңыздың қолына ақша беріп, қалай жұмсайтынын бақылаңыз. Бұл жерде бала әр заттың бағасы барын, ақшаның шектеулі екенін түсініп, таңдау жасау дағдысын қалыптастырады, – дейді Фариза Сағи.

Ал 4-8 жас аралығында балалар ақшаның не екенін толық түсінеді, сандарды ажыратады, номиналды біледі. Маманның айтуынша, осы кезден бастап ұл-қызыңызды дүкенге жіберіп, кішігірім сауда-саттық жасауына рұқсат бересіз.

Бастауыш сынып оқушысын қажет пен қалауды ажыратуға, интернеттегі жарнамаларға сыни көзбен қарауға бейімдейміз. Жасөспірімдерге онлайн төлемдер, жеке бюджет, инвестиция жайлы білім беруге болады. 10-13 жасынан бастап үйдегі бюджеттің жалпы көлемін, кредит пен міндетті төлемдер жайлы әңгімелесіп, соған қарай есептеуді үйретеміз, – дейді қаржыгер Фариза Сағи.

Қолма-қол төлем жасаңыз

Осы тұста маман қолма-қол төлем жасаудың артықшылығын атап өтті.

2,5-3 жастағы баланы дүкенге апарсаңыз, көзінше қолма-қол төлем жасаған дұрыс. Өйткені ақшаны көріп, оның түрін, түсін ажыратады. Одан кейін ақшаның таусылатынын түсінеді. Әйтпесе, оларға картамен есеп айырысу сиқырлы таяқты түрткендей ішінде есепсіз ақша бардай көрінеді, – дейді маман.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Қаржылық сауаттылық/Балаларға арналған қаржылық сауаттылық (@sagi_fariza)

3 жастан бастап ақша жинаймыз

Иә, «бала 3 жастан бастап қалай ақша жинайды?» деп ойларсыз. Мұнда маманның нұсқауынша, 3 жастан бастап ақшаны құтыға салып, жинап үйретеміз. Әрине, бірінші дүкенге барып, ұл-қызыңызға таңдау жасатып, нені сатып алғысы келетінін, сомасын белгілейсіз.

Сөйтіп, бірнеше айға жоспар құрып, бірге ақша жинайсыз. Трекер бойынша белгілеп, санау да балаға шабыт береді. Осылайша, ол шыдамды болуға, мақсат қойып, нәтижеге жетуге үйренеді. Айтпақшы, міндетті түрде әуелде таңдап қойған затын сатып әперу керек. Сонда дофамин гормоны бөлініп, бала мақсатқа жетудің мәнін түсінеді.   

Қаржы мәдениетінде қажеті мен қалауын ажырата білуді үйрету маңызды. Сұрақ қойып үйретіңіз, сатып алғысы келіп тұрған заты қажетін өтей ме, әлде бұл қалауы ма? Қалауы болса, бірден «жоқ, алмайсың» деп тыйып тастамаймыз. «Осы айда бюджетіміз көтермейді», «мүмкін келесі айға жоспарлаймыз» деген сияқты жауап қайтарыңыз. Жиі «жоқ» деп айту баланың ақша туралы ойлау кеңістігіне әсер етеді, – дейді маман.

«Алаяқтың арбауына түспейді»

Фариза Сағидың айтуынша, бала кезінен қаржылай сауаты бар тұлға ақшаның қайдан келетінін, оны табу үшін еңбек ету керегін біледі. Маман қазір балалар уақытының көп бөлігін интернетте өткізетінін де атап өтті. Осындайда алаяқтың қақпанына түсіп қалуы мүмкін. Әсіресе, онда 10 мың теңге салсаң, 100 мың теңге аласың дейтін ұсыныс көп екен.

Статистика бойынша, 4 миллион қазақстандық интернетте алаяқтардың тұзағына түскен. Мұндай жағдай болмас үшін ерте жастан ұл-қызыңызға ақша ұстауды үйретіңіз. Мысалы, бала кезінен қаржылық білімі бар бала «аз сома салып, көп ақша аласың» дейтін схеманы біледі. Қақпанға түспей, қызықпай, өзіне «неліктен маған сонша ақша бергісі келіп тұр?» деп сұрақ қояды. Яғни оның сыни ойлауы дамиды. Сондықтан балаларға ақшаны жоспарлауды, шығындарын бақылауды, ұсыныстарды салыстыруды және сатып алмас бұрын ойлануды үйрету керек, – дейді Фариза Сағи.

Оқи отырыңыз