Жаңалықтар

«Қарызсыз қоғам» қарыздан құтылуға қалай көмектеседі

«Қарызсыз қоғам» қарыздан құтылуға қалай көмектеседі
Фото: Әли Ғалым 02.04.2024 17:00 2943

Былтыр мамыр айында халықтың қаржылық сауатына байланысты «Қарызсыз қоғам» жобасы жұмысын бастады. Бүгінге дейін 65 мыңнан аса адам несиесін жабуды көздеп, сауатты шешім қабылдауды үйренген. Жобаға қатысқандардың 65 пайызы жүйелі түрде несие төлеп келген. Әрине, қарызды жағдайы жетіп, табысы тасып тұрғандардың алмайтыны белгілі. Жоба аясындағы зерттеу бойынша, әрбір екінші азаматтың жалпы табысы 100 мыңға жетпейтіні белгілі. Осы орайда заңгерлердің, қаржы кеңесшілерінің көмегіне зәру жұртшылық үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы жаңа мүмкіндікке жол ашып жатыр. Бүгін жобаның жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаевамен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрап білдік.

El.kz: Ақмарал ханым, қайырлы күн! «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр мамыр айында пилоттық режимде қосылғаны белгілі. Бір жыл уақыт ішінде жоба негізгі мақсатына қаншалықты жете алды? Қоғамда қарызға батпай-ақ өмір сүруге болатынын түсінген адамдар көбейді ме?

Ақмарал Бекмұрзаева: Қайырлы күн! Қазіргі таңда экономикалық белсенді адамдардың 84% екінші деңгейлік банктерге қарызы бар. 90 күннен асып кеткен қарыз 1,4 триллион теңгені құрайды. Яғни 1,7 миллион адам өз қарыздарын уақытылы өтей алмай жүр. Міне, осы көрсеткіштерге сүйене отырып, былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасы пилоттық режимде бастау алды. Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 65 мың адам оқытудан өтті. Жоба мақсаты қазақстандықтардың қаржылық сауат деңгейін өсіру, қарызсыз өмір сүруді, өз қаражатын басқару, сақтау және көбейтуді үйрету. Оның ішінде қаражатты сақтау үшін кіріс пен шығыстарды санау, яғни отбасылық бюджеттің аудитын жасау, косымша табыс көздерін табу, өз кәсібін бастауға көмек беру, сонымен қатар несиенің түрлерін анықтау, банктердің пайыздары мен мөлшерлеме көрсеткіштерін ажырату мен санау, мінез-құлық экономикасының негіздеріне тоқталамыз.

Жобаның былтырғы көрсеткіштерге сүйенсек, оқудан өткен 65 мың адамның ішінде 75%-ы әйелдерді құрайды. Ауыл әйелдері қаржыны басқару, кәсіп бастау, кіші және орта бизнесті мемлекеттік және мемлкеттік емес қолдау түрлері, табыс көзін арттыру жолдары бойынша көмек пен қолдауға мұқтаж болды. Жоба барысында білім алып, қаржы сарапшысы мен заңгерлердің көмегіне жүгініп, өз өмірлерін жақсы жаққа бұрғандардың саны аз емес. Қаржы сарапшысы мен заңгерлердің тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Түске дейін оқу процесі болса, күннің екінші жартысында жеке кеңес беру жұмыстары жүргізіледі Осы күнге дейін қатысушылар жоба жайында жақсы пікір білдіріп, алғыстарын айтуда. Себебі елімізде дәл бұндай тегін әрі ауқымды жоба жоқ. Аз уақыттың ішінде жоба тиімділігін көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарызсыз Қоғамның» кең тарауына тапсырма берді. Осы орайда «Қарызсыз Қоғам» жобасы өз міндетін атқарып, мақсатына сенімді қадамдармен келе жатқандығын ауыз толтырып айта аламын.

Жоба барысында біз тек несие мен пайыздарды санауды үйретіп қоймай, адамдардың санасына ықпал етуге тырысамыз. Сондықтан биылдан бастап мінез-құлық экономикасы бөлімін оқыту бағдарламасына енгіздік. Оған бірнеше себеп болды: қоғамдағы тұтыну мәденитенің қарқынды дамуы, маркетингтің адамдарға әсері, әлеуметтік желілердегі «қымбат әдемі өмір» салтын насихаттау.

Қаржылық сауат күнделікті кішігірім қадамдарды жасаудан басталады. Мәселен, оқыту барысында қатысушылардың кіріс-шығысын есептеп көрсеткеннен кейін, күнделікті өмірде аса қажет емес заттарға (газдалған сусындар, қытырлақ картоп, шемішке тағы солай сияқты) біршама көп ақша жұмсалатыны анықталады. Ай санап, жыл санап бұл сома тек өсе береді. Ал сол жұмсалған ақшаны депозитке салса, 14-15 пайыздық сыйақымен өз қаражатын сақтап, көбейте алады. Былтырғы көрсеткіштер бойынша 5 мыңнан аса қатысушыларымыз жинақ банк депозитін ашқан, яғни бұл күнделікті қолданылатын салып, кейін шешіп алатын депозиттер емес, яғни бір жылға немесе одан да ұзақ уақытқа ашқан арнайы жинақ банк депозиттері.

El.kz: Жалақының аздығынан бөлек негізсіз себептермен қарызға бататындар баршылық. Қай өңірдің тұрғындары қарызы көп? Негізгі себептері қандай?

Ақмарал Бекмұрзаева: Халықтың екінші деңгейлі банктерге қарыздануының бірқатар себептері бар. Атап айтсам, тұтыну мәдениетінің қатты дамуы, адамдардың қаржылық сауатының төмендігі, өз қаражатын басқара алмау, жоспарлай алмау, табыс көзінің болмауы, табыс деңгейінің төмендігі, жыл сайынғы инфляцияның өсуі, халықтың алаяқтарға, қаржылық пирамидалар мен микроқаржы ұйымдарға құрбан болуы. Жоба басталғалы біз  тұтынушылық несиелерді Алматы, Астана, Шымкент қалаларының тұрғындары көп алатындығын байқадық, соның ішінде алаяқтар мен қаржылық пирамидалардың құрбандары баршылық. Өкінішке орай қазіргі таңда халықтың табыс деңгейінің төмендігі соншалық, ауыл тұрғындары күзде отын алуға, балаларын мектепке дайындау үшін несие алады. Негізсіз себептермен несие алатындар да бар, олардың қатарында студенттердің саны өсуде. Құлаққап пен айфон смартфондарына, сәнді қымбат киім-кешектерге, саяхат пен қыдыруға алатын несиелер де бар.

El.kz: Несиесін жаба алмағандар тығырыққа тірелгенде кезекті рет несие алудан қорықпайды. Қарызға батқан адамға қандай кеңес бересіздер? Бұл тұңғиықтан қалай шығуға болады?

Ақмарал Бекмұрзаева: Қарыздардан құтылудың жолы – қаржылай сауатты болу, қажырлы еңбек ету. Бастысы өзіңізге дұрыс мақсат қою. Алдымен кіріс пен шығыстарды есептеу, реттеу, яғни приоритет төлемдерді жазып алып, аса қажеттілікті талап етпейтін, керек емес заттардан бас тарту. Бір айлық шығындарыңызды  жазып, қайсысынан бас тарта аласыз соны сызып тастап, шығындарды оңтайландыру қажет. Қосымша табыс көзін іздеу, қазір мүмкіндіктер өте көп, жаңа дағдыларды игеру арқылы табысыңызды көбейте аласыз. Әдетте, өз ісін бастау үшін адамдардың ішіндегі қорқыныш пен сенімсіздік, үрей маза бермейді. Міне, осы арада біздің жобамыз қолдау көрсете алады. Мамандарымыздың көмегімен өз кәсібіңізді бастау үшін бизнес жоспар, маркетингтік жоспар құрай аласыздар. Мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарға қатыса аласыздар. Сарапшылардан толықтай көмек пен қолдау жұмыстары жүргізіледі.

El.kz: «Қолдағы қаржыны үнемдей білуді бала кезден үйренген дұрыс» дейді. Ал кейбірі «Ақшаны үнемдеп жүргендер ешқашан байымайды» деген пікір де айтып жатады. Ел ішінде той-томалақ үшін де қарызданып жататындар бар. Сіздің ойыңызша, ақшаны қалай жұмсау керек және жинау керек?

Ақмарал Бекмұрзаева: Әлемдік тәжірибеге қарасақ, қаржылық сауат бойынша алғашқы ондықта Фин халқы тұр. Олар қаржылық сауаттылықты кішкентай жастан, яғни балабақша мен мектептерден бастап үйретеді екен. Фин балаларына ақшаны еңбекпен табу, оны дұрыс жарата білу, басқара алу, көбейтудің дағдыларын үйретеді. Сол халықтың экономикасы да мықты, халқының табыс деңгейі де жоғары Олардың санасында адам ақшаны басқарады, ақша адамды емес.

Әрине, той біздің қазынамыз, дәстүріміз, алайда той жасамас бұрын өз жағдайыңызды, қаржылық жоспарыңызды ескеру керек. 5-6 сағаттық тойға он жылдап несие төлейтін қатысушыларымыз да бар, ол үлкен қателік. Жаңадан отау тіккен жастардың отбасылық өмірі несие төйлеуден басталғаны дұрыс емес.

Ақша жинауда алдымен нақты қаржылық мақсат қойған дұрыс. Сол мақсатқа жетудегі бірнеше жолдарды жазып, үнемдеп, табыс көзін арттырып, қаражатты жинақ депозиттеріне салған жөн. Ақшаңыз әрқашан өзіңізге жұмыс жасауы керек. Алған табысыңызды алдын ала бөліп жазып қойыңыз.

El.kz: «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

Ақмарал Бекмұрзаева: Жоба жетістігі деп өз шаруасын бастап, қарыздарын оңтайландырып, қаржылай сауатты болған адамдарды айта аламыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы еліміздегі ең ауқымды, әрі тегін жалғыз жоба. Аз уақытта жоба тиімділігін көрсете алдық, Президенттің тапсырмасымен аталмыш жобаның жұмыстары 2024-2026 жылдарға дейін жалғасады.

El.kz: 1 сәуірде оқытудың тағы бір легі басталды. Жобаға көбінесе кімдер қатысып жатыр?

Ақмарал Бекмұрзаева: Иа, әр дүйсенбі сайын оқытудың жаңа легі басталады. Жоба қатысушылары әртүрлі сала мамандары, сонымен қатар жұмыссыздар, бюджет саласының қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, зейнеткерлер, студенттер мен декреттегі аналар қатысып жүр. Жоба қатысушыларының 82,5% несиелері бар. 

El.kz: «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының алдағы жоспарлары қандай?

Ақмарал Бекмұрзаева: «Қарызсыз қоғам» жобасының жоспарында жыл соныңа дейін 150 мың ересек адамды, 450 мың оқушы мен 100 мың студенттерді оқыту. Осыған байланысты Фин елімен қаржылық сауаттылықты оқушылар мен студеттерге оқыту бойынша серіктестік жұмыстары жүргізілуде. 

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

P/S: Бүгінгі таңда жобаның арқасында несие қамытын киген қарапайым халық қаржылық сауатын арттырып, қарыздан шығудың жолдарын меңгеріп жатыр. Бір-екі мысалды келтіре кетсек:

Әлия Нұрғалиева, Батыс Қазақстан облысы: 
 
«Қарыз қоғам» жобасы туралы үлкен қызымнан естідім. Жуырда кенжеміз бізге айтпай несие рәсімдегендіктен қарызға баттық. Зейнетақымыз өте аз – жолдасымда 85 500 теңге, менікі небәрі 65 200 теңге. Барлық табысымыздың 85 пайызы несие төлеуге кетеді. «Қарызсыз қоғам» жобасының заңгерлері бізге 815 000 теңге мөлшеріндегі атқарушылық жазбалардан құтылуға көмектесті. Бұл жәрдем жанұямыздың өмірін айтарлықтай жеңілдетіп, қиын жағдайда жалғыз қалмайтынымызға сенім берді.
 
Лариса Козяичева, Солтүстік Қазақстан облысы:
 
Менің атым Лариса, Қиялы ауылының тұрғынымын. Күйеуім Сергей екеуміздің табысымыз төмен болғандықтан, қаржылық қиындықтарға тап болдық. "Қарызсыз қоғам" жобасы өмірімізді жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік берді. Біз "Ауыл аманаты" несие бағдарламасына бизнес-жоспар жасап, жүк автокөлігіне өтінім бердік және оң жауап алдық. Бұл жоба өзіміз үшін және кішкентай бүлдіршіндеріміз үшін жарқын болашаққа үміт берді.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға