Жаңалықтар

Қарулы күштердің спортшылары 30 рет Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды

Қарулы күштердің спортшылары 30 рет Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды
Фото: gov.kz 20.08.2023 13:01 821

Қазақстан Қарулы күштерінде спорт күні аталып өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған мереке 2003 жылы бекітіліп,  жыл сайын тамыздың әр үшінші жексенбісінде атап өтіледі. 

Спортпен шұғылдану – әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының ажырамас бөлігі. Ол адам бойында күшті, жылдамдықты, төзімділікті дамытуға, жауынгерге қажетті ерік-жігерді тәрбиелеуге бағытталған.  

ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубы Қарулы күштердің жоғары халықаралық дәрежедегі спортшыларын дайындайды.

Қазіргі кезде спорт пен салауатты өмір салты экономикалық дамумен қатар азаматтардың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Спорт патриотизм мен жалпыұлттық бірлік негіздерін қалыптастырудағы маңызды аспект. Әскери спортшылар жанкүйерлерін керемет ойындармен және рекордтармен талай рет қуантып келеді. Спорт өмірінің ажырамас бөлігіне айналған барлық адамдарды құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, жауынгерлік рух және жаңа жетістіктер тілеймін, – деді Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.

Тәуелсіздік жылдарында Қарулы күштердің спортшылары 30 рет Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды, әлемдік біріншіліктердің 536 алтын, 359 күміс және 421 қола медальдарын, Еуропа мен Азия континенттік жарыстарының 1800-ден астам медальдарын жеңіп алды. 2500-ден астам рет ТМД чемпиондары атанды. 1992 жылдан бастап 10 мыңнан астам әскерилер ел чемпионы атағына ие болды.

Спорт комитеті қызмет барысында мәдениет және спорт министрлігімен, Ұлттық Олимпиада комитетімен, спорт түрлері бойынша Қазақстан федерацияларымен және басқа да қоғамдық спорт бірлестіктерімен тығыз байланыста. ТМД және алыс шет елдердің халықаралық спорт ұйымдарымен жаңа іскерлік байланыстар орнату бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. 

200-ден астам әскери спортшы әртүрлі спорт түрлерінен Қазақстан құрама командаларының мүшелері болып табылады, сондай-ақ Олимпиада ойындарына белсенді дайындық жүргізеді. 

2019 жылы Қытайдың Ухань қаласында дүниежүзілік әскери ойындар өтті. Аталған сайысқа 109 елден 9,3 мыңнан астам спортшы қатысты. Медальдар есебінің кестесіне сәйкес Қазақстан Қарулы күштерінің құрамасы жалпы командалық есепте 12 орынға ие болды.

Дүниежүзілік әскери ойындарында біздің командаға алтын медальдарды жеңіл атлетші майор Ольга Рыпакова, таэквондошы лейтенант Руслан Жапаров, боксшылар Теміртас Жүсіпов пен Асланбек Шымбергенов әкелді. Сондай-ақ, Қарулы күштер құрамасында үш күміс және бес қола медаль болды.

Олимпиада ойындарының тарихында алтын әріптермен жазылған баскетболдан атақты армия чемпиондары – Әлжан Жұрмұхамедов (Мюнхен қ., 1972 ж.) және Валерий Тихоненко (Сеул қ., 1988 ж.), ауыр атлетші Анатолий Храпатой (Сеул қ., 1988 ж.), шаңғышы Владимир Смирнов (Лиллехаммер қ., 1994 ж.), боксшылар Василий Жиров (Атланта қ., 1996 ж.), Ермахан Ибраимов (Сидней қ., 2000 ж.), Серік Сәпиев (Лондон қ., 2012 ж.) және жеңіл атлетші Ольга Шишигина (Сидней қ., 2000 ж.) мен Ольга Рыпакова (Лондон қ., 2012 ж.).

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға