Жаңалықтар

«Қаруланған топ күзетеді». Депутат Үшқоңырдағы қоршауға алынған жердің мәселесін көтерді

«Қаруланған топ күзетеді». Депутат Үшқоңырдағы қоршауға алынған жердің мәселесін көтерді
Фото: t.me/mazhilis_kz 17.01.2024 13:39 681

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малдарын жая алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес бар. Бірақ жабық.

Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде, бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал, жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау - барып тұрған бассыздық, - деді мәжілісмен.

Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малдарын жая алмай, пұшайман күйде отырғанын атап өтті. Сөзінше, «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 млн гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді.

Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр. Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-не 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені, заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі», - деді Мақсат Толықбай.

Дегенмен жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған.

Бұдан басқа, “Үшқоңыр” үстіртінде «Steppe AgroMeat», «Breeding Company» сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Шұғыл қайтару керек! Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес, - деді Толықбай депутаттық сауалында.

Ол Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, арнайы комиссия құрып, мәселелерге тиісті құқықтық баға беруін сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға