Жаңалықтар

Қарсыластың ешбірі осал болмайды – Асланбек Шымбергенов

Бұл жеңіс менің емес, әрбір қазақ деп соққан жүректің жеңісі
Қарсыластың ешбірі осал болмайды – Асланбек Шымбергенов
Фото: vesti.kz 17.11.2022 00:10 1370

Иордания астанасы Амманда бокстан XXXII Азия чемпионатында қазақстандық бокшылар 21 медаль жеңіп алды: 6 алтын, 7 күміс және 8 қола. Орайы келгенде 71 келіде ел намысын қорғап, екі мәрте Азия чемпионы атанған Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновтен сұхбат алған едік.

Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, екі мәрте Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік əскери ойындардың жеңімпазы, Ұлттық құрама капитаны – Асланбек Шымбергенов финалда 2019 жылғы әлем чемпионатының ширек финалисі, иорданиялық Зеяд Ишаишты ұтқан еді. Алтын медаль таққандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді спортшы.

– Жеңісіңіз құтты болсын! Еліміздің тұғырын аспандатқан спортшылардың бірісіз. Жекпе-жек алаңында не боларын ешкім болжап біле алмайды ғой. Алтын иегері атандым дегендегі алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Барша қазақ жұртына алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс менің емес, әрбір қазақ деп соққан жүректің жеңісі. Алтын алу сезімін, алтын таққан жігіттер түсінеді. Қобалжу басымдырақ болады, жүрегімізде бір елжіреу сезімі пайда болды. Қалай дегенмен де отбасымыздың емес, Отанымыздың намысын қорғап шықтық қой.

– Финалдағы қарсыласыңызды спорт сүйер қауым жақсы таниды. Бұған дейін өзінің шеберлігін дәлелдеп жүрген боксшы. Қарсыласыңыз жайлы айтсаңыз.

Қарсыластың әрбірі де осал емес. Олар да жеңіске деген сеніммен шығады. Бұл жолы айламды асырып жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Спортшы үшін еңбегінің жемісін көру өте маңызды.

– Бұл чемпионатқа дайындығыңыз қаншалықты болды және қанша уақыт дайындалдыңыз?

– 2 этаптан тұратын сборды өтіп тыңғылықты дайындалдық. Тек мен ғана емес қанымыз бен жанымыз бір бауырларым да аса үлкен жауапкершілікпен дайындық өткізді. Бас бапкерге, жеке бапкеріме және де бізге көмектескен бокс федерация Президенті Кеңес Хамитұлына алғысым шексіз. Бізге дәрумендер, экипировкамен көмек көрсетті. Алғыс айтар адам өте көп, ең бастысы сенімдерін ақтадым деген үміттемін.

– Ұлттық құрама капитаны болу сізге қандай да бір жігер берді ме?

– Мені капитан етіп таңдаған команда мүшелері. Маған үміт артқасын, сенімдерін ақтаудамын. Мен бұл жолғы сапарда екі жауапкершілік сезіндім. Себебі әрбәр жігітке жауапты болу мен қатар оларды алға қарай жетелеуші де өзім болдым. Тек жігерлендіріп қана қоймай, мұқтаждықтарын да жеткізуші мен. Мен міндетімді дұрыс атқарғанда олар да маған жігер береді.

– Бокс саласы қаншалықты ауыр?

– Спортқа қатысы жоқ адамға оны айтып ұғындыру өте қиын. 5 сыныптан бастап дайындалып, маңдай термен осындай дәрежеге жетіп отырмын. Ол жылдары Бақтияр Артаев ағамыз Олмпида чемпионы атанған еді. Сол кісіге ұқсаймын деп, арман қуып келген едім. Шүкір, талай шаршы алаңда жеңіспен шықтым. Бұл салаға дене бітім мен шыдамдылық қана емес, саналы қадам керек.

– Бапкерлеріңіз жайлы айтып кеттіңіз. Олардың үлесі зор екені сөзсіз. Жаттықтыру қалай өтеді?

– Шаршы алаңға шыққанда ең көп уайымдайтын отбасымыз бен сол кісілер ғой. Жеке бапкерім Ермек ағайды қатты сыйлаймын. Әкемдей болып кеткен жан. Әр айтқан ақылды дөп басып айтады. Тек спортта ғана емес, өмірлік бапкерім деп айтуға тұрарлық.

– Кәсіпқой боксқа ауысу жоспарыңызда жоқ па?

– Оны уақыт көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға