Түркістан облысы Жетісай ауданындағы шаруалар алғашқы қарбызды жинауға кірісті. Жақында еліміздің түпкір-түпкіріне жөнелтуге мүмкіндік туады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, «Бахарам» шаруа қожалығы егістік алқаптарын К-30 каналы арқылы келетін сумен қамтамасыз етіп отыр. Диқандар суару суын тұрақты әрі уақытылы жеткізіп отырғаны үшін «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына алғыс білдірді.
Биыл 10 гектар жерге қарбыз ектік. Қазір алғашқы өнімді жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Су мәселесі болған жоқ., – деді «Бахарам» шаруа қожалығының төрағасы Шакирбой Раджапов.
Жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 миллиард текше метрден астам су берілді. Оның 307 миллион текше метрі Жетісай ауданына тиесілі.
Аудан бойынша бақша дақылдарын суаруға 53,8 миллион текше метр су жіберілген. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында бақша өнімдерін, көкөніс пен жоңышқа алқаптарын суару жұмыстары жалғасып жатыр.
Қарбызды қалай таңдаймыз?
Қарбыздың ең «жылдам піскен» сортының өзі шілденің соңында піседі. Сондықтан жақсы қарбызды жеудің ең қолайлы кезеңі тамыз айының соңынан қазанға дейінгі кезең болып саналады.
Ескерерлігі, қарбыз бен қауын елорда нарығына түсер алдында базардағы ведомстволық зертханаларда міндетті түрде сараптама жүргізіледі. Егер нитраттар құрамының көрсеткіші нормадан асып кетсе, онда келген барлық партияны дүкен сөресінен алып тастайды.Стихиялық сауда орындарында сатылатын өнімдер зертаханалық тексеруден өткен-өтпегендігі белгісіз.
Қарбыз немесе қауын таңдауда қателеспеу үшін не білуіміз керек:
- сауда орыны күн мен жаңбырдан қорғалған және қауіпсіз болуы керек;
- қарбыз бен қауын биіктігі кемінде 20 см болатын арнайы паллеттерде сақталуы керек;
- өнімнің қыртысының тұтастығына назар аудару керек, жарық, сызат, майысу мен шірік жері болмауы керек. Тығыз және жылтыр қыртыс, қарама-қарсы жарқын жолақтар, сабағы құрғақ, ұрғанда ашық дыбыс естілуі, жерде жатқан жағында сарғыш дақ болады.
- орташа мөлшердегі қарбыз сатып алған дұрыс;
- сатушыға қарбызды кесуге жол бермеңіз. Қарбыздың, пышақтың және сатушының қолындағы «кір» целлюлозаның ішіне енуі әбден мүмкін, бұл микроорганизмдердің дамуы үшін жақсы орта;
- сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжатты талап етіңіз;
- заңсыз сауда орындарынан қарбыз бен қауын сатып алмаңыз. Әдетте, мұндай стихиялық сауда орындарында өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ, ал құрамында нитраттар көп;
- жол бойында қарбыз-қауын сатып алмаған жөн: автомобиль шығаратын газдардағы ауыр металдарды (соның ішінде қорғасын) тез сіңіру қаупі бар;
- бақша дақылдарын кесер алдында оны щеткамен ағынды сумен жақсылап шайыңыз;
- қарбыз бен қауынды дереу жеген жақсы, кесілгенін тоңазытқышта бір тәуліктен артық сақтамаған жөн;
- қарбық-қауында қабығына дейін жеуге болмайды: нитраттардың көпшілігі қыртысқа жақын және сабақта болады.
- нитратпен улану қаупі бір жарым жасқа дейінгі балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерде жоғары. Сондықтан, оларға мүлдем осындай өнімді тұтынбағаны дұрыс.