Жаңалықтар

Қарашада теңге 0,14% әлсіреді

Сауда-саттықтың жалпы көлемі - 2,9 млрд АҚШ доллары
Қарашада теңге 0,14% әлсіреді
Фото: dknews.kz 01.12.2022 11:38 1052

Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 468,90 теңгеге дейін 0,14%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 121-ден 132 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық банк мәліметінше, сауда-саттықтың жалпы көлемі - 2,9 млрд АҚШ доллары.

Мұнай бағасы төмендегеніне қарамастан, валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан, көбіне, «тоқсандық салық аптасы» факторы есебінен теңгерілді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айдың ішінде шамамен 500 млн АҚШ долларын құрады.

Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында сатуды екінші деңгейлі банктер арқылы дербес жүзеге асырады.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату қарашада 70 млн АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 2,4% және бір күнде кемінде 10 млн АҚШ доллары болды.

Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді.

Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қарашада Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ, сондай-ақ БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операция жүргізбеді.

Ұлттық банк ашықтық қағидатына сай валюта нарығында жүргізілетін барлық операциялар туралы толық ақпаратты жария етуді жалғастыра береді.

Қысқа мерзімді келешекте теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты болады.

Ұлттық банк теңгерімсіздіктердің жиналуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға