Қараша айында Қазақстан тұрғындары бірнеше ерекше астрономиялық құбылысты бақылай алады. Атап айтқанда, үш рет жұлдыз жауыны болып, төрт ғаламшар бір мезгілде көрінеді. Сондай-ақ Ай әдеттегіден үлкенірек әрі жарығырақ болып көрінетін супер Ай құбылысы күтіледі.
Бұл құбылыстарды қашан және қалай бақылауға болатынын Фесенков атындағы астрофизика институтының қызметкері Светлана Мошкина түсіндірді.
Қарашада үш рет жұлдыз жауады
Қарашаның 4-інен 5-іне қараған түні Оңтүстік Тауридтер метеор ағынының белсенділігі шарықтау шегіне жетеді. Бұл уақытта аспаннан сағатына 10-ға дейін метеорды байқауға болады.
Аталған метеор ағыны Энке кометасымен байланысты. Оны 20 қыркүйектен 20 қарашаға дейін бақылауға мүмкіндік бар. Ал белсенділігі күшейетін күндері Ай жарығы бәсең болатындықтан, жұлдыз жауынын көруге қолайлы жағдай қалыптасады.
Бір аптадан кейін, 11 қарашадан 12 қарашаға қараған түні Солтүстік Тауридтер метеор ағынының белсенділігі артады. Ол 2004 TG10 астероидымен байланысты. Бұл жолы сағатына беске дейін метеор көрінуі мүмкін.
Ал 17 қарашадан 18 қарашаға қараған түні Леонидтер метеор ағыны шарықтау шегіне жетеді. Астрономдардың болжамынша, сағатына 15-ке дейін метеорды байқауға болады. Темпель-Туттль кометасымен байланысты бұл құбылыс 6-30 қараша аралығында байқалады.
Халық арасында «аққан жұлдыз» деп аталатын метеорлар ғарыштағы ұсақ бөлшектердің Жер атмосферасына еніп, қызуынан пайда болады. Соның нәтижесінде аспанда қысқа уақытқа жарқыраған із қалады.
NASA мамандары жұлдыз жауынын тамашалау үшін қала жарығынан алыс, аспаны ашық жерді таңдауға кеңес береді. Көздің қараңғылыққа бейімделуіне шамамен 30 минут қажет. Метеорларды көру үшін арнайы құралдың қажеті жоқ.
14 қарашада төрт ғаламшар қатар көрінеді
14 қараша күні таң атпай тұрып аспаннан Меркурий, Шолпан, Марс және Юпитерді бір мезгілде байқауға болады. Бірнеше ғаламшардың аспанның бір бөлігінде қатар көрінуі «ғаламшарлар шеруі» деп аталады.
Марс пен Юпитер түннің басым бөлігінде көрінсе, Шолпан мен Меркурий күн шығар алдында ғана көкжиектен көтеріледі.
Алайда бұл құбылысты Қазақстанның барлық тұрғыны бірдей толық бақылай алмайды.
Алматы тұрғындары тек Марс пен Юпитерді көре алады. Өйткені Шолпан мен Меркурийді таулар жауып қалады. Ал Қазақстанның шығыс және оңтүстік бағыттағы көкжиегін таулар жаппайтын өзге өңірлерінде төрт ғаламшарды да бақылауға мүмкіндік бар, – деп түсіндірді Светлана Мошкина.
Маманның айтуынша, Марс, Юпитер және Шолпанды жай көзбен көруге болады. Ал Меркурийді табу үшін дүрбі немесе әуесқой телескоп қажет болуы мүмкін.
24 қарашада супер Ай құбылысы болады
24 қараша күні Қазақстан уақытымен сағат 19:53-те Ай толады. Астрономның мәліметінше, бұл жолғы толған Ай супер Ай құбылысына сәйкес келеді.
Супер Ай – айдың жерге барынша жақындаған кезеңінде толуы. Ай жерді сопақша орбита бойымен айналатындықтан, олардың арақашықтығы үнемі өзгеріп отырады.
Осындай сәтте Ай әдеттегі толған Айға қарағанда сәл үлкенірек әрі жарығырақ болып көрінеді. Бұл құбылысты арнайы құралсыз-ақ тамашалауға болады.
Ай бірнеше ғаламшардың жанынан өтеді
Қараша айында Ай аспанда бірнеше ғаламшарға жақын орналасады. Атап айтқанда:
-
2 қарашада – Марс пен Юпитерге;
-
7 қарашада – Шолпанға;
-
8 қарашада – Меркурийге;
-
20 қарашада – Нептун мен Сатурнның арасына;
-
24 қарашада – Уранның солтүстік жағына;
-
30 қарашада – Юпитер мен Марсқа жақын көрінеді.
Кейбір елдерде Ай ғаламшарлардың алдынан өтіп, оларды уақытша жауып қалады. Мәселен, 30 қарашада Юпитердің Ай тасасында қалуын Аргентина, Чили және Антарктида аумағынан бақылауға болады.
Ал Қазақстанда аталған ғаламшарлардың Ай тасасында қалу құбылыстары көрінбейді.
Астрономиялық құбылыстарды бақылау мүмкіндігі ауа райына да байланысты. Сондықтан мамандар аспан ашық болатын уақытты таңдап, қала шамдарынан алыс жерге шығуға кеңес береді.