Қараша айында аспан әлемінде бірнеше ерекше астрономиялық құбылыс болады

Қараша айында аспан әлемінде бірнеше ерекше астрономиялық құбылыс болады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қараша айында астрономия әуесқойларын Леонид метеор ағыны, Марс пен Юпитер планеталарының жақындасуы және Айдың бірнеше ғаламшармен қатар көрінуі сияқты қызықты құбылыстар күтіп тұр. Сонымен қатар Меркурийді және Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) кешкі уақытта ұшып өтуін бақылауға болады, деп жазады El.kz интернет порталы. 

Айдың алғашқы жартысында екі ғаламшар бір-біріне біртіндеп жақындай түседі. Оларды түн ортасына қарай аспанның солтүстік-шығыс бөлігінен көруге болады. Юпитер сарғыш сәулесімен ерекшеленсе, Марсты қызыл-қызғылт түсінен ажыратуға болады.

Қараша айының басында оларға Ай да қосылады. Сондай-ақ осы маңнан Арыстан шоқжұлдызындағы Регул жұлдызын көруге болады. Кейін ғаламшарлар бір-бірінен біртіндеп алыстай бастайды.

Леонид метеор ағыны шарықтау шегіне жетеді

Айдың басты астрономиялық құбылыстарының бірі – Леонид метеор ағыны. Оның ең жоғары белсенділігі 18 қарашаға сәйкес келеді. Болжам бойынша, қолайлы жағдайда сағатына 20-ға дейін метеорды бақылауға болады.

Аспан құбылысын тамашалауға ең қолайлы уақыт – таңға жуық мезгіл. Бұл уақытта Ай көкжиектен төмен түсіп, метеор ағынының радианты жоғары көтеріледі. Соның нәтижесінде метеорларды көру мүмкіндігі артады.

Меркурий мен Халықаралық ғарыш станциясын бақылауға болады

21 қарашада Меркурий Күннен бұрыштық қашықтығы бойынша ең алыс нүктесіне жетеді. Сондықтан оны таңсәріде, күн шықпай тұрып шығыс аспаннан бақылау қолайлы болады.

30 қараша күні кешке Марс, Юпитер және Ай аспанда бір сызық бойына жақын орналасады. Астрономдардың айтуынша, аспан денелерін олар көкжиектен көтерілгеннен кейін-ақ бақылауға болады.

Сонымен қатар қараша айында Халықаралық ғарыш станциясының ұшып өтуін тамашалауға мүмкіндік бар. 18-26 қараша аралығында ХҒС күн батқаннан кейін батыс көкжиек тұсынан көрінеді. Кейін Жердің көлеңкесіне енген кезде біртіндеп көзден ғайып болады.

Оқи отырыңыз