Жаңалықтар

«Қарапайым адамдар үшін». Депутат электромобильдерге қандай басымдық берілетінін айтты

«Қарапайым адамдар үшін». Депутат электромобильдерге қандай басымдық берілетінін айтты
Фото: parlam.kz 17.01.2024 12:19 639

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев арнайы белгісі бар тұрақтарда электромобильді қою тегін болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, 2023 жылдың басында Қазақстанға 800-дей электромобиль көліктері кірген.

Бүгінгі таңда оның саны 9 мыңға жетті. Яғни 9-10 есеге өсіп кетті. Бұл заңды қабылдап, өндіріске енгізіп жатқан себебіміз - келген автокөліктерге инфрақұрылым дайындау. Оларды зарядтайтын станцияларды орналастыру. Бірнеше заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Болашақтағы қалааралық жолдардың барлығына электромобильдерді зарядтайтын электр станцияларына жер беріледі. Екіншіден, оған қуаттағыш электр энергиясы беріледі. Сонымен қатар үлкен паркингтерде, сауда орындарында, вокзалдарда, такси тұратын орындарда, әуежайларда орналастырамыз, - деді депутат мәжіліс кулуарында.

Самат Мұсабаевтың сөзінше, электромобильдер өте аз мөлшерде электр энергиясының қуатымен зарядталады.

Әлемнен қалмауымыз керек. Бұл - біздің экология. Алматы, Астанадағы іштен жанатын отын көліктерінен құтылуымыз керек. Біз осы электромобильге көшкеніміз жөн. Электромобильдерден шығарындылар нөл, - деді ол.

Депутаттың сөзінше, коммуналдық тұрақтарда және бизнестің тұрақтарында заңмен бекітіліп, арнайы белгісі бар тұрақтарда электромобильді қою тегін болады. 

Барлығы қарапайым адамдарға арналып жатыр. Электромобиль бағасы қолжетімді. Оған анализ жасамағандықтан, бағаларын білмеймін. Шарықтап тұрған баға жоқ. Қытай электромобильдері арзан. Көлеміне байланысты 7-8 млн, 11 млн теңге, - деді мәжілісмен.

Мәжіліс депутаттары Қазақстанда экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мақсатындағы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға