Жаңалықтар

Қарағандыда сапалы жолдың болмауынан халық зардап шегіп отыр

Қарағандыда сапалы жолдың болмауынан халық зардап шегіп отыр
Фото: t.me/mazhilis_kz 27.03.2024 15:00 445

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Қарағанды облысы «Жараспай - Құланөтпес» жолы халықты әбігерге салғанын айтып, шұғыл жөндеу жұмыстарын бастауды талап етті. Ол премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, мәселеге назар аударуды сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ежелден келе жатқан халқымыздың: «Жол мұраты жету» деген аталы сөзінің қадірін Қарағанды облысы Нұра ауданы Құланөтпес ауылының тұрғындары тәнімен де, жанымен де толығымен сезінді. Ауылды аудан және облыс орталығымен байланыстыратын жалғыз жолдың мүлдем сын көтермейтін жағдайда деген тұрғындардың жан айқайын төрт шақырылым бойы Мәжіліс депутаттары қайта-қайта көтеріп халықты үміттендіріп келеді. Тек кейінгі бес жылдың ішінде 3 облыс әкімі 4 салалық министр  ауысып үлгерді, ал халықты қажытқан жол еш өзгеріссіз, Абай атамыздың: «Баяғы жартас бір жартас!» деген қалпында, - дейді депутат.

Аудандық маңызы бар, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған ұзындығы 21 шақырымды құрайтын «Жараспай - Құланөтпес» автомобиль жолы негізінен топырақ үйіндісінен көтеріліп, оған ұсақ қиыршық тас төселген грейдер жол, 4-техникалық санатқа жатады және жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінде.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жергілікті бюджетке бір де тиын төлемейтін ауыр салмақты көлік құралдары онсыз да жөндеу көрмеген жалғыз жолды одан әрі қирата берді. Бүгінде бұл жол – апаттық жағдайда. Осының салдарынан ауыл тұрғындарының аудан және облыс орталықтарына қатынауы қиындап, оларға жету үшін көлік жүргізушілері осы грейдер жолдан түсіп, оны қатарлас дала жолмен айналып өтуге мәжбүр болады. Бұл жағдай өз кезегінде онсыз да тозығы жеткен автокөліктердің істен шығуына және қосымша шығындарға әкеліп соғуда. Қатарлас дала жолмен жүру мүмкіндігі тек жаз айларында ғана. Сонымен осы күретамыр жол арқылы қатынайды. Көлiк ағынының тәулiктiк қарқындылығы өте жоғары. Орта есеппен Құланөтпес ауылы арқылы 60-70 әр түрлі автокөлік өтетін, - дейді ол.

Осы жолмен облыс орталығынан жолаушылар тасымалдайтын автобус та, аудан мен облыс орталықтарына жеткізілетін науқас адамдар мен жүкті әйелдер де, оқушы балалар да тасымалданады.

Оның үстіне стационарлық аурухана аудан орталығында болғандықтан, сапалы және уақтылы медициналық көмек алу мәселесі осы жолға тіреліп тұр. Сонымен қатар, сапалы жолдың болмауынан көптеген жүкті әйелдер өз үйлерінде босануда. Бұл жолмен аудан басшылары мен әртүрлі мемлекеттік қызметкерлер де, құқық қорғау органдарының өкілдері де жүреді. Сонымен қатар, өрт сөндіру машинасының болмағандығынан, 78 шақырым жерде орналасқан аудан орталығынан келетін өрт сөндірушілер ауылдағы үй немесе қора-қопсы түк қалмай өртеніп кеткен соң жетеді. Ал бірнеше жыл бұрын өрт сөндірушілердің дер кезінде жете алмауынан, ауылдық орталық кеңсе талай құжаттармен қоса өртеніп кеткен болатын, - дейді Үнзила Шапақ.

Депутат Құланөтпес және Жараспай ауылдары арасындағы 21 шақырым жолға республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек дейді. Сонымен қоса, Құланөтпес пен Соналы ауылдары арасындағы 30 шақырымдық жолға аудандық жол мәртебесін беруді қарастыруды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға