Жаңалықтар

Қарағандыда қар құрсауында қалғандарды құтқаруға көмектескен автоеріктілер марапатталды

Қарағандыда қар құрсауында қалғандарды құтқаруға көмектескен автоеріктілер марапатталды
Фото: instagram.com/policeofkaraganda 04.01.2024 08:00 480

Қарағандының бас полицейі қар құрсауында қалып қойған тұрғындарды құтқаруға көмектескен автоеріктілерді марапаттады, деп хабарлайды El.kz.

2023 жылдың 29 желтоқсаны мен 2024 жылдың 2 қаңтары аралығында Қарағанды облысында ауа-райы күрт өзгеріп, ақтүтек боран басталғалы көлік ағынына шектеу қойылған болатын. Республикалық маңызы бар автожолдарға бекеттер қойылғаны белгілі.

Бес күн ішінде полиция қызметкерлерінің көмегімен жолда қалған 18 мың автокөлік жақын маңдағы елдімекендерге жеткізілді. Тек Астана қаласына қарай бағытта 4 мыңнан астам, яғни қоғамдық, жүк және жеңіл көліктер жиналып қалған еді. Олардың ішінде 7 мыңнан астам адам жолда қалып қойды. Оның 800-дей балалар.

Облыстық Полиция департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, мемлекеттік орган қызметкерлерімен бірлесіп тіртіп сақшылары 500 адамды, оның ішінде 80 баланы эвакуациялап, жылы орындарға жеткізген. Осындай жұмыстар кезінде полицияға көмек қолын созған автоеріктілер де өздерінің жол талғамайтын көліктерімен жолда қалғандарды құтқаруға көмектескен.

Өңірдің бас полицейі, полиция генерал-майоры Санжар Әділов автоеріктілерді полиция департаментіне шақырып, арнайы сый құрмет көрсетті.
«Жаңа жыл қарсаңында ауа райының күрт нашарлауынан жолдағы қозғалыс қиындап, бірнеше адам діттеген жеріне жете алмай қалды. Сол кезде біздің тәртіп сақшыларына автоеріктілер көмек қолын созып, өздерінің азаматтық борышын адал орындады. Сондықтан да мен бүгін оларды департаментке шақырып, менің бұйрығыммен марапаттағалы отырмын. Барша еріктілерге алғыс білдіремін. Қоғам тыныштығы жолында атқарып жатқан өлшеусіз еңбектеріңіз ешқашан еленбей қалмайды»,-деді Санжар Әділов.

Полиция департаменті бастығының бұйрығымен 3 азаматқа ҚР Ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағат табысталса, 7 адамға Полиция департаменті бастығының Алғыс хаты берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға